Сарыбай Сұлтанұлы 1971 жылы Мәскеу қаласындағы экономикалық-статистикалық институтты бітіргеннен кейін Қазақ КСР-нің статистика басқармасында экономист болып қызметке кіріседі. Тағдырдың жазуымен Алматыда досының үйлену тойында екі жастың арасында басталған алғашқы таныстық соңынан үлкен махаббатқа ұласады. Үмітай Қасқатайқызы Қарағанды мемлекеттік медициналық институтының санитарлық-гигиеналық факультетін бітіргеннен кейін 1975 жылы арадағы іңкәр сезімнің отын өшірмей екеуі Алматыда отау құрады. Соғыстан кейінгі қиын-қыстау шақта көпбалалы отбасында өсіп, бала кездерінен ата-аналарына қолғабыс жасап, қатарларынан ерте есейген екеуі отбасын құрудың тұрмыстық-әлеуметтік жауапкершілігіне еш мойымай, жаңа өмірлерін жарқын қадамдарға толтыра білді. Соңынан тағылымды отбасылық өмірлеріне одан әрі қуаныш сыйлаған Нұрбол, Нұрлан есімді ұлдары дүниеге келіп, сәулелі күндерін еселей түсті. Қашанда ер-азаматты қадыр тұтып үйренген Үмітай Қасқатайқызы 1985 жылы Сәкең КСРО Министрлер Кеңесі жанындағы Халық шаруашылығы академиясының тыңдаушысы болып, қайтадан Мәскеуге оқуға кеткенде де қос перзентін мәпелеп өсіріп, сол замандағы азық-түлік карточкалық жүйемен берілетін қиындықтарға қажымай, үйінің берекесін арттырып, ер-азаматының жолын тосып отырды. Оқуды үздік бітірген өмірлік серігінің жемісті еңбек етіп, қызмет сатысымен өрлеу жолында қашанда жан жары ретінде жағдай жасады. Сәкеңнің Қазақ КСР Орталық статистика басқармасы бастығының орынбасары, кейіннен 1991 жылы Мемлекеттік мүлік жөніндегі комитеттің төрағасы, 1997 жылы – Қазақстан Президенті Әкімшілігінің басшысы және басқа да жоғары мемлекеттік қызметтерді атқарғанда Үмітай Қасқатайқызы тұлғаның аса маңызды елдік мәселелерді шешуде басқа отбасылық істерге алаңдамауына барынша мүмкіндік туғызды. Сарыбай Сұлтанұлы секілді адаммен қатар жүру, онымен тағдырласып өмір сүру, көмектесе отырып оның өміріне тірек бола білу әйел үшін бұл өмірдегі ең басты бақыт екенін жастарға үлгі етіп көрсетті. Ол өзінің естеліктерінде: «мен тұрмыстық тірліктермен ешқашан оның мазасын алған емеспін. Барлық мәселелерді бірге шешетінбіз. Сүйікті жұбайымның тарапынан әрдайым маған деген ізгі сезім мен ыстық ықыласты сезінуде болдым, ал өзім де оны аса нәзіктікпен жақсы көрдім», деді. Тіпті кенеттен ауырып жүрген кездерде 2012 жылды ағайын туыстармен қарсы алған кеште Сарыбай Сұлтанұлы айтқан сөздері есімізге түседі: «Осы жылды көруім бірінші Алланың арқасында, екінші Үмітжан сенің арқаңда, саған рақмет, жаным. Мен саған ризамын».
Өнегелі отбасы құрған екеуі асқаралы әке, аяулы ана ретінде перзенттерінің тәрбиелі, білімді, қайырымды азаматтар етіп қалыптастыруда барлық күш-жігерін салды. Көздерінің ағы мен қарасындай қос ұлы ержетіп, тұңғышы Халық шаруашылығы академиясын бітіріп, оқуын Ұлыбританияда жалғастырды. «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясында жауапты қызметтер атқарды, қазіргі таңда кәсіпкерлікпен айналысуда. Кіші ұлы Нұрлан Қазақ мемлекеттік заң академиясын бітіріп, қалалық прокуратурада, Астана қаласының Қаржы полициясында қызмет атқарды. Алланың жазуымен Нұрлан 2004 жылы дүние салды, бұл екеуінің өміріне ауыр қасірет әкелген-ді.
Уақыт өте келе, Нұрболдың ұлдары алтын асықтай Әлнұр мен Әлен, Авраам атты немерелері дүниеге келіп, көз қуаныштарына айналды.
Үмітай Қасқатайқызы үлкенге ізет, кішіге қызмет көрсете білер қасиетімен танылған дана жүректі адам. Қазаққа талай дүлдүл таланттарды тарту еткен Қарағанды облысы Ағадыр елді мекенінде өмірге келген ол кісі туған жер, ата-ана арқылы бойына сіңірген асыл қасиетін Жамбыл өңіріне келін боп түскенде көрсете білді. Ата-енесін өз әке-шешесіндей құрметтеп, ер-азаматының өзінен кейінгі бауырларына қамқорлық жасады. «Сәкеңнің әкесі – Сұлтан Өмірзақұлы фермада меңгеруші болып жұмыс істеді, 59 жасында дүниеден өтті. Анамыз – Дәмен апа үй шаруасында болды, 61 жасында қайтты. Бұл отбасында 7 бала болды, үлкені Сәкең еді. Ата-аналарымыз қайтыс болған соң, әрине кейінгі балаларға біз қамқорлық жасауға тиісті едік. Барлық інілері мен қарындастарын Сәкең аяқтарынан тік тұрғызды, олардың қайсыбірі – жоғары, қайсыбірі арнаулы орта білім алды. Қазір барлығының да өз отбасылары бар. Олар Алматы қаласында және Жамбыл облысында тұрып жатыр. 2009 жылы жалғыз бауыры Нарбайдың қайтыс болуы Сәкеңе өте қатты тиді: оның еңсесі түсіп кетті, бәлкім бұл жағдай да оның денсаулығына әсер еткен шығар. Сарыбай Сұлтанұлының сыртқы пішіні әкесінен аумайтұғын болса-дағы, анасын өте жақсы көретін. Ол кісі, шын мәнінде, өте мейірбан және қарапайым әйел затынан еді. Ол кісіден ешкім ешқашан жазғыратын қатты сөз естімепті, өзі де ешқашан арызданып көрген емес. Дәмен апаны ауылдастары да, туыстары да өте қатты сыйлайтын», дейді Үмітай Қасқатайқызы өткен күндерін еске алып.
Асыл жар, аяулы ана, ардақты әже болып отырған Үмітай Қасқатайқызы өзінің адами қасиетімен, асыл ниетімен, өмірлік тәжірибесімен баршамызға үлгі-өнеге көрсетіп келеді. Біз ол кісінің әрбір ісінен үлгі алып, жақсы қасиеттерін бойымызға сіңіруге ұмтылып келеміз. Бүгінде өзінің мерейлі белесіне шыққан дана жүректі ананы шын жүректен құттықтай отырып,
Кеңейтіп шаңырақтың
керегесін,
Аяулы жар бастаған
кемел көшін.
Сұңқарына мызғымас
махаббатпен,
Көрсетуде жас ұрпаққа
өнегесін.
Ана жүрек қалықтап қиясында,
Шаттықтың дәнін сепкен
ұясына.
Ұйыстырды ел-жұртты,
ағайынды,
Қолдасын ұлылардың киесі алда, деген өлең жолдарымен сөзімізді аяқтағымыз келеді.
Зәмзәгүл ЖИЕНАЛЫҚЫЗЫ