ҚАЛА МЕКТЕБІНІҢ ХӘЛІ
Жалпы қала мектептерінің өзін бірнеше топқа бөліп қарастыруға болады. Яғни, кез келген білім шаңырағына қатысты сөз қозғағанда оның материалдық-техникалық базасы мен мұғалімдер құрамының біліктілігіне ғана емес, оқыту ерекшелігіне қатысты жағын да ескеруіміз керек. Әдетте, қала мектептерінің бұл тұрғыдағы мүмкіндігі мол. Бұл ортадағы бәсеке де айқын болатыны анық. Сондықтан да қала балаларының таңдау құқығы жоғары. Ал осы бәсекеге қабілетті білім ордаларының арасынан топжарып, білім сапасының ең биік шыңына қол жеткізу тіптен қиын. Дәл осы жерден мектеп ұжымының кәсіби біліктілігіне деген талғам артып, үнемі көшбасшы болуға деген талап та ұлғая бермек. Мысалға, Талдықорған қаласындағы Мұхтар Арын атындағы №24 «Экономика және бизнес» арнаулы лицейі осы талапқа толық сай келетін білім ордасы.
Оқушыларға 3 тілде білім беретін лицей қаладағы ғана емес, облыстағы үздік оқу орны. Басқаны былай қойғанда, өткен оқу жылының қортындысы бойынша ғана қол жеткізген мектеп табысы орасан. Осы лицейдің былтырғы түлектерінің барлығы бірдей мемлекеттік грант игері болыпты. Яғни, 2017-2018 оқу жылында 5 оқушы «Алтын белгіге», 8 шәкірт «Үздік аттестатқа» ие болып, бітіруші 27 оқушы түгелдей мемлекеттік білім грантын жеңіп алды. Ұлттық бірыңғай тестілеу қорытындысы бойынша да оқушылар өз білімін айқын дәлелдеп, орташа есепке шаққанда 124 балл жинады.
«Сіздің мектептің үнемі жетістікке жетуінің сыры неде?». Біздің аяқасты қойған сұрағымызға Мұхтар Арын атындағы №24 «Экономика және бизнес» арнаулы лицейінің директоры Мария Ғалиева ханым ойланып барып жауап берді.
- Негізінен, мектептегі білім сапасы мен оқу үлгерімінің жоғары болуы қатал тәртіп пен орынды талаптың нәтижесінде келетін үлкен еңбектің нәтижесі. Ұжымдағы ауыз бірлік пен кәсіпке деген сүйспеншілік, ұрпақ алдындағы жауапкершілік пен ізденімпаздық тізе қосқан жерде жетістік те ілесіп жүрмек. Бұл екі талап біздің мектепке тән нәрсе. Әрине, арнаулы лицей болғандықтан біздің оқыту жүйемізді басқа мектептермен салыстыруға болмайды. Оқу бағдарламасындағы ерекшелік, қаржыландыру бағытындағы жүйелілік те білім сапасына әсер етеді. Мен ұжымдағы жас әріптестерді жұмысқа қабылдаған кезде «Қатардағы көп мұғалімнің бірі болып айлық алып жүре беруді ойласаңыз, осы арадан кері қайтыңыз» деп айтамын. Біздің міндетіміз – есептің шығару жолын үйретіп қана қоймай, оның жауабына жету үшін үлкен ізденіс керектігін балаға ұғындыру. Жалпы кез келген мектептің маңдайшасына «Оқушыға мотивация беру үшін ұстаздың өзі новатор болуы тиіс!» деп жазып қою керек, - дейді Мария Бейсетбайқызы.
Өзі де ұзақ жылдар бойына ұстазды қеткен лицей басшысы білім үдерісінде табысты болудың жолын үш жақты қарастырады. Бұл жерде ұстаз – оқушы – ата-ана бірлігі туралы айтып отырмыз. Ұстаздан жаңашылдық, оқушыдан құштарлық, ата-анадан сүйіспеншілік болған жерде тәлім мен тәрбиенің өзегі қалыптасып, «тізбекті реакция» арқылы мектеп жұмысы да жеңілдейтіні анық.
- Біздің мектепке қала бойынша, жақын аудандардан кілең оқу үздіктері сынақ арқылы қабылданады. Оқушыларымыздың барлығы сүт бетіндегі қаймақ сияқты. Жәй мектептер үшін бұл қызыға қарайтын жағдай болғанымен, біз үшін өте жоғары жауапкершілік. «Данышпан балалық шағынан данышпан болып қалыптасады» дегендей, білім деңгейі жоғары оқушыға біздің ұстаздардың беретін сабағының сапасы қаншалықты екенін бағамдап көріңіз енді. Осы жерде ата-анамен жұмысты келісім-шарт арқылы реттеп отырамыз. Яғни, ата-ана баласының алаңсыз оқуы үшін барлық жағдай жасауға міндетті. Оның ішінде баланың түрлі деңгейдегі олимпиадаларға, жарыстарға қатысуына шектеу қоймау жөнінде алдымен ескертеміз. Түсіністігіміз жоғары. Оқушыларымыз мектептің де, ана-ананың да сенімін үнемі ақтап келеді, - деді бұл жайында лицей директоры.
Мәселен, өткен жыл соңында Теміртау қаласында жаратылыстану-математика пәндері бойынша X Президент олимпиадасы өткен болатын. Дәстүрлі білім сайысында Мұхтар Арын атындағы №24 «Экономика және бизнес» арнаулы лицейінің 11 сынып оқушысы Сұңқар Нүсіп абсалютті жеңімпаз болып, байқаудың бас жүлдесі мен алтын медальді жеңіп алды. Сол жерде Сұңқарға еліміздің маңдайалды жоғары оқу орындары грант ұсынды. Озық мектептен озат оқушының шығатынына нақты дәлел осы болса керек. Жалпы, лицей ұжымының еңбегін оқушылары білім бәсекелерінде жүлде алып ақтап жүрсе, жергілікті билік тарапынан да озық оқу орынына лайықты көңіл бөлініп келді. Осы өткен оқу жылының қортындысы бойынша Талдықорған қаласындағы Мұхтар Арын атындағы №24 «Экономика және бизнес» арнаулы лицейі «Орта білім беретін үздік ұйым» атағын жеңіп алды. Облыс әкімі тарапынан 22 627 000 теңге қаржылай қолдауға ие болды. Бұл қаржы мектеп базасын жетілдіруге бағытталды.
АУЫЛ МЕКТЕБІНІҢ МӘСЕЛЕСІ
Алматы облысы, Іле ауданының Көкқайнар ауылындағы №44 орта мектеп 2017 жылы пайдалануға берілген заманауи білім шаңырағы. Мұндағы сабақ барысы қос тілді, оқушылар қазақша, орысша оқиды. Негізінен 600 оқушыға арналып салынған мектепте бүгінде мектепалды даярлық тобымен қосқанда 90 кешенді сынып, яғни 2100 оқушы білім алып отыр екен. Аймақтағы оқушы санының көп болуынан мектеп ұжымы сабақты 3 ауысымда жүргізуге мәжбүр.Осы мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Ақылбек Солтанқұлов 22 жыл еңбегін ұстаздыққа арнап келе жатыр екен. Қатардағы мұғалімнен басталған жол басшылыққа дейін жалғасқан.
- Біздің № 44 орта мектепте 157 мұғалім қызмет атқарады. Ұжымда білімді де білікті, тәжірибелі мұғалімдер жинақталған деп айтуға болады. Жас мамандарымызға тәлімгерлер бекітіліп, үйретуде. Жаңартылған оқу бағдарламасын оқып-үйрену мақсатында мұғалімдеріміз оқу-семинарларға белсене қатысып, білім жетілдіру курстарынан өтті. Мектептің ашылғанына 1 жарым жыл ғана болса да, оқушыларымыз бен ұстаздарымыз көптеген жетістіктерге жетті. Аудандық олимпиадаларға, «Зерде», КҒА, «Дарын» ғылыми жобалар байқауларында жүлделі орындарға ие болып жүр, - дейді Ақылбек Солтанқұлов.
«Осы ауыл мектебіндегі білім сапасына қатысты сын жиі айтылады. Мұның негізі бар ма?» деп сұрадық ұстаздан.
- Барлығы үшін жауап беру қиындау болар. Жалпы, біз сияқты үлкен қалаға жақын орналасқан ауыл мектептеріндегі білім сапасы өте жоғары деп айту жалған болар еді. Бұл жерде бірнше фактор әсері бар. Мысалы, біздің ауыл маңына саяжайлар шоғырланғандықтан бала саны өте көп, мектептер 3 ауысымда оқиды. Әрі саяжай тұрғындарының балаларын мектепке тасымалдап оқытамыз. Бірінші себеп осыдан шығады. Кейде бала таситын автобустар бұзылып, оқушылардың сабаққа дәл уақытында келуіне кедергі болады. Автобустың мүлдем жүрмей қалатын кездері де бар. Мұндайда оқушылар мектепке дейін такси тосып немесе жаяулап, кешігіп келеді. Ал сабақтан жиі қалатын, үнемі кешігетін оқушының білім сапасы төмен болатыны заңды. Екіншіден, ауыл мектептерінде, әсіресе, қала маңындағы ауыл мектептерінде маман тапшылығы бар. Орыс тілі, ағылшын тілі пәндері мектепалды даярлық топтарынан бастап оқытылатындықтан және оқушылар 1 сыныптан бастап жеке топқа бөлініп отыратындықтан сағат саны өте көп. Бірақ, сағат көп болғанмен маман жоқ. Сонымен қатар, орыс сыныптарында сабақ беретін мұғалімдер де саны жоқтың қасы. Басқа мектептерден келіп жұмыс атқарады. Осындай кедергілер болып тұрғанда ауыл мектептерінде білім сапасының 60 пайыздан жоғарылауы мүмкін емес, - дейді мектеп директорының орынбасары.
Ақылбек мұғалімнің айтуынша, мектептің материалдық техникалық жағдайы да білім сапасына тікелей әсер етеді.
- Қазіргі кезде көптеген мектептер салынып, пайдалануға берілуде. Алайда, физика, химия, биология пәндерінен зертханалық жұмыс жүргізетін жабдықтар мектеп ашылған жылы берілмейді. Оқушыларға зертханалық жұмыс жүргізетін жабдықтар жоқ болғандықтан ауызша айтылады. Интернеттен көрсетеді. Ал оқушы өзі көзімен көріп, қолымен зертханалық жұмыс жасамаса, есінде қалмайды. Немесе кітапханада әдеби оқулықтар қоры мүлде жоқ болып шығады. Кітапханаға да әдеби кітаптар қорын ата-аналар мен мұғалімдердің күшімен жинақтап қояды. Сонымен қатар интернет жүйесінің де қалыпты жұмыс жасамауы білім сапасына кері әсерін тигізеді, - дейді ол.
Бірақ, білім саласындағы шешімін күттірген мәселелерді айтқан кезде тұтас мұғалімдердің қызметіне қатысты біржақты көзбен қарауға болмайды. Көп жағдайда ұстаздың жанкештілігінің арқасында білім мен тәрбие беру ісінің алға басып келе жатқанын мойындауымыз керек.
- «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» дейді дана халқымыз. Бүгінгі таңда мұғалімдерді аттестаттау кезіндегі ұстаз жетістігі оқушының білім деңгейімен сараланады. Сабақ беретін сыныптарындағы оқушылардың білім сапасы, оқушылардың аудандық, облыстық, республикалық пән олимпиадасына қатысуы, қашықтықтағы түрлі олимпиадаларға қатысып, жүлдегер атануы мұғалім біліктілігінің жоғары екендігінің айқын дәлелі. Білікті оқушыдан ғана білімді оқушы тәрбиеленеді, - дейді біздің оймызды құптаған мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Ақылбек Солтанқұлов.
Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,
«Egemen Qazaqstan»
Алматы облысы