Нұрлан ДУЛАТБЕКОВ,
Парламент Мәжілісінің депутаты:
– Қазақ руханиятының қара шаңырағы, ел басылымы «Егеменде» мұғалім мәртебесіне қатысты заң жобасының талқылауы өткеніне қуаныштымын. Осы саладағы мамандармен ой бөлісуге шақырғандарыңызға алғысымды білдіремін. Осылайша, бұл заң жобасы республикаға таралып, халықтың да талқылауына түспек.
Қазақстан Республикасының Парламенті заң жобасын асыға күтіп жүр. Елбасы соңғы Жолдауында Парламентке, әсіресе ондағы педагогикалық тәжірибесі бар депутаттарға мұғалім мәртебесіне қатысты ұсыныстарды, кемшіліктерді қарастыру тапсырмасын берген. Заң жобасындағы мәселеге қатысты пікірі бар азаматтарымыздың ой қосарына сенімдіміз. Біз үшін халық пікірі, ұсыныстары қашанда жоғары.
Бұл заң жобасының ерекшелігі – осы салада еңбек еткен ұлағатты ұстаздардың автор болуы. Сонымен қатар мыңдаған халықтың ой бөлісіп, ұсыныстарын білдіруі де депутаттық тәжірибемізде алғашқы жағдай болып отыр.
Заңның өміршең болуы мамандар ойының бір жерден шығуына байланысты. Қоғамдық отырыстан кейін халық арасында заң қабылданып қойғандай қауесеттер тарап кетті. Сондықтан бұқараға Заңның қабылданбағанын, әлі де талқылау мен қосымшалар енгізу үстінде екенін түсіндіруіміз керек.
Яғни, бұл – жоба, әлі заңдық күшіне енбеді.
Әрбір пікір, әрбір ой депутаттар үшін маңызды. Жақсы пікірдің барлығын қабылдағымыз келеді. Осы орайда кәсіби заңгер ретінде әр норманың декларативті және объективті орындалуы болатынын айтып өткім келеді. Сондықтан заңның орындалуы үшін декларативті өзгерістер ұйымдастыруға тырысуымыз керек. Бұл заңды пайдаланушы адам ретінде ІІ тараудың «Педагог мәртебесінің мазмұны» атты 3-бабына назар аударсақ, бап атауындағы педагог мәртебесінің мазмұнын көріп тұрғаным жоқ. Яғни, бұл жерде «педагогтің мәртебесі ерекше» сынды декларативті түрде сипаттама береді. Меніңше, бұл жерде педагог мәртебесінің анықтамасы болуы тиіс. «Педагог мәртебесі – Қазақстан Республикасының заңнамасымен белгіленген құқықтар мен бостандықтардың, олардың еңбек құқықтарының, әлеуметтік кепілдіктер мен өтемақылардың, шектеулер мен жауапкершіліктердің жиынтығы» деп мазмұнын ашып алсақ әрі қарай даму болады.
Ал ІІІ тараудың «Педагогтің кәсіптік қызметтегі академиялық бостандықтары мен құқықтары» деп аталатын 12-бабында көрсетілген мүмкіндіктер арасында жас мамандарға қатысты мәселелер жоқ.
Педагогтер мәртебесін қарастырған кезде Астана, Алматы сияқты үлкен қалалардың төңірегінде қалмауымыз керек. Біздің заңда шалғайдағы төрт, сегіз жылдық мектептердің мүддесі қарастырылмаған. Ауылдағы мектептерде мұғалім аз, ал оларды біліктілігін арттыру курстарына жіберу үшін мектепті жабуға тура келіп жатады. Осы сынды мәселелер заңның орындалмауына, механизмнің бұзылуына алып келеді.
Педагог – болашақ президенттің, ғарышкердің, мемлекетіміздің кез келген азаматының өмір жолына жолдама беретін тұлға. Сондықтан бұл заң – керемет заң. Қабылданғалы жатқан заңның саяси, әлеуметтік мәні үлкен. Бұның жақсы болып шығуы, халыққа қызмет етуі қоғамның өсуіне септігін тигізеді. Біз қолдаймыз, барлық күш-жігерімізді салып жұмыс істейміз.
Сонымен қатар көпжылдық өтілі бар, орта жастан асқан педагогтарға біліктілік санатын беру үшін міндетті тестілеуден өткізу туралы әлі де ойласқанымыз жөн. Бұның өзі педагогтің мәртебесіне әсер етуі мүмкін. Біз шетелдердің мұғалім мәртебесіне қатысты заңдарын қарадық. Жас ерекшеліктерін ескермей барлық мұғалімді тек біліктілік санаты бойынша теңестіру меніңше дұрыс емес. Жас маманды қорғап, қолдаймыз да, ал көп жыл қызмет еткен мұғалімдерді бір деңгейде қалдыруымыз қателік. Олардың жетістіктерін, еңбегін елеуіміз керек. Оларды тест тапсыруға мәжбүрлесек, олардың қандай мәртебесі қалады?!.
Бағым ӘБУБӘКІРҚЫЗЫ,
Білім және ғылым министрлігінің Мектепке дейінгі және орта білім департаментінің басқарма басшысы:
– Білім және ғылым министрлігінде Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша педагогтар мен қоғам үшін маңызы зор «Педагог мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы заңының жобасын (Негізгі Заң) әзірлеу барысында жүйелі де, ауқымды жұмыс жүргізілуде. Сондай-ақ осы Негізгі Заң жобасына енгізілген нормалар бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне педагог мәртебесі, мұғалім мен оқушыға жүктемені төмендету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізілген Ілеспе заң жобасы да әзірленуде. Негізгі және Ілеспе заң жобалары педагогтер үшін барлық игілікті қарастырып, жүктемені азайтуға, жөнсіз тексерістер мен міндеттен тыс функциялардан арашалауға мүмкіндік туғызатын құқықтық, әлеуметтік-экономикалық қатынастарды реттейді.
Ең алдымен министрлікте екі заң жобасының құрылымы мен мазмұнын анықтау мақсатында оның тұжырымдамаларын әзірлеу үшін құрамына мұғалім-практиктер, ғалымдар, заңгерлер, депутаттар, салалық кәсіподақ өкілдері қосылған жұмыс тобы құрылды. Жұмыс тобы халықаралық тәжірибелер мен зерттеулерді, ЮНЕСКО-ның «Педагогтің ережесі туралы» ұсынымдарын, «Мұғалім мәртебесі туралы» ТМД-ның моделдік заңын, басқа да отандық нормативтік-құқықтық құжаттарды зерделеп, соның негізінде екі заң жобасының тұжырымдамалары әзірленді. Тұжырымдамалар мазмұнын кең көлемде талқылау үшін министрліктің сайтында және «Білімді ел» газетінің беттерінде «Педагог мәртебесі туралы» заң жобасын талқылау» атты арнайы айдар ашылды, оған барлық өңір мұғалімдерінен 10 мыңнан аса ұсыныс түсті. Осы ұсыныстар ескеріле отырып, пысықталған заң жобаларының тұжырымдамалары министрліктің ресми сайтында және «Ашық нормативтік құқықтық актілер» порталында талқыланды. Сонымен қатар мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар, аккредиттелген бірлестіктер, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының келісімі болды. Сәйкесінше, 2018 жылғы 14 желтоқсанда Әділет министрлігінің заң жобалау қызметі мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссиясының (ВАК) 469-отырысында мақұлданған тұжырымдамалар негізінде Негізгі және Ілеспе заң жобалары әзірленді. Негізгі заң жобасының құрылымы 6 тарау, 21 баптан құралса, ілеспе заң жобасы 2 баптан тұрады, яғни бірнеше Кодекс пен Заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізілуде.
Осы Заң жобаларымен педагогтерді таныстыру, өз ойларын ортаға салып, ұсыныстарын енгізуге мүмкіндік беру мақсатында WhatsApp желісі арқылы 7 231 педагогикалық топқа жіберілді және өңірлермен онлайн режімінде, баспасөз конференцияларында, брифингтерде Парламент Мәжілісі депутаттарының қатысуымен талқыланды. Сондай-ақ министрлік қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподақ өкілдерімен бірлесіп, барлық өңірлерде заң жобаларын педагогикалық қауымдастықпен талқылау жұмыстарын өткізуде.
Бүгінде «Педагог мәртебесі туралы» заң жобасы бойынша педагогтің материалдық жағдайын қамтамасыз етуге мемлекеттік бюджеттен бөлінетін шығыстардың есептері, қаржылық-экономикалық негіздемелері әзірленіп, мүдделі мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардан келісім алынуда. Ұстаз мерейін өсіру, оның мәртебесін жақсартуға бағытталған тарихи мүмкіндік – заң жобалары келісу нәтижесі бойынша және мүдделі органдардан ғылыми-құқықтық, ғылыми-экономикалық, ғылыми-лингвистикалық сараптамадан өткен соң, регламент талаптарына сәйкес Қазақстан Республикасы Үкіметінің қарауына енгізіледі.
Елбасының тапсырмасымен әзірленген «Педагог мәртебесі туралы» Заң жобасын талқылауға белсенділік танытып, дөңгелек үстел ұйымдастырғаны және айтылған құнды ұсыныстары үшін «Egemen Qazaqstan» газетінің ұжымына министрлік атынан алғыс айтуымыз керек.
Майра ТҰРҒАНҚЫЗЫ,
Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының төрайымы:
– Мұғалім мәртебесі – мемлекеттің мәртебесі. Кейбіреулер «Елбасы бұл жерде мұғалімнің мәртебесін көтеру, артық жұмыстан арылту туралы айтты, олардың еңбекақысын өсіру жөнінде айтылмады» дейді. Мәселе бұл жерде екеуінің тұспа-тұс келіп, бір-бірімен қабысып жатуында. Неліктен жас жігіттер мұғалім мамандығына келмейді деп айтып жатырмыз. Әлеуметтік желіде жер-жердегі мектептегі ұл балалардың төбелесіп жататын бейнелері белең алып кетті. Бұл білім ошақтарындағы ер мұғалімдердің азайғанын аңғартады. Ұлдар неге мектепке мұғалім болып бармайды? Себебі мектептің жалақысы аз. Азамат деген әлімсақтан әулеттің асыраушысы емес пе? Ол тұрмақ әйел азаматтарға да бұл айлық аздық етеді. Сондықтан мұғалімнің мәртебесін көтеруді олардың айлық жалақыларын өсіруден бастау керек. Заңда көрсетілген дүниелерді іске асыру қаражатқа келіп тіреледі. Ұстаздарға көше тазалатпау, міндетіне кірмейтін жұмыстарға жұмсаудан бөлек, олардың әлеуметтік әл-ауқатын көтеруді де баса назарға алған абзал. Егер мемлекетіміз осы іске барын салып жұмыла жұмыс істесе, болашағымызға құйылған инвестиция деп ойлаймын. Бұл ретте дәрігерлер де, мәдениет саласының қызметкерлері де біз кімнен кембіз, бізге де сондай жағдай жасалсын деп шығуы мүмкін. Біз аталған мамандық иелерінің ең бірінші ұстаздың алдынан тәлім алатынын ұмытпауымыз керек. Сол себепті заңның қаражатқа қатысты баптарын нақтылап шешпей, бұл заң декларация күйінде қалады.
Айта кететін тағы бір жайт, заң орындалуы үшін жергілікті атқарушы билік органдарында қаражат болуы керек. Қазіргі қолданыстағы заңда мұғалімдерді отын-сумен қамтамасыз ету, тегін медициналық сараптамадан өту деген мәселелер бар. Бірақ толық орындалмай жатыр. Неге? Себебі жергілікті атқарушы билік органдарында қаражат жетіспейді. Қазіргі заң жобасында да мұғалімнің тұрмысына қажетті әлеуметтік пакеттер қарастырылған. Бірақ оның да іске асуы ақшаға келіп тіреледі. Сондықтан осының барлығын жүзеге асыру үшін жергілікті атқарушы билік өкілдеріне мемлекеттен қосымша қаражат берілсе деген ұсыныс бар. Халық бұл жаңалықты үлкен қуанышпен қарсы алды, енді осы ойы жүзеге асып, тауы шағылмаса екен дейміз. Егер бұл жоба құжат күйінде қалса, елдің Үкіметке деген сенімсіздік сезімі өрши түсіп, қуанған көңілі су сепкендей күйге түсері анық. Қажетті қаражат бөлініп, тиісті көмек көрсетілсе, ер-азаматтар да мұғалім мамандығын таласа таңдайтын еді. Азаматтар жүрген жерде дау-жанжал болмай, тәртіп орнайтынына сенімдімін.
Сүлеймен МӘМЕТ,
«Egemen Qazaqstan» газетінің ардагері; журналист:
– Жақында ел арасында мұғалімді ата-ананың ұрғаны туралы оқиға талқыланды. Таяуда ғана ол мұғалімнің жұмыстан кеткені және оқушының ата-анасына 100 мың теңге көлемінде айыппұл төлейтінін естідік. Жұмыс орнынан мұғалім кеткеннен кейін оның беделін қалай көтереміз? Мұғалім сол жұмыс орнында қалуы тиіс еді. Шешімді шығарған сот органдары істі қайта қарап жатыр. Бізде заң жоқ емес, бар. Тек өз деңгейінде жүзеге аспайды. Мәселенің бәрі осыған келіп тіреледі. Білім туралы заңның ішінде мұғалім мәртебесі туралы айтылған. Енді тағы жеке заң қабылдау керек деп жатырмыз. Ертең сонда ата-ана, бала туралы заңдарды да қабылдау керек пе? Заңның орындалмайтын себебі неде? Бізде заңнан бұрын басшының сөзі жүріп тұр. Тиісінше басшыдан асып ешкім ешқайда бара алмайды.
Бүгінде министрлік пен әкімдіктің рөлі қандай? Иманғали Тасмағамбетов Білім және ғылым министрі болған уақытта орта білім туралы заңды «Egemen Qazagstan» газетіне жариялап, екі ай талдағанбыз. Бүкіл ел осы істі қолға алайық деп хат жазған болатын. И.Тасмағамбетов Атырау облысына әкім болып кеткен соң жоғарыда айтылған заң қабылданбады. Одан кейін Қырымбек Көшербаев министрлікке келгенде білім саласына қатысты бірқатар заң қабылданды. Ол туралы Қырымбек Көшербаев, Әділ Ахметов, Алма Әбілқасымова, Хорлан Рахымбек «Қазақстан Республикасында жоғары білімді дамыту стратегиясы» атты кітап шығарған. Одан кейін Білім және ғылым министрлігін Нұралы Бектұрғанов басқарған тұста 12 жылдық білім беру мәселесі көтерілді. 48 мектепке эксперимент жасалды. Экспериментке қатысты талқылауда мұғалімдер «Орта мектепке де, басқа мектепке де бір стандарт тән» екенін айтып, наразылықтарын білдірді. Министрлікке Шәмшә Беркімбаева келген тұста ауыл мектебі туралы заң қабылданды. Бұл заңда «мәселенің бәрін ауылдан бастайық» деген бастама көтерілді. «Egemen Qazaqstan» газетінде «Ұлттық мектептің ұлы мұраты» деген айдар ашып, бұл мәселенің бүге-шүгесіне дейін талқыладық. Бүгінгі заңды да осылай әр бап бойынша талқылауымыз керек.
Ең алдымен мұғалім мәртебесін айлығын көтеруден бастау керек шығар. Жуырда «Қарекет» бағдарламасында алты жыл бұрын ауылға барған, 28 мың теңге айлық алатын жас мұғалім кейіпкер болды. «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы аясында ауылға барған соң жергілікті билік мұғалімге 2 млн 700 мың теңге ақша берген. Ол бұл қаражатқа үй сатып алып, 15 жылда төлеп бітіруі керек. Қазіргі таңда мұғалімнің жалақысы небәрі – 80 мың теңге. Сондай-ақ аталған заңдағы 6-баптың 1-тармағында «Педагогтің ар-намысы мен қадір-қасиетін құрметтеуге құқы бар» деп жазылған. Оны кім құрметтейді? Өзін өзі құрметтей ме? «Педагогке ар-намысы мен қадір-қасиетін қорғауға кепілдік беріледі» делінген. Кепілдікті кім береді? Осыны беретін нақты адам бар ма? Сол сияқты 7-баптың 3-тармағында «Материалдық техникалық қамтамасыз етуді оқыту және тәрбиелеу құралдарымен жарақтандыруды ұйымдастыру білім беру ұйымына жүктеледі» делінген. Ал білім беру ұйымы қаржыны қайдан алады?
Тағы да 11-бапта «Өзінің кәсіптік қызметінде ұйымдастырушылық және материалдық-техникалық, оның ішінде оқыту және тәрбиелік құралдарын қамтамасыз ету» туралы жазылған. Демек, қаржыны кім төлейді деген сұрақтың туындауы заңдылық.
Одан бөлек «Мұғалімнің беделі жоқ? Барсақ үнсіз қалады» деп педагог мамандарды жазғырудан алға жан салмаймыз. Мұғалімдердің қарсы пікір айтуына да кері әсер ететін факторлар көп. Бүгінгі таңда мектеп директорларына қоңырау шалсаң, «Қолы бос емес, жиналысқа кетті» деген жауап естисің. Директор мұғалімдердің тұсауын байлап отырғаны жасырын емес. Мектептің директорын кім бекітеді? Мектептің директорын бекіткен кезде мұғалімдердің пікіріне құлақ асқан жөн. Директордың мектепті бес жыл басқаратыны туралы осы заңда көрсетілуі тиіс. Яғни, бес жылдан кейін қызмет орнын босатуы керек. Басшының мұғалім пікірімен санаспай сайлануы мұғалім беделінің түсуіне әсер етеді. Өйткені басшыны ұжым сайлай алмаған жерде ұжым мүшелерінің беделі болмайды.
Елдос БОЛАТХАНҰЛЫ,
Астана қаласы гуманитарлық колледжінің директоры, заңгер:
– Біз егер Педагог мәртебесін шынымен көтергіміз келсе, және педагогика саласындағы жағымсыз трендті тоқтатып, оны өсу траекториясына шығаруды қаласақ, мәселеге сыни тұрғыда қарауымыз қажет. Бұл да бізге берілген тарихи мүмкіндік екенін жұмыс тобының мүшесі ретінде түсіндік. Оның ішінде 60 шақты адам, директор, жоғары оқу орнының оқытушысы, колледж, Назарбаев зияткерлік мектептерінің мұғалімдері бар. Бәріміз жиналып, «Не істейміз?» деген сұрақ ортаға тасталғанда, шыны керек, алдымен «төбелесіп» алдық. Ақиқатын айтайық, қазір халықта құқықтық нигилизм деген бар. Заң қабылданады, бірақ ол орындалмайды. Осының алдын алу үшін нақты орындалатын, қолданылатын заң жобасын жасайық деген ниетпен бастадық. Біздің қоғамды көп адам, әсіресе үлкен кісілер сынайды, бірақ өзі ештеңе ұсынбайды. «Сынаңыз, сосын шешудің жолын ұсыныңыз, өзіңізді-өзіңіз бүркемеңіз», дейміз.
Білім туралы заңда мұғалімдерді қызметіне тән емес жұмыстарға тартуға болмайды деген тыйым бар. Ол неге орындалмайды? Сөйтсек тыйым бар, бірақ сол үшін жауапкершілік жоқ екен. Кез келген заңның әрбір нормасы іс-әрекеттік емес, оның біршамасы қызмет көрсетуші, сүйемелдеуші, яғни декларативті болып келеді. Мына заң жобасы 21 баптан тұрады. Тың нормалар қаншалықты барын бақылап көрдім, жартысынан астамында астын сызып қоятын тұстар бар. Сөзімді растау үшін келтіре кетейін, «Білім туралы» заңдағы олқылықтың орнын толтыру мақсатында тыйымға жауапкершіліктің болуын қарастырдық – 8-баптың 2-тармағы.
Заң – нормативтің, құқықтық актілердің иерархиясында тұрған жоғарғы нормативтік құжат. Оның ішінде барлық рецептерді жаза алмайсыз. Сондықтан екінші тармақта жауапкершілікті қарастырдық. Яғни, біз педагогті өзінің функциясынан тыс дүниелерге тартатын лауазым иелерін жауапкершілікке тартудың құқықтық тетігін беріп отырмыз. Болашақта, мысалы, директор да, министрлік өкілдері де мұндай қадамнан бірте-бірте бас тартатын болады. Бұл – бір. Енді осы заңды жұмыс істетуге нақты норма – 7-баптың 4-тармағы.
Мен гуманитарлық колледжге басшылыққа жыл аяқталып қалғанда келдім. Маған кітапханашы басылымдардың тізімін әкелді. Ішінде 66 басылым бар екен. Көбі оқылмайды. Арасында педагогтардың өзі мақаласы шыққанын ғана қолына алады. Әріптестермен ақылдаса отырып, тек керегін қалдырып, қалғанына жазылмайтын болдық. Міне, бұл да бір маңызды норма.
Тағы бірі – 11-баптың 6-тармағы. Осы баптың негізінде біз әкімшілік-құқық бұзушылықтар туралы кодексте мұғалімге қызметін жүргізуге бөгет жасағаны үшін жауапкершілікке тартуды қарастырып отырмыз. Әрине сот практикасы бұл норманың қаншалықты өміршең екенін, қандай құқықтық тетіктерімен қамтамасыз етілгенін көрсете жатар. Дегенмен, педагогіміз реттеліп, өзінің кәсіптік міндеттерінің аясын анық біліп, оған ешкімнің негізсіз араласуына мүмкіндік бермейді деген үміттеміз.
«Өзгеге сәулемді түсірем деп, өзім күйіп барам» деген сөз бар, шынында бұл ауыр, моральдық, эмоциялық тұрғыда адам өзін қатты шығындайтын жұмыс. Сондықтан мұғалімнің зейнеткерлікке мерзімінен бұрын шығуын гуманды деп есептедік. Бәлкім сол уақытқа дейін жинақталған зейнетақы қоры соншалықты қомақты болмауы мүмкін. Дегенмен, адамның мұндай құқықтық мүмкіндігінің болғаны да үлкен жетістік.
Заң жобасында бар болғаны 21 бап болса да, мектеп түлегінің ЖОО-ға келгеннен бастап оның үздіксіз кәсіби дамуында барлық жолды қамтиды. Мәселен, біз дарынды балаларды, соның ішінде алтын белгі иегерлерін, республикалық, халықаралық конкурс жеңімпаздарын оқу орны артықшылықпен қабылдауына мүмкіндігі бар деген норманы енгіздік. Қазақ ұлттық педагогикалық университеті қазірдің өзінде осындай үздік түлектерді тартып отыр екен. Ал Назарбаев Университеттің педагогикалық мамандықта оқитын студенттерінің шәкіртақысы көтеріңкі. Міне, осы жүйені барлығына енгізуге болады.
Педагогикалық саладағы оқу жылдарын еңбек өтіліне есептеу туралы норманы да енгіздік. Сонымен қатар педагогикалық қана емес, көршілес, соған ұқсас сала мамандары келсе де, қысқа мерзімді оқу арқылы педагогикада жұмыс істей алады. Мысалы, Израильде солай, бұрынғы ұшқыштар, геологтер, қысқасы, тәжірибесі мол, үйрететіні көп адамдарға мүмкіндік беру көзделген.
ЮНЕСКО-ның мұғалім мәртебесі жөнінде 1966 жылғы ұсынысы бар, онда: «Мемлекеттерге мынадай норманы қарастыру қажет: егер педагогтің басы дауға қалатын болса, оған байланысты дау, тергеудің барысы және ол жөніндегі қабылданған шешімді жариялауға рұқсатты тек педагогтің өзі беруі керек», делінген. Біз педагогтан рұқсат сұрамай, әлеуметтік желіге жариялай саламыз. Міне, бұл да бір шығынды қажет етпейтін, бірақ аса маңызды, мұғалімдерді құқықтық жағынан ерекше қорғайтын норма болар еді.
Аятжан АХМЕТЖАН,
Республикалық «QAZBILIM» орталығының директоры:
– 10 жылдан бері мұғаліммін. Білім саласына қатысты 90-нан аса мақала жаздым. Ең алдымен бұл заңға мектеп, білім бөлімі, департамент басшылары секілді әкімшілік лауазымды орындарға соңғы бес жылда үздіксіз білім саласында жұмыс істеген адамдар ғана тағайындалуы тиіс деген арнайы бап керек. Бұрынғы заңда көрсетілген «бес жыл жұмыс өтілі талап етіледі» деген бапты «соңғы бес жыл көлемінде» деп өзгерту қажет. Себебі білім бағдарламалары жылда түрленіп жатыр, 10-15 жыл бұрын білім саласында істегендер немесе бұл салада мүлде істемегендер мектепке директор болып келсе қайшылық, сапасыздық, жүйесіздік туады. Өйткені облыстық, аудандық білім бөлімінің басшысы болып, кейін сайлаудан өтпей қалған әкімдердің мектепке немесе білім бөліміне басшы болып жатқандарын көзбен көріп жүрміз.
Сондай-ақ аталған заңда қарастырылуы керек тағы бір жағдай, мұғалім мамандығына түсетін түлектерді ынталандыру жайы болса керек. Оларды мамандық таңдамай тұрып шабыттандыру тетіктерін жетілдірген дұрыс. Мысалы, қосымша гранттар тағайындап, жатақханамен қамту деген сияқты жобалар қолға алынса деген тілек бар. Сонда ғана үздік мамандар шығады. Айталық, біз ауыл квотасымен түсіреміз де, ауылға баруға міндеттейміз. Себебі ол студент ауыл квотасымен оқуға түскен. Сол сияқты «Мұғалім мамандығына оқыған түлектер мектепке барып қызмет істеуге міндетті. Өйткені мұғалімдікке байланысты бонус беріліп отыр. Әйтпесе бонусты үкіметке қайтар» деу керек. Біз артық бонустар бергенде ғана студентке жауапкершілік міндеттей аламыз. Алдағы уақытта педагогикалық мамандықтарға түскендерге артық бонус енгізілуі қажет деп есептеймін.
Сонымен қатар жаңадан қабылданатын заңға айтар келесі ұсыныс, аталған заңды бұзған жағдайдағы нормалар жайына терең мән берсек дейміз. Айталық егер осы заң жобасындағы талаптарды мектеп директоры бұзса қандай шара қолданылуы керек? Сәйкесінше ол заңды ата-ана бұзса, оқушы бұзса қандай шара қолданылады? Өйткені қазір әлеуметтік желіде мұғалімдердің этикасына сай келмейтін бейнелерді түсіріп, тарататын жағдайлар белең алып барады. Және ол бейнелерді көбінесе оқушы түсіріп жатыр. Түсірсін, бірақ белгілі бір заңды органдарға тапсырса дейміз. Мысалы, мұғалімнің абыройына нұқсан келетін бейнені әлеуметтік желіге бірден салып жіберіп, ел ішінде толқу тудырған балаға қандай шара қолданылады? Директор, мектеп әкімшілігіне, ата-анаға қандай норма қолданылады, барлығы осы заңда ашық көрсетілуі керек.
Келесі жайт, педагогті дайындау кейбір жоғары білім беретін жекеменшік ұйымдардан алынып тасталғаны абзал. Өткен жолы 11 мың студент оқитын бір университетке бардым. Үш күн жүргенімде 300 студенттен артық студент көрмедім. Сондай ұйымдар бар. Сосын аталған заңда «Педагог мәртебесіне ие тұлғалар» деген бап бар. Осыған кімдер жатады деген заңды сұрақ туады. Жоғары оқу орындары, мектеп, балабақша бар, олармен келісемін. Енді міндетті түрде жекеменшік ұйымдарды да ескеруіміз керек деп ойлаймын. Өйткені қазір жекеменшік мектептер көбейіп жатыр. Ертең ондағы мұғалімдердің құқығы тапталса, олар ресми білім беру ұйымы емес деп ескерусіз қалуы мүмкін. Сондай-ақ жекеменшік білім беру ұйымдарындағы ұстаздардың педагогтік еңбек өтілі жүре ме, жүрмей ме? Қысқаша айтқанда, мұғалім мәртебесі көтерілуі үшін ең бірінші – функция толық орындалуы керек. Егер функция толық орындалмаса мәртебе көтерілмейді. Заң жай құқықтық құжат ретінде қалады.
Айнұр ҚАУМЕНОВА,
Астана қаласы Білім беруді модернизациялау орталығы директорының орынбасары:
– Мұғалімдер жалақысының аздығынан «7 – 20 – 25» сияқты мемлекеттік бағдарламалар арқылы баспанаға қол жеткізу өте қиын. Астана қаласындағы мұғалімдердің бір мектептен екінші мектепке ауысуы жиі болып жатыр. Мұның себебін қарастырғанымызда, баспанасыз ұстаздардың жалдап отырған үйдің сатылуына, жалдау уақытының бітуіне, т.б. мәселелерге байланысты ауданды өзгертуге мәжбүр болуында екеніне көз жеткіздік. Сөйтіп басқа мектепке ауысуына тура келеді. Өткенде әкімдік ұстаздарға 1 миллион теңгеден үй алуға арналған сертификат берді. Алайда оның ішінде құжат өткізген 30-40 мұғалімнің ұзағанда екі-үшеуі ғана сол бағдарламамен үй алуға мүмкіндік алады. Сондықтан мемлекеттік бағдарламаларда ұстаздардың баспаналы болуына жеңілдіктер қарастырылуы керек деп ойлаймын. Аталған заңның 14-бабының 1-тармағының бірінші тармақшасында «Бастапқы жарнасыз жеңілдікті несие беру бойынша тұрғын үй сатып алуға, сондай-ақ қызметтік тұрғын үй және жатақхана алуға басым құқыққа ие» деп жазылған. Жоғарыдағы түйткілді түйіндер осы бап негізінде шешілсе деген тілектеміз.
Ернұр ОМАРХАНОВ,
Астана қаласындағы №76 мектеп-лицейі директорының орынбасары:
– Мұғалім мәртебесінің мәселесі жер дауынан да артық талқыланып жатыр. Өйткені елімізде 375 000 мұғалім болса, оның сыртында қаншама оқушы, ата-ана бар.
Егер жаңа заң қабылданса, кейбір нәрсені нақтылап алу керек. Бүгінгі заң жобасының төңірегінде көп талқыланып жатқан мәселе – мұғалімнің зейнеткерлік жасы. Әйел, еркектердің зейнеткерлік жасы нақты жазылса дейміз. Одан кейін зейнетке кеткен мұғалімдердің қайта жұмысқа оралуы туралы да нақты ережелер керек. Аз қамтылған мектептерде маман тапшылығына байланысты кейбір мұғалімдер жұмысына қайта келеді. Осы сынды мәселелер назарға ілінуі керек.
Сонымен қатар мемлекеттік қызметкерлердің өз емханалары, әскерилердің госпитальдары болғанындай, мұғалім мәртебесін өсіру үшін педагогтерге арналған бөлек емхана ашуды қолға алса деген ұсыныс бар. Бұл – мұғалім мәртебесінің өсуіне пайдалы. Қоғамның негізгі бөлігі – мұғалім болғандықтан, кезінде М.Әуезов «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» дегендей, «Ел боламын десең, мұғалімнің жағдайын түзе» дегім келеді.
Толқын БАТЫРБАЙҚЫЗЫ,
Астана қаласындағы №66 мектеп-лицейі директорының орынбасары:
– Салыстырмалы түрде қарастырсақ, мұғалімдердің жағдайы жақсарып келеді. Қанша жыл бұрын «үй аралайтын» мұғалімдер деген әңгіме болған. Өткен екі-үш жыл ішінде мұндай үрдістің жойылғаны анық. Бұрын оқу процесіндегі көрнекілік құралды әр мұғалім қалтасынан ақша шығарып жасататын. Бүгінде басшылық тарапынан талап етілетін апта сайынғы есеп те тоқтатылды. Ұстаздар қауымының оқушылардың таным-тәрбиесіне, білім сапасына аса мән беруіне жағдай жасалуда деп толық сеніммен айта аламыз.
Дайындағандар
Мирас АСАН,
Майгүл СҰЛТАН,
Рауан ҚАЙДАР,
Айдана ШОТБАЙҚЫЗЫ,
Светлана ҒАЛЫМЖАНҚЫЗЫ,
Ақмарал АҒЗАМҚЫЗЫ,
«Egemen Qazagstan»