Қазақстан • 29 Қаңтар, 2019

Түркістандағы төбелес: Балалар неге қатыгез?

1726 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Ішкі істер министрлігі Түркістан, Қызылорда, Қарағанды және Ақтөбе облыстарында орын алған жағдайларды талқылау, ұйымдастыру-тәжірибелік шараларды әзірлеу үшін Білім және ғылым министрлігіне ел Үкіметі жанындағы Жасөспірімдер істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі ведомствоаралық комиссиясының отырысын шұғыл шақыру туралы ұсыныс енгізді.

Түркістандағы төбелес: Балалар неге қатыгез?

Министрліктің дабыл қағатынындай-ақ бар. Соңғы кездері жасөспірімдер арасында орын алған әлімжеттік әлеуметтік желілер арқылы жиі таратыла бастады. Түркістан қаласында қатарластарына әлімжеттік жасаған оқушылардың әрекеті әлеуметтік желіде тарап, жұртты дүрліктірген оқиғаның «ыстығы» басылмай жатып-ақ Қызылорда қаласында мектеп дәретханасында болған оқушылар арасындағы бейнетаспаға түсірілген оқиға жария болды. Кейін олардың есімдері анықталып, балалар 5 жылға дейін бас бостандықтарынан айырылуы мүмкін екендігі хабарланды. Ақтөбе облысында да оқушылар арасындағы төбелес жиілеген. Шалқар қаласында жасөспірімдер мұз айдынында сөзге келісіп қалғаннан кейінгі оқиғадан соң, олардың бірі ауруханада көз жұмды. Оған дейін дарынды балаларға арналған мектеп-интернатта болған төбелестен кейін, бір оқушы пышақ жарақатын алған-ды. Қарағанды облысында пиццерияда орын бермегені үшін құрдастарын соққыға жыққан бірнеше жасөспірімнің есімі анықталды. Бүгінде әлеуметтік желілер арқылы мәлім болған мұндай оқиғалар жұртты алаңдатып отыр. Ал білім беру, құқық қорғау салаларының әрекеті өрт сөндірушілердің қимылын еске түсіретін сияқты. Мысалы Түркістандағы оқиғадан соң осы мәселеге байланысты жиын жиіледі. Түркістан қаласында кәмелеттік жасқа толмаған жасөспірімдер арасындағы қылмыс пен құқықбұзушылықтың алдын алу және білім саласындағы бірқатар өзекті мәселелер қозғалған мәжіліс өтті. Облыстық басқарма басшылары, аудан-қала әкімдерінің орынбасарлары мен білім бөлімінің басшылары, ішкі істер департаменті мен жергілікті полиция және прокуратура өкілдері қатысқан мәжілісте облыс әкімінің орынбасары Мәлік Отарбаев барлық жауапты орындарға арнайы тапсырмалар берді. Қылмысты болдырмау бағытындағы жұмыстар күшейтіліп, облыс әкімдігі тарапынан үнемі бақылауда болатынын жеткізді.

Облыстық білім басқармасының басшысы Исатай Сағындықов оқушылар тәрбиесіне ата-ананың жауапкершілігін күшейту, телеарналардан арнайы бағдарлама ашып, құқықбұзушылыққа қарсы түсіндірме жұмыстарын жүргізу сияқты ойларымен бөлісті. Түркістан облыстық полиция департаменті басшысының бірінші орынбасары Абай Жүсіпов тәртібі қиын балаларды қоғам болып, жақсы бағытқа бұруға атсалысу керектігін айтып, әлеуметтік желілер мен ақпарат құралдарында зорлық-зомбылықты көрсететін бейнематериалдар жүктеудің, кәмелеттік жасқа толмаған балалардың бет-жүзін рұқсатсыз жұртшылыққа таратудың да жауапкершілігі бар екенін ескертті. Осы мақсаттағы жиынды қала әкімдігі де өткізді. Түркістан қаласының әкімі Ә.Өсербаев жауаптыларды жазалау ғана емес, ең алдымен осы мәселеге тоқтау салу қажеттігін айтып өтті. «Осы оқиғадағы құқық бұзған және зардап шеккен баланы әрқайсымыз өз баламыздай сезінуіміз керек. Жүгенсіздікке жол берген оқушылар тәртібіне мектеп пен ата-ананың жауапкершілігі қатар жүреді. Сондықтан да балалардың тәрбиесін түзеп, тәртібін қолға алу бағытында жұмысты күшейту қажет», деді қала әкімі. Ал жергілікті полиция қызметінің бастығы, полиция майоры Б.Янкин әрбір баланың мектептегі жағдайын және бос уақытта қайда жүргендігін бақылауды күшейту мақсатында мүмкіндігінше GPS құрылғыларын орнатып, мобильді байланысқа қосуды ұсынды. Қазіргі таңда Түркістан қалалық полиция басқармасы, қалалық білім бөлімі Түркістан қаласының үш мектебінің 9-сынып оқушылары арасындағы құқықбұзушылық әрекеттер жасағанын анықтап, тергеу жұмыстарын жүргізуде.

Осындай жиындардан кейін, жоғарыда айтылған жұмыстар бұған дейін мүлде жүргізілмеген бе деген де ой келеді. Иә бүкіл бір министрлік, тиісті салалар дабыл қағатындай өзекті мәселе қызуы қатты өртті елестетеді. Оқушылар арасындағы оқиғалар зерттеліп, кінәлілер жауапқа тартылар, әлімжеттік жасағандар тиісті жазасын алатыны және анық. Осы «өрттің» алдын алуға болатын ба еді? Келеңсіз оқиғалардың орын алғанына кінәлі – бүгінде жиын өткізіп, дабыл қағып жатқан білім саласы мен құқық қорғаушылар ғана емес қоғам, оның шінде ата-аналар да дейтініңіз мәлім. Қателеспейсіз. Баланың ортамен, яғни үлкен-кішімен қарым-қатынасы, ұлттық салт-дәстүрімізді білуі, сақтауы жалпы тәрбиесіне қатысты мәселе «Egemen Qazaqstan» газетінде талай рет көтеріліп, құнды ой-пікірлер мен ұтымды ұсыныстар жарияланған да болатын. Өкініштісі тағылымды дүниелерді кейбір ата-аналардың қаперге алмауы, бала тәрбиесіне салғырт қарауы бүгінгідей олқылықтың орын алуына әкеліп отыр. "Адамзат баласы заңның емес, салт-дәстүрдің "құлы" болған кезде бақытты өмір басталады" депті бір ойшыл. «Ұлт дәстүрі – заңнан биік», деген екен белгілі қоғам қайраткері, заңгер Нағашыбай Шайкенов. Кешегі оқиғалардан кейін үлкенін ардақтаған, салт-дәстүрін сақтаған, текті ұлттың ұрпағы тым ұсақталып бара ма деген ой келеді. Қазақтың кез келген ұлттық әдет-ғұрпында кісілік, адамгершілік, мейірім бар. Ал бүгінгінің баласы әлі жеткеннің басынан теуіп, қатыгезденіп бара жатқаны өкінтеді. "Тыйым көрмеген баладан тексіз шығады. Тектеу адамды әдептілікке үйретеді". Міне, қазақтың төл тәрбиесінің озық үлгісі. "Ұят болады" мен "обал боладыны" баласының санасына тәй-тәй басқаннан, алғаш былдырлай бастағаннан сіңіріп келген қазақ бүгінде тыйым мен тектеуді ұмытты. Қазіргі бала жалтақ қоғамның жағымпаз адамдарынан қандай тәрбие көріп отыр? Көрсетер өнегеміз қайсы? Осының бәрі, айналып келгенде, ұлттық мінез-болмысымызды жоғалтып алғанымыздың кесірі. Дәстүрлі наным мен сенімге мойынұсынбаған соң, салт-дәстүрді сақтамаған соң көргенсіздікке бой алдырып, татулықты қатулықпен ірітіп жүрміз. Баяғы бауырмал көңіл, қазақы қайырымдылық жоқ. Қулық пен сұмдықтың құдығына сүйреген қуаяқ, сұмауыз болып барамыз. Өзекті өртеген осы ойлар көңілге тыным, жүрекке маза бермейді», дейді актер Бекжан Тұрыс «Egemen Qazaqstan» газеті бетінде ой бөлісіп.

Тектілік туралы еліміздің бас газетінде жарияланған танымды дүниелер мұғалімдер үшін, ата-аналар үшін де және солар арқылы санасына сіңірілетін жасөспірімдер үшін құнды. Кешегі келеңсіз оқиғалардың кейіпкерлері мен ата-анасы, тіпті мұғалімдері газет-журнал оқымайды-ау деген ой келеді осындайда. Қазақтың «алма сабағынан алыс түспейді», «түбіне қарай бұтағы, тегіне қарай ұрпағы», «тектен нәр алған тозбайды», «тұлпардың тұяғы, сұңқардың қияғы», «тегінде бар тектілік», «тектілік тұқым қуады», «текті жердің тұлпар ұлы», «тегі мықты», «тегі таза», «тегіне тартқан», «асылдың қиығы», «тектінің тұяғы», «жақсының көзі», «асылдың сынығы» деген нақыл сөздері тектіліктің мән-мағынасын аша түседі. Бабаларымыздан жеткен «өзі болған жігіттің – ата-тегін сұрама», «жаманнан жақсы туса – теңі болмас, жақсыдан жаман туса – емі болмас» деген пайымы да көп жәйтті аңғартады. Ендеше кешегідей оқиғаларға қатыгезденіп бара жатқан, әлімжеттікке бейім бала кінәлі ме, әлде... Кінәліні тауып, жазғыру емес, мақсатымыз ата-аналарға ой салу ғана еді.

Айтпақшы, әлеуметтік желілерде «сүйінші» сұрағандай болып, оқиғаны жарыса «бөлісіп» жатқандардың социология ғылымындағы "Вертер синдромын" ұмытпағанын, ескергенін қалайтындар көп. Психологтар бұл синдром бойынша, бір рет жасалған жауыздық актісі ақпарат құралдарынан кеңінен айтылып, жазылып, көрсетіле берсе, қаніпезер әрекет домино әдісімен елдің әр қиырынан қылаң беріп, ұласпалыға айналатынын айтады. Ал, әлі оң-солын таны­маған жасөспірімнің еліктегіш-солықта­ғыш ке­ле­тіні мәлім. Бұл орайда, өкінішке қарай, ғаламтор, оның ішінде кейбір сайттар жарияланымы – осы тектес теріс ықпалдар мен агрессия немесе қара­пайым жауапсыздыққа үйрететін жерге айналып отыр. Сондықтан психолог мамандар қатыгездікті көрсететін оқиғалар туралы ақпарат жариялауда жағдайды жан-жақты саралап барып шешім қабылдауға кеңес береді.

Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,

«Egemen Qazaqstan»

Түркістан облысы