БҰҰ деректері бойынша 2050 жылдарға қарай әлем тұрғындарының 70 процентке жуығы қалаларда шоғырланатындығын ескерсек, Алматы жұртшылығының саны да ұлғайып, 2035 жылдарда 3 миллионнан асады деген болжам айтылады.
Алматы қазіргі кезде цифрландыру бойынша көшбасшы орында тұрған қалалардың бірі деуге негіз бар. Бүгінде «Smart Almaty» аясында қырықтан астам жоба жолға қойылған. Цифрлы жүйенің қауіпсіздік, қоғамдық көлік, білім және денсаулық, басқа да салаларға дендеп енгізілуі зерттеуші мамандардың пікірі бойынша, экономикалық тиімділігімен қатар мемлекеттік органдардың жұмыс сапасын арттыру, сондай-ақ жемқорлықпен күресуге мүмкіндік береді. Қаланың бүгінде IT өнімдер өндірісіндегі үлесі 50 процентті құраса, электронды үкімет қызметінің үштен бірін, интернет сауданың 75 процентін құрайды. Ал қала тұрғындарының 80 проценттен астамы цифрлы сауаттылығын арттырған.
Қала тұрғындарына тұрғын жай қызметтерінің қолжетімдігін қамтамасыз ету мақсатында өткен жылдан бастап Алматы қаласы Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасы және «Алматы қаласын дамыту орталығы» бірлесіп «Тұрғындарға қолжетімді қызмет» − электронды пәтер иелері кооперативі жобасын жүзеге асыра бастады. «Тұрғындарға қолжетімді қызмет» жобасының жетекшісі Талант Басқынбаевтың айтуынша, аталған жоба Алматы қаласы тұрғындарының тұрғын үй қызметі сапасын арттыруды, басқару органдарының жұмыс сапасын жетілдіруді мақсат ететін «Smart Almaty» тұжырымдамасының негізінде қолданысқа ене бастады.
Электронды пәтер иелері кооперативі қала тұрғындарының өзі тұрып жатқан мекенжайдағы ахуалды тұрақты қадағалап отырады. Онлайн режімде коммуналдық шығындардың барысын, сондай-ақ барлық көрсеткіштердің ретін бақылау мүмкіндігі қарастырылған. Бұл әсіресе көппәтерлі үйлердің тұрғындары үшін өте қолайлы жүйе.
Кез келген алматылық «Open Almaty» порталы арқылы «Тұрғындарға қолжетімді қызмет» бөлімінде нақты бір мекенжайға қызмет көрсететін ПИК-тің жүйеге қосылғандығына көз жеткізе отырып, әрі қарай тіркелуге мүмкіндік алады. Тіркемеден өткеннен кейін мекенжайы көрсетіліп, Жеке кабинет қызметі ұсынылады.
Бүгінде жүйеге 623 ПИК, 5 386 тұрғын үй тіркелген. Жоба аясында пәтер иелері кооперативтеріне өз қызметін тиімді жүргізу міндеті жүктеліп отыр. Осы орайда әрбір ПИК қорды дұрыс пайдаланып, тұрғындарға көрсетілетін қызмет сапасын арттыруы тиіс. ПИК алдағы болатын жөндеу жұмыстары, тексеру барысы мен қорытындысы тұрғысында нақты ақпараттардың қолжетімдігін қамтамасыз етеді. Қарызы бар тұрғындардың арнайы базасын жасақтап, жалпы жиналыстар өткізеді. ПИК саласын цифрландыру өз кезегінде күнделікті жұмыстарды жеңілдетуге жасалған мол мүмкіндік. Ал қаладағы барлық тұрғын-жайларды цифрландыру жүйесіне қосу биыл толық жүзеге асатын болады.
Эльвира СЕРІКҚЫЗЫ,
«Egemen Qazaqstan»
АЛМАТЫ