Жарыстың ресми ашылу салтанаты Шымкент қаласында өтті. Дүбірлі додада еліміздің 11 өңірінен 90 спортшы шеберлік байқасты. Елордалықтар шорт-трек жарысында алғаш рет үздік нәтиже көрсетіп, республикалық жарыста жеңімпаз атанды.
Бірінші жарыс күнінің қорытындысы бойынша 1500 метр қашықтықта Санжар Жанисов «алтын» медальға қол созса, қыздар арасында осы дистанцияда Іңкәр Нұрланова Астана құрама командасының қоржынына күміс медаль салды.
Келесі күні 500 метр қашықтыққа конькимен жүгіруде спортшылар, сәйкесінше бірінші және үшінші орындарға ие болды. Ал эстафета финалында қыздар 4-орынға тұрақтаса, ұлдар басты сынға жолдама алды. «Шорт-тректен 1000 метр қашықтыққа жүгіруде ұлдар арасында Айбек Насен алтын, Санжар Жанисов күміс жүлдеге қол жеткізді. 1500 метрлік дистанцияда суперфиналда Санжар Жанисов пен Айбек Насен сәйкесінше, алтын және күміс медальды еншіледі» деп мәлімдеді Мәдениет және спорт басқармасында.
ІІІ Қазақстан Республикасының Қысқы жастар ойындарында сәтті өнер көрсеткен астаналық құрама команда жалпы командалық есепте бірінші орын алды. Алматы қаласы екінші, Қостанай облысының спортшылары үшінші орынға табан тіреді. Қазақстан Республикасының Қысқы жастар ойындары – төрт жылда бір рет өтетін кешенді жарыс.