30 Қаңтар, 2019

Бөрлінің волонтерлеріне бәрі риза

726 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысының Бөрлі ауданында 2018 жыл­дың ақпан айында «GOLD» волонтерлік корпусы құрылған еді. Алғашында Ақсай қаласындағы мектеп пен колледж оқушыларынан құрылған топтың бастамасы кейін бүкіл ауданға тарап кетті. 

Бөрлінің волонтерлеріне бәрі риза

Бастаманың басында Ақсай қаласының №1, 2, 4, 6, 7 мек­тепт­ерінің оқушылары және Ақсай техникалық колледжі­нің студенттері тұрған екен. Ұйым­ның атауын «GOLD» деп қойған да солар. Волонтер­лік корпус өз ішінен 4 бөлімге бөлін­ген. Жалғызілікті қарт­тарға көмектесу – жастар жос­пар­лаған жұмыстардың бір бағыты ғана.

– Жыл бойы біздің волонтерлер әр түрлі бағыттағы шара­­ларға белсене қатысты, – дейді Бөрлі аудандық жас­тар ресурстық орталығы Ақ­па­рат­тық-талдау бөлімінің қыз­меткері Айкөркем Қуатова.

Жалғызбасты қарт адам­дарға көмек, әсіресе, қыс кезін­де керек. «GOLD» волонтерлік корпусы құрыла салысымен іске кірісіп кетті. Оның үстіне дәл осы кездері Қазақстан бо­йынша «100 нақты көмек», об­лыста «Жәрдем» акциясы өт­ті. Бөрлінің «алтын» бала­лары 2018 жылдың ақпан, нау­рыз айларында осы акция­лар аясында 16 мәрте шара ұйым­дасып, үлкендердің алғысын алды. Өз бастамаларымен қазан мен қараша айларында «Үл­кен­ге құрмет» акциясын өткізіп, тағы 7 отбасына көмек көрсетті.

«Біздің жастар ресурс­тық орталығының әдіскерлері әр ауылда бар», дейді Айкөр­кем. Осы әдіскерлердің ұйым­дастыруымен шағын ауыл жас­тары да сауапты іске жұмыла кеткен. Сөйтіп, Бөрлі ауданына қарасты Ақсу, Өспен, Қарақұдық, Бумакөл ауылдарында да қамкөңіл жандарды қуантқан қамқорлық акциясы өтті. Ал қазір аудандағы барлық 13 ауылдық округте желілік жоспар құрылып, қарттарға көмектесу ауыл бел­сенділерінің әдеттегі шаруасына айналды. 

Айкөркемнің қойын дәп­терінде Ақсай қаласы бойынша жеке үйде тұратын мүгедек және жалғызбасты 20 адам­ның тізімі жазулы тұр. Аудан бойын­ша 12 соғыс ардагері де ерек­ше назарға алынған. Кімге қан­дай көмек керек, кімнің қандай мұқтажы бар – жастар жіті қадағалап отырады. 

– Елбасының Жастар жылының салтанатты ашылуында сөйлеген сөзін бәріміз тыңдадық. Соның ішінде волонтерлік қозғалыс туралы айтқанда, ерекше сезімде болдым. «Студенттер қауымы  – еріктілік пен қайырым­ды­лық­тың қуатты ресурсы. Бұл жас адамдардың еңбек нарығы­н­а жедел бейімделуіне және олардың әрі қарай өз жолын табуына септігін тигізеді. Мы­салы, халықаралық бағалау бо­йынша әлемнің ең ірі 300 компаниясы қызметкерлерінің үштен бірі апта сайын жұмыс уақытының 1 сағатына жуы­ғын волонтерлік қызметке жұм­сайды. Үкіметке волон­тер­лік қызметпен белсенді айналысатын ЖОО студент­терінің стипендиясын 30%-ке дейін көтеруді тапсырамын» дегенде, біздің былтырдан бері айналысып жүрген жұмысымыздың еленгеніне, мемлекеттік дәрежеде қолдау тапқанына ерекше қуандық, − дейді Айкөркем.

Әрине, бөрлілік ерікті жастарды аудан әкімдігі де барынша қолдап келеді. 2018 жылды қортындылаған «Жомарт жүрек» байқауында «GOLD» волонтерлік корпусының ерік­тісі Айнэлла Арманова «Үз­дік волонтер» атанса, осы топтың тағы бір мүшесі Ақнұр Қалила «Жыл үздігі-2018» жас­тар сый­лығына ие болды.

Қазіргі таңда Ақсай қала­сында 32 волонтер Жастар ре­сурстық орталығының жас мамандарымен бірлесе түрлі шараны ұйымдастырып жүр.

Биыл Батыс Қазақстанда қар қалың, боран көп. Жақын­да ғана ақсайлық еріктілер күрек-құралдарын алып, Совет көше­сіндегі №36 және №118 үйлердің ауласын қардан тазартып берді. 

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,

«Egemen Qazaqstan»

Батыс Қазақстан облысы