30 Қаңтар, 2019

Атқарылуы тиіс шаруа аз емес

472 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Болашақ – білімді жастардың қолында. Жастар жылының салтанаты ашылуы тәуелсіздік ұрпақтарының алдағы бағыт-бағдарына үлкен бір серпін бергендей. Жарқын болашаққа ұмтылған тәуелсіз еліміздің азаматтары үшін өткен тарихты білу, құрметтеу, насихаттау қасиетті борыш болып саналады. 

Атқарылуы тиіс шаруа аз емес

Жастарға қолдау білдіруді мемлекеттік маңызды міндеттердің бірі екендігін тұрақты назарға алып отыратын Мемлекет басшысының «Ұлы даланың жеті қыры» мақала­сындағы бағыттарды жүзеге асыруда жас ғалымдарға жүктелетін жауапкершілік жоғары. Президент мақаласында айтылғандай, тарихымызды білу арқылы біз өз түп-тамырымызды танимыз, өткен күн­дердегі күрмеуі қиын мәселелер­дің анық-қанығына көз жеткізе­­міз. Әсіресе, мақалада ежелгі дәуір­­ден қазіргі заманға дейінгі кезең­ді қамтитын барлық отандық және шетелдік мұрағаттар дүниесіне елеу­лі іргелі зерттеулер жүргізу үшін «Архив – 2025» жеті жылдық бағ­дар­ламасын жасау туралы айтылғаны белгілі. Осы бағытта алдағы уақыт­та Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты ғалымдары мұ­ра­ғат қорларымен байланысын ны­ғай­тып, қазақ тарихына қатыс­ты құнды дүниелерді сақтап қалу жөнінде бірқатар шараларды жүзеге асыратын болады. 

Мұрағат ісін дамыту, зерттеу жас ғалымдар үшін берілген мол мүмкіндік дер едім. Бүгінде елі­міздің, сондай-ақ шетелдердің жоғары оқу орындарында білім алған жастар арасында бірнеше тілді меңгергендердің басым көпшілігі жас ғалымдар. Жаңа технологиядағы жетістіктердегі жастардың үлесі қуантады. Осы тұрғыдан алғанда ата-баба­ларымыз тарихының, мәде­ниеті мен әдебиетінің мол қоры сақ­талған мұрағаттарды ашу мәселе­сіне жастарды жұмылдыру, олар­дың ғылымдағы әлеуетін пайдалану­ды уақыт талап етіп отыр. Отан­дық ғылымның алдыңғы буын өкіл­­­­дерінен тәлім алған, заманның жа­ңа­­лықтарын меңгерген жастар ел болашағының драйвері. Бүгін­де қоғамдық қатынастардың дамуы ақпараттық ресурстарға деген сұраныстарды арттырып отыр­ған­дықтан, технологиялар тілін, шетел тілін меңгерген ғалымдар ғасырлар қойнауында бұғып жатқан құнды деректерді жарыққа алып шығуға дайын.

Мұрағат құжаттары негізінде жазылатын тарихи зерттеулерді насихаттау, оны жоғары оқу орын­дарында, орта мектеп бағдар­лама­ларында пайдалану, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы насихаттау, әлеуметтік желілерде ел тарихына қатысты тың жобаларды ұйымдастыру жастар қауымы­ның туған ел тарихына құрметпен қа­рап, алдағы уақытта ғылымға деген көз­қарасына зор ықпал ететіні сөзсіз. Алда мұрағат қорларындағы тарихи құжаттармен таныстыру мақсатында арнайы экскурсиялар, көшпелі көрмелер ұйымдастыру, ғылыми институттар жұмысымен таныстырып, саналы ғұмырын ғы­лымға арнаған ғалымдармен кез­десулер өткізу, жоғары оқу орын­­дары, колледждер мен мектеп оқу­шыларына арналған шағын та­ным­дық кітапшалар шығару, теледидардан, радиодан арнайы хабарлар жүргізу міндеті тұр. Сонымен қатар мұрағат құжаттарының ғалым­дарға қолжетімді болуы үшін қор­дағы бар материалдар негізінде библио­графиялық көрсеткіштердің электронды нұсқаларын жасау да уақыт талабынан туындайды.

Болашақта әрбір тарихи деректің қадірін біліп, оны әлемдік негізде маңызы бар басқа деректермен салыс­тыра қарастыра отырып, қазақтың ешкімге ұқсамайтын төл тарихын жазу міндеті тұр. Президент ұсы­нып отырған ғылыми-тұжырымда­ма­лық ұстанымды жүзеге асыру ісінде музейдің, архивтің, сондай-ақ сан қырлы басқа да деректерге сү­йеніп, ең бастысы басқа халық­тар­дың жетістігімен салыстырып, дүние­жүзілік тарихи дамудың заң­дылығына сәйкес өзіндік ерек­шелігін көрсете отырып, кең ауқым­да жалпыадамзаттық негізде жазыл­са, құба-құп. Сонымен қатар Қазақ­стан елін әлемдік деңгейде таныта білу үшін тарихтың бір нұсқа­сын ағылшын тілінде жазудың қажет­тігіне де зер салған абзал.

Тимур ӘПЕНДИЕВ,

Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының «Жаңа дәуірдегі Қазақстан тарихы» бөлімінің меңгерушісі

АЛМАТЫ