Алдағы уақытта атауы Жасыл экономика басқармасы болып өзгеретін Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалану басқармасының аудандық әкімдіктермен бірлескен тексерулері нәтижесінде 2021 жылға дейін ұзындығы 400 шақырымнан асатын арық желілерін салу мен қайта жарақтауға байланысты көшелердің тізімі жасақталған.
Қазірдің өзінде мегаполистің 57 көшесінде арық желілерін салу мен реконструкциялау жұмыстары басталды. Аталған шара қаланың түрлі бөлігінде жауын суларының таралуын жақсартуға бағытталған.
Жалпы соңғы үш жыл ішінде Алматыда 300 шақырымнан астам арық желілері салынып, қайта жөндеуден өткен, 9 өзеннің арнасы қалпына келтіріліп, су тасқыны қаупі бар учаскелер 67-ден 12-ге азайтылған. Қарғалы өзенінің ұзындығы 7,7 шақырым болатын арнасы бекітілді және абаттандырылды. ГЭС1-БАО мен Медеу-Шымбұлақ шатқалдарына мықты бекіністер орнатылды.
Алматыда жаңадан екі «Ақсай» және «Аюсай» су бөгеттерін салу жоспарланған, «Мыңжылқы» су бөгетін реконструкциялау аяқталып қалды. Ерменсай, Кереңқұлақ, Үлкен және Кіші Қарасу өзендері, жалпы ұзындығы 1,8 шақырым болатын Есентай өзенінің арналары бекітіліп, абаттандырылды.
Эльвира СЕРІКҚЫЗЫ,
«Еqemen Qazaqstan»
АЛМАТЫ