Орал қаласында «102» нөміріне қоңырау шалып, Абай полиция бөлімінде бомба жарылғалы жатыр деп хабарлаған әйел тұтқындалды.
Әрине, суыт хабар алысымен оқиға орнына арнайы қызмет мамандары жедел жетіп, сақтық шараларын жасады. Саперлар аталған ғимаратты түгел қарап, ештеңе таппады.
Облыстық Полиция департаментінің Экстремизммен күрес басқармасы қызметкерлері жедел-іздестіру шараларын жүргізіп, жалған хабар таратқан Орал қаласының тұрғынын анықтады. Ол 1985 жылы туған әйел адам болып шықты. Ол уақытша қамау орнына жабылды.
– Бұл оқиға бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 273 бабы бойынша сот алды тергеу жұмыстары басталды, – деп хабарлайды полицияның баспасөз қызметі.
Бір қызығы, бұл әйел дәл осындай қылмысы үшін бұрын да жауапкершілікке тартылған екен. Заң бойынша оған 5 мың айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салынуы, еңбекпен түзеу жұмыстарына тартылуы немесе 5 жылға дейін бас бостандығынан айрылуы мүмкін.
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,
«Egemen Qazaqstan»
Батыс Қазақстан облысы