30 Қаңтар, 2019

Ботағай кесенесі

1870 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Ботағай кесенесі

Ботағай кесенесі – Ақмола облысы Қор­ғал­жын ауданының орталығынан  шығысқа қарай Нұра өзенінің сол қапталында екі шақырым қашықта орналасқан. Нысан алғаш рет қазақ даласын көктей шолған ресейлік елші-барлаушылар Ф.Скибин және М.Трошиннің белгілеуімен, 1694 жылы империялық картаға сызбасы алынған. 20 парақтан тұратын осы құжатта Ботағай кесенесі (Бытығай, Татағай) «Қазақ ордасы» дейтін атаумен таңбаланып, оған «ХІ-ХІІ ғасырларға тән сәулет ескерткіші» деген жобалау анықтамасы берілген. Расында бұл кесене еліміздегі ортаға­­сырлық жалғыз жәдігер. 

Одан кейін ХІХ ғасырдың екінші жартысында қазақ даласын отарлау мақсатында құрылған «Оренбургская пограничная комиссия» дейтін мекеме қызметкері топограф Иван Шангин 1816 жылы жоғарыдағы кесенеге зерттеу жұмысын жүргізіп, сызба жобасын жасаса, орыс барлаушысы Демидовтің 1825 жылы «Сібір шекара шебін қазақ даласына қарай  ілгерілету» туралы І Александр патшаға жолдаған жазбасында, Қорғалжын өңірі жайлы кешенді түрде географиялық сипаттамалар  келтіріп, бұл жерде көне қала қирандылары да көп екенін ескеріп, «қазақтар қаңғып жүрген көшпенділер емес» деген тұжырым жасайды.  

ХІХ ғасырдың басында орыс офицері Карл Миллердің тапсырмасы бойынша кесенеге ат басын бұр­ған географ маман Петр Рычков ны­санның толық нобайын қағазға түсірген екен, бірақ бұл сызба бізге жеткен жоқ. Оны тарихшы Татищевтің еңбегі арқылы білеміз. Одан соң 1830 жылы полковник Бронавскийдің арнайы тапсырмасымен инженер Сотник Шахматов келіп, нысанға кезекті зерттеу жүргізіп,  ұзындығын, биік­тігін, қабырғасының қалыңдығын бірін қал­дырмай жазып-сызып хатқа түсіріп, бұл жұ­мысын 1841 жылы жарыққа шығарған. 

Бұлардан басқа  «Ботағай» кесене­сін көзі­мен көріп зерттеген И.Шангин және Сібір әскери округінің тілмашы Назаров дейтін адам. Назаровтың өзінің жолжазбасында: «Таш­кентке бара жатқан жолда «Ботағай» кесенесін көрдім» дейді. 

Ал Кеңес Одағы тұсында қазақ ғалымы, академик Әлкей Марғұлан 1973 жылы арнайы  археологиялық топ құрып, нысанға кешенді зерттеу жүргізген. Нәтижесінде,   жәдігерге «еліміздегі сәулет-құрылыс өнерінің көрнекті үлгісі» деген баға беріліп, бұл нысан көшпелі қазақ ордасына тән мұра екені нақтыланған.  

Дайындаған Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ, 

«Egemen Qazaqstan»