«Бүгінгі жиында өткен жылдың қорытындысын шығарамыз. Былтыр істелген жұмыстар осы жердегі бәріміздің атқарған шаруамыздың нәтижесі. Барлық әкімдіктердің, министрліктердің, жалпы мемлекет қызметкерлерінің істеген жұмысы, оның ішінде мен де бармын. Жалпы, 2018 жылдың көрсеткіштері экономиканың барлық саласында жақсы деп айтуға болады. Соның арқасында халыққа әлеуметтік қызмет көрсететін мүмкіндік болды. Атап айтсақ, экономиканың өсімі 4 пайыздан асты. Бұл жалпы дүниежүзілік орташа өсімнен жоғары деуге әбден болады. Негізінен саудада 7,6, көлікте 4,5, өнеркәсіпте 4 пайыздан астам өсім бар», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Бұдан соң, Мемлекет басшысы ел экономикасының басқа да салаларына тоқталып өтті.
«Инфляцияның өткен жылғы көрсеткіші 5,3 пайызды құрады. Солай деп жоспарланған еді. Негізгі капиталға салынған инвестициялар 17 пайыздан асты. Бұл да жақсы көрсеткіш деп айтуға болады. Аталған экономикалық көрсеткіштердің барлығы халық тұрмысын жақсартып, нақты табысының артуына өзінің үлесін тигізеді», - деді Елбасы.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы кеше 5 облыс әкімімен кездескенін еске салып өтті.
«Облыс әкімдерінің есептерін тыңдадық. Өңірлерде де істеліп жатқан шаруа аз емес. Барлығы біздің бағдарламаларды орындау үшін атсалысып, жұмыс істеп жатыр», - деді Елбасы.