Қазақстан • 30 Қаңтар, 2019

«7-20-25» бағдарламасы бойынша 3600 несие берілді

650 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Елбасының төрағалығымен өтіп жатқан Үкіметтің кеңейтілген отырысында Премьер-Министрдің орынбасары Ерболат Досаев «7-20-25» ипотекалық бағдарламасы бойынша 3600 несие берілгенін мәлімдеді.

«7-20-25» бағдарламасы бойынша 3600 несие берілді

«Бүгінгі таңда «7-20-25» бағдарламасы бойынша 43,7 млрд теңге сомасына 3600 несие берілді. Барлығы 92 млрд теңгеден астам көлемде өтінім келіп түсті. Екінші бастама – 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап 63 мың теңгеге дейін жалақы алатын жұмыскерлерге салық салмағы 10 есе төмендеді. Бұл 2 млн-нан астам азаматымыздың табысына оң әсерін тигізеді. Үшінші бастама – өткен жылдың 1 қыркүйегінен бастап еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар бойынша білім гранттарының саны 20 мыңға артты. Жаңа жатақханалардың құрылысына 100 жер учаскесі белгіленді. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында білім беру ұйымдарымен 12 мемлекеттік тапсырыс келісімшарты бекітілді. Биыл жатақханаларда студенттерге 5 мың жаңа орын беріледі», - деді Досаев.

Сондай-ақ ол 2018 жылы 595 млрд теңгеге 14 мың микрокредит берілгенін айтып өтті. 

«Шағын несие беру нәтижесінде 22 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылған. Соңғы екі жылда «Бастау бизнес» жобасы бойынша 43 мыңнан астам адам бизнес негіздерін оқыды, олардың 11 мыңы микрокредит алып, өз істерін бастады», деді Е.Досаев.

Маржан ТІЛЕУБЕК,

«Егемен Қазақстан»