5 қаңтарда басталған доп додасында 24 команда бақ сынады. Олар алты топқа бөлініп, өзара шеберлік байқасты. Солардың арасынан 16 елдің өрендері 1/8 финалға жолдама алды. Ол кездесулердің нәтижелері төмендегідей:
Тайланд – Қытай 1:2,
Иран – Оман 2:0,
Иордания – Вьетнам 1:1 (пенальтиден 2:4),
Жапония – Сауд Арабиясы 1:0,
Оңтүстік Корея – Бахрейн 2:1 (қосымша уақыт),
Катар – Ирак 1:0,
БАӘ – Қырғызстан 3:1 (қосымша уақыт),
Австралия – Өзбекстан 0:0 (пенальтиден 4:2).
Ширек финалға шыққан командалар 24-25 қаңтар күндері жасыл алаңға шықты. Сол кездесулердің үшеуінде 1:0 есебі тіркелді. Жапония Вьетнамды, Катар Оңтүстік Кореяны және БАӘ Австралияны дәл сондай есепппен ұтты. Ал Иран құрамасы Қытайдың қақпасына жауапсыз үш гол салды – 3:0.
Жартылай финалда Жапония Иранның тас-талқанын шығарды. Есеп – 3:0. Бұл бәсекеде Юя Осако (біреуі пенальтиден) екі гол соқса, Генки Харагути бір мәрте мергендік танытты. Келесі матчта да ірі есеп тіркелді. Катар құрамасмы алаң иелерін 4:0 есебімен ұтты. Бұл голдардың авторлары – Хуки Буәлем, Әли Алмоез, әл-Хайдоз және Исмаил Хамид.
Жапония мен Катар футболшылары арасындағы финалдық сайыс 1 ақпанда Әбу-Дабидегі 50 мың көрерменге есептелген «Зайед Спорт Сити» стадионында өтеді.
Ғалым СҮЛЕЙМЕН,
«Egemen Qazaqstan»