Аймақтар • 30 Қаңтар, 2019

Ленин кентінің атауы емес, әкімдері жиі өзгереді

691 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Облыс орталығына қарасты Ленин кенті әкімінің халыққа есеп беру кездесуіне қала әкімі Әнуар Күмпекеев келді.

Ленин кентінің атауы емес, әкімдері жиі өзгереді

Өткен жылы кентте бір жылдай уақыт қызмет еткен бұрынғы әкім Дәулет Тайғулин өз еркімен жұмыстан кеткен-ді. Әкімге көшелерді жөндеу кезінде 6,6 миллион теңгені тиімсіз пайдаланған деген айып тағылған көрінеді. Ал кенттің кезекті жаңа әкімін сайлау биылғы жылдың 28 ақпанына жоспарлануда. Сондықтан Ә.Күмпекеев ендігі әкімді таңдау кезінде жергілікті тұрғындардың пікірімен санасуға уәдесін берді. 

- Егер де сіздер жаңа әкімді қолдамасаңыздар, ол да бір-екі аптадан кейін кетуі қалуы да мүмкін. Қолдап, бірге жұмыс жасасаңыздар, - деді қала әкімі.

Тұрғындардың көңілдерінен шықпады ма, кенттің тағы бір бұрынғы әкімі Жеңіс Әбікен көрші Қызылжар ауылына ауысқан-ды. Тұрғындар М.Мәметова көшесіндегі асфальт жамылғысына тиісті стандарттарға сай жөндеу жүргізбеген мердігердің ісін аяқтауға мәжбүр еткен-ді. Бұрынғы әкім  Д.Тайғулинннің де қызметінен кетуіне де осы мәселе себеп болғандай.  

Көшені ретке келтіруге бюджеттен 10 миллион теңге бөлінген. Ал, жалпы кенттегі көшелердің ұзындығы 66 шақырымды құраса, қазір 44 көше, яғни, әлі 47 шақырымы асфальт төсеуді қажет етуде. Кент әкімінің міндетін атқарушы Әлия Ыбыраева тұрғындар алдында есеп берді.

Есеп беру кезеңі бойынша ауыл бюджеті шамамен 308 миллион теңгені құрады. Өңірлерді 2020 жылға дейін дамыту бағдарламасы аясында ауылда 52 көшеге аулаішілік су құбыры жүргізіліп, 1880 тұрғын үйге су желілері тартылыпты. Ауыл ішіндегі 3 көшенің жолдары жөнделді, тұрғындардың қауіпсіздігі үшін 29 бейнебақылау камерасы орнатылған.

Сондай-ақ, балаларды тегін тасымалдауды ұйымдастыру үшін арнайы мектеп автобусы сатып алынды. Кенттің шетіндегі қаңырап, иесіз қалған көпқабатты тұрғын үйлерді  бұзу жоспарлануда. Павлодар - Астана тас жолы бойында орналасқан сүреңсіз үйлер көрінісі енді келмеске кетпек.

Бұзылған үйлердің тұрғындары басқа баспанаға көшіріледі. Тіпті, қала әкімі оларды тездетіп бұзып, орнына жеке тұрғын-үй құрылысын қолға алу керек дейді.  

Әкімдіктің есебінен соң, қала әкімі Ә.Күмпекеев тұрғындардың арыз-шағымдарын тыңдады. Тұрғындар 10 мыңдай халқы бар кентте полиция бөлімшесінің ашылуын  сұрады.

Көпшілік жөнделген көшелердің сапасына қатысты реніштерін білдірді. Қала әкімі көшелерді биыл «жақсылап» жөндеуге енді 75 миллион теңге  бөлінетінін айтты.  

Кент ішіндегі тазалықты сақтау – ауылдықтардың міндеті. Сондықтан тұрғындарды ауылды ластайтын өз адамдарын тәртіпке шақыру керектігін  түсіндірді.

Фарида БЫҚАЙ,

«Егемен Қазақстан»

ПАВЛОДАР

Суретті түсірген: Әлібек Жиенәлиев