Ауыл • 30 Қаңтар, 2019

Семейде «Мұтылғанның тағдыры» сайысы ұйымдастырылды

807 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ұлы Абай мен Шәкәрім мұраларын терең насихаттауда Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейі қомақты еңбек сіңіріп жүр.  Елбасы Жолдауына  орай 2019 жылды «Жастар жылы» деп жарияланған сәтінен бастап, міне, бірқатар шараларды жүзеге асыруда. 

Семейде «Мұтылғанның тағдыры» сайысы ұйымдастырылды

-Бүгін Шәкәрім Құдайбердіұлының өмірі мен шығармашылығына арналған «Мұтылғанның тағдыры» атты сайыс ұйымдастырып отырмыз,-деді Абайдың мемлекеттік қорық-музейі директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары Мейрамгүл Қайрамбаева,-аталмыш шараға Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен ашылған «Жастар жылының» салтанатты рәсіміне қатысқан жерлесіміз, жас ақын, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Мерей Қарт білім сайысының құрметті қонағы ретінде қатысты. Жастарға өзінің ақжарма тілегін жеткізді. Сондай-ақ, үміттерін үкілеп келіп отырған сайыскерлерге сәттілік тіледі.

Мейрамгүл Қайрамбаеваның айтуынша, дәстүрге айналған дүбірлі сайысты өткізудегі басты мақсат – Абайдың ақын шәкірті, жазушы, тарихшы, аудармашы, философ, сазгер Шәкәрім Құдайбердіұлының өмірін, оның мұрасын әсіресе, ауыл жасөспірімдері арасында терең білуге ынталандыру және кеңінен насихаттау.

Сайысқа алдын-ала тағайындалған әділ қазылар құрамында Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейі директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары Мейрамгүл Қайрамбаева, Шәкәрім атындағы гиназияның қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Асқар Бекқасымов, қалалық білім бөлімінің әдіскері Нұргүл Байсарина болды.

Абайдың мемлекекеттік қорық музейі баспасөз қызметінің мамандары әділқазылар алқасының шешімін сайыс қорытындысы бойынша жария етті. Сонымен І-орынды Жарқын мектебінің оқушысы Еркежан Мотышева, ІІ-орынды Знаменка мектебінің оқушысы Ернат Файзуллаев, ІІІ-орынды №49 мектеп оқушысы Назым Амангелді қанжығаларына байлады. Сайыста көрермендерді өз өнерімен тәнті қылып, көзге түскен №23 мектеп оқушысы Ақбота Серікқазинова «Көрермен көзайымы» номинациясына ие болды.

Раушан ҚАБЖАНҚЫЗЫ

«Егемен ҚАЗАҚСТАН»

Семей