02 Наурыз, 2010

ИНТЕЛЛЕКТУАЛДЫ МЕКТЕП ИІРІМДЕРІ

1906 рет
көрсетілді
20 мин
оқу үшін
20 интеллектуалды мектепке оқу­шылар конкурспен қабылда­на­ды. Бірінші сыныпқа психо­ло­гиялық-педагогикалық диагностика негізінде сынақ жүргізілетін болса, 2-11 сыныптарға іріктеу конкурсы негізгі пәндер бойынша білімді ке­шенді тестілеу, бейін, пәндерді үй­рену қабілетін анықтауда жазбаша тексеру жұмысын алу, тілдерді білу деңгейін анықтау бойынша жүргі­зіледі. Елдің іргесін бекітіп, кеткен есесін бірте-бірте қайтаруға қол жеткізген тәуелсіздіктің тамырын бұдан былайғы кезеңде тереңге байлайтын, алтын арқауын үзбей бодандықтың қасіретін тұңғиыққа батырып, бостандықтың шарапа­тын танытатын ұлы жолды ұр­пақтан ұрпаққа жалғау ісі алдыңғы толқынның мойнына жүктелген. Ой өлшемдері уланбаған жаңа за­ман жастарының бұл жұмыста ор­ны ерекше болатынын Елбасы ер­т­е аңғарып, олардың білім, білі­гін жетілдіруге ден қойды. Сөйтіп, 1993 жылы “Болашақ” халықара­лық бағ­дарламасын өмірге әкелді. Сол бағ­дарлама аясында мыңдаған жас әл­ем­нің мықты деген жоғары оқу ор­ындарында білім жетілдірді. Қазір жүздеген түлек қырандай тү­леп, Елбасына қолқанат болып жүр. Алғыр да алымды, талантты ұл-қызды қарғадайынан қамқорлыққа алып, мектептен білім нәріне қан­дырып, топшысын бекітіп, топты жарып шығу жолындағы тағы бір игілікті іске Мемлекет басшысы ұй­­ыт­қы болды. Ол тұңғыш Пре­зи­­денттің 20 интеллектуалды мектебі еді. Бұл білім ордаларының табысты жұмысы туралы Президент өзінің биылғы Жолдауында ерекше атап өткені белгілі. Аталмыш мектептер экономиканың маңызды сала­ла­рында және ел ғылымында қабі­лет­ті менеджерлер дайындауды көз­дейді. Осы білім ұяларының даму бағыттарына келсек, біріншіден, дүниежүзілік сапа және білімнің өтімділігі, екіншіден, дара білім және қабілеттілерді баулу, үшін­ші­ден, жаратылыстану – мате­ма­тикалық бағыттардағы пәндерді те­реңдетіп оқыту арқылы бейінді бі­лім беруді қалыптастыру. Төртін­ші­ден, үш тілді білу үлгісін іске асы­ру, бесіншіден, жаңа ақпараттық-коммуникациялық технология­лар­ды енгізу болып табылады. Барлық мектептер физика-математикалық және химия-биологиялық бағыт­тар­да сабақ жүргізетінін еске сала кетсек дейміз. Мұндай мектептер­дің біріншісі өткен жылы Пре­зи­дент Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Астанада ашылса, одан кейін Семей және Көкшетау қалаларында іске қосылды. Ал биыл Астана, Өскемен қалаларында химия-биологиялық бағыттағы және Талдықорған қаласында физика-математика мектептері өз есігін үміткерлерге ашатын болады. 2012 жылы 20 интеллектуалды мектеп түгелдей дерлік жұмыс істеу мәселесі жоспарланып отыр. Біз осы интеллектуалды мектеп­тердің қазіргі тірлік-тынысы, алда атқаратын бағыт-бағдарлары қан­­­­­­дай деген сұрақтарымызды Үкі­мет­тің арнайы қаулысымен құрылған “Өркен” АҚ төрайымы Күләш Шәмшидиноваға қойғанымызда ол былай деп әңгіме желісін өрбітті. – Біз қазір ізденіс үстіндеміз. Оның біріншісі – қандай мазмұнда білім береміз, екіншісі – бізде қан­дай маман жұмыс істеуі керек, үш­іншісі – материалдық-техникалық база қалай болуы қажет. Ал осы­лардан туындайтын мәселелер бар­шылық. Оларды атап айтар болсам, интеллектуалдық мектепті қалай қалыптастырамыз, уақыт өлшеміне сай білім беру мен тәрбиені қатар алып жүрудің жолдары қандай жә­не жаңа мектеп талабына сай өзі­міз­де жинақталған тәжірибені әл­ем­дік үрдіспен ұштастыру, тәрбиені тәлімді ете отырып, әр оқушыны отаншылдық рухта ел мүддесін санасына сіңіре отырып жүргізу – осы сияқты жұмыстар бар. Сон­дықтан “Біздерде мынандай бар, мынандай бар” (С.Торайғыров) деуден гөрі, сондай күнге жетудің жо­лын қарастыру үстіндеміз. Да­нышпан Абай: “Сен де бір кірпіш дүниеге, Кетігін тап та бар, қалан”, – десе, Алаш арысы Міржақып Дулатов: “Мектептің мақсаты – жалғыз құрғақ білім үйрету емес, біліммен қоса, жақсы тәрбиені қоса беру”, – депті. Шынында, білім мен тәрбиені қатар үйретіп, әр жасты қатарынан оздыру, сөйтіп еліне қызмет етуге баулу біз үшін қарыз әрі парыз деп білемін. Биылғы Жолдауда Елбасы: “...қазірдің өзінде табысты жұмыс істеп жатқан “Интеллектуалдық мектептер” секілді жобалар ерекше басымдылыққа ие болмақ”, – дей келіп, “...отандық білім беру жүйе­сінің флагманы болып, осы заман­ғы оқу бағдарламаларын кейіннен оларды бүкіл республика бойынша енгізетіндей етіп әзірлеу мен байқап көру жөніндегі басты алаңға айналуы үшін қолдан келгеннің бәрін жасау қажет”, – деген еді. Енді осы мектептердегі нақты жұмыстардың орындалу барысы туралы айтсақ, осы күндері Елбасы жүктеген міндет үдесінен шығу жо­лында интеллектуалды мектептер­дің стратегиялық мақсаттары, білім бағдарламалары, қызмет бағыттары, ішкі құрылымдары, сыртқы бай­ланыстары жан-жақты үйлестірілу үстінде. Әлемдік білім деңгейіне кірігу үшін өзімізде бармен шек­теліп қалмай, оны заманауи жақсы жетістіктермен ұштастырудың пай­дасы қашанда зор. Әрине, әлемдік білім үрдісінен жақсы нәтижелерді алғанда өзіміздегіні шет қалдыру деген ешқашан да болмайды. Біз бәрін қатар қарастыра отырып, ин­тел­лектуалды мектептердегі пән­дер­ді оқытудың дұрыс жолын таң­дау­ға ден қойдық. Қазақстандық және халықаралық білім беру бағ­дарламаларына кіріктірілген оқу бізде үш деңгейде жүргізіледі. Олар – бастауыш мектеп – негізгі мек­теп – жоғары мектеп. Интеллек­туалды мектептерде тек қана білім үйретіп қана қоймай, оқушының білімді жүйелі алуының, бойына сіңіріп, ақылмен пайдалануын ор­нықтыруымыз керек. Әрбір оқушы алдымен жаза, оқи алатын, одан соң түсініп, түсінгенін еркін жет­кізе алатын, қажетін өзі таба біле­тін, тақырыпты талдайтын болуы тиіс. Бұл қалай жүзеге асады деген сұрақ туа қалса, берер жауабым, атам қазақ қыранды қалай баулыса, адам тағдыры сеніп тапсырылған біз де сол дәстүрді қолданып, заман талабына қарай үйретуіміз керек. Білім құзіреті білім берумен қатар, тәрбиеге де тәуелді. Тәрбиесіз бер­ген білім құмға құйған сумен тең деген Әл-Фараби бабамыз. Ендеше, білім берумен тәрбиені ұштастыра жүргізгенде ғана нәтижелі болады. Біз сол тәрбиені елдік тұрғыда бе­руі­міз қажет. Оқу үш тілде жүр­гізіледі дейміз. Қадап айтарым, өзге тілдер мемлекеттік тілге ешқашан көлеңкесін түсірмейді. Кейде тәр­биелік пәндер қатарына тарих, тіл, әдебиетті жатқызатынымыз бар. Ақиқатына келсек, мектепте жүре­тін әр пәннің өз рөлі, берер тағы­лымы, тәрбиесі бөлек-бөлек. Мы­салы, тереңдетіп білім беріп жатқан физика-математика, химия-био­логия пәндерінің де тәрбиелік мәні зор. Тіпті денешынықтыру пәнінен алар қаншама жақсылықтар бар. Оны оқушының санасына жеткізу мұғалімнің қабілетіне тікелей бай­ланысты. Айталық, бастауыш – орта – жоғары білім – үшеуі бірін бірі толықтырып отыруы керек. Он­сыз білім де, тәрбие де өз нәти­же­сін бере қоймайды. Тағы бір қа­дап еске саларым, барлық пән ие­лері тәуелсіз ел азаматын дайын­дай­тынын әркез естен шығармауы тиіс. Осы күні талапты балаға жағ­дай жасап, олимпиадаға дайындау керек деген ұғым бар. Олимпиадаға қатысатын оқушы ондай нәтижеге мұғалімнің күнделікті берген білімі бойынша қол жеткізуі тиіс. Сонда ғана ұстаздың еңбегі көрінеді. Біз осыны үрдіске айналдырсақ қана білім сапасы артады. Егер бірер баланы топтан жырып алып күндіз-түні оқытып, ол жүлде алып келсе, оның нәтижесін кімнің қанжыға­сына байлаймыз? Бірнеше жыл оқытқан мұғалімдердің бе, болмаса ол оқыған мектептің бе? Сондық­тан біздің мектепте оқыған бала­лардың қай-қайсысы да ондай жеке дара дайындықтан өтпей-ақ білім сайысында жүлделі орындардан көрінуі тиіс. Бұл тұрғыдан келгенде оқушысы мектептегі алған біліммен қатар, әлгіндей жарыстарда озып келген жүйріктердің мұғалімдеріне өзгелерге қарағанда, жақсы мүмкін­діктер жасау, айлығын өсіру, қо­сым­ша ақы төлеу мәселелері жолға қойылады. Жалпы, оқушыны бө­лек­темей, ортаға тәрбиелеу ісін де жандандырсақ деген ниетіміз бар. Мәселен, білім ұяларында әртүрлі командалар жұмыс істейді. Сол командалардың көшбасшылары немесе басқа бір мүшесі кетсе бұл команданың тірлігі құлдырайды, құриды деген ойдан аулақ болу жағын бірінші кезекте ойластыр­ғанымыз ләзім. Себебі, береке-бір­лікке, ынтымаққа ұйыту мектептен бастап орнығуы тиіс. Әлгі коман­даның әр мүшесі мен басқа жаққа ауыссам, қасымдағы досым жалғап кетеді деген ұғым көңілінде бекем тұруы қажет. Әрине, менің бұл пікірлерім орындалмайтындай көрінуі мүмкін. Білім беру, тәрбие үйрету үстінде оқушыларды сондай қоғамсыздыққа, қайырымдылыққа үйретудің пайдасы мол. Жекелеу өзімшілдікке мен ғана білемдікке ұрындырады, – дейді төрайым. Акционерлік қоғам басшысы­ның сөзіне қарағанда, білім беру, тәрбие үйрету – бәрі де оқушыға, ата-анаға түсінікті болуы тиіс екен. Әсіресе, оқудағы жетістікті бағалау, басқару жүйесін оқшауламай, жұрт­­қа түсінікті етіп жүргізу, әр істе маманның пікірін ескеріп отыру жайы туралы ой қозғалған ол те­реңдетіп оқытылатын пәндермен қа­тар білім стандартына сай барлық са­бақтар бірге жүретінін, бұл оқу­шы­ның күні ертең кез келген жо­ғары оқу орнына түсуіне мүмкіндік болатынын алға тартты. – Математика-физика, химия-биология бағыты деп мектептер арасын алшақтатудың жөні жоқ. Барлық пән біріне бірі байланысты, жалғас оқытылады. Сөзім жалаң шықпас үшін дәйек келтірейін, нанотехнология, биотехнология математика мен физикасыз жүзеге аса ма? Сол себепті біз пәндерді қарама-қарсы қоюдан әрқашан аулақ болуымыз керек. Біздің ин­тел­лектуалды мектепті бітірген та­лапкер отандық, сондай-ақ шетел­дердің жоғары дәрежедегі оқу ор­ын­дарына өз қалауымен түсуге мүм­кіндік алады, – деген Күләш На­ғатайқызы, – интеллектуалды мек­тептердегі білім өзге білім ұя­ларына қарағанда, ауқымды жүр­гізіледі. Жоғары оқу орындарының төменгі курстарында оқытылатын пәндердің кейбір тарау-тармақтары қамтылады. Соның бағдарламасын әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетімен, Қ.Сәтбаев атын­дағы техникалық білім ордасымен, Жаңа халықаралық университетпен бірлікте жасап жатырмыз. Біздің түлектердің бір ерекшелігі – өзге мектептердегідей емес, жоғары оқу орнында өтетін кейбір бағдарла­ма­ларды білім ұямызда оқып қояды. Ал білім сапасының қай дәрежеде екенін анықтап отыру үшін әр екі жыл сайын мониторинг жүргізіп отырамыз. 20 интеллектуалды мектепке оқу­шылар конкурспен қабылда­на­ды. Бірінші сыныпқа психо­ло­гиялық-педагогикалық диагностика негізінде сынақ жүргізілетін болса, 2-11 сыныптарға іріктеу конкурсы негізгі пәндер бойынша білімді ке­шенді тестілеу, бейін, пәндерді үй­рену қабілетін анықтауда жазбаша тексеру жұмысын алу, тілдерді білу деңгейін анықтау бойынша жүргі­зіледі. Мектептердегі қандай жұмыс болса да, оның ішінде қаржы­лан­дыру да бар ашық болатынын назарға сала кетуді жөн санаймын. Басты мақсатымыз, мұғалім – оқушы – ата-ана – басшылық арасындағы түсінбеушілікті атымен бол­дырмау. Осы күнгі білім ұя­ла­рында ата-аналар комитеті деген бар. Бірақ оның билігі көп жағ­дай­да жоқ. Біз бұл істі тәуелсіз жүр­гі­зуге, мектеп басшылығына да, ак­цио­нерлік қоғамға да тәуелді емес қамқоршылар кеңесін құруды жос­парладық. Қамқоршылар кеңесінің құрамында 19 адам болса, оның 12-сін сыныптың, мектептің ата-ана­лар комитеті, 6-ын педагогикалық кеңес, 1 адамды “Өркен” АҚ ұсы­нады. Олардың сауатты шығарған шешімін біз орындауға тиістіміз. Бұл арада біз ата-ананың рөлін, беделін, жауапкершілігін арттыра отырып, ұжымдық жұмысты ор­нық­тыруды мақсат еттік. АҚ жетекшісі бұдан кейін ин­теллектуалды мектептердің 7-11 сынып оқушылары тұңғыш Пре­зи­денттің “Өркен” білім беру гран­тын тағайындау ережесіне сәйкес іріктеу кезінде грант алатынын, оны жыл сайын өтетін тестілеу ке­зінде дәлелдеу арқылы оқуын жал­ғастыратынын, білім орындарына мұғалім қабылдау жайы туралы да өз байламын ортаға салды. Педа­гогикалық қызметкерлерді іріктеу шарты мектептің ерекшелігіне сай жүргізіледі екен. Оның ең бастысы, конкурсқа қатысуға ниет білдірген мұғалімнің арнайы кәсіби білімі, ұжыммен жұмыс істеу қабілеті, ин­новациялық қызметке дайындығы, пәндік білімін кешенді қолдану, шығармашылықпен жұмыс істей алуы қазіргі заманның ақпаратты-коммуникативтік технологияларын жетік меңгеруі, қазақ, орыс, ағыл­шын және өзге де тілдерді жетік меңгеруі басты көрсеткіш болмақ. – Мұғалім – мектептің тірегі дейміз. Тірек қашанда мықты болу керек. Сол үшін интеллектуалды мектепте сабақ беретін болашақ ма­­мандарды жоғары оқу орын­дарында қалыптастыруды қолға алдық. Бұл тұрғыда Абай атындағы мемлекеттік педагогикалық универ­ситетімен жұмыс істеп жатырмыз. Үш­інші курс студенттерінен ар­найы топ жасақталып, оларға біздің талап дең­­гейінде білім беріледі. Тәжіри­беден интеллектуалды мек­теп­терде өз қалаған мамандығы бой­ынша өтетін болады. Олар жо­ғары оқу орнын бітіргеннен кейін арнайы конкурс арқылы қабыл­данатынын да айта кетсем деймін. Сол секілді, ағылшын тіліне қажет мамандар мен магистратура туралы Британ­дық кеңеспен келісім жасап жатыр­мыз. Болашақта солардың көмегіне сүйене отырып, білікті оқытушылар әзірленетін болады. Жоғарыда да айттым, мұғалімнің жалақысы ең­бегіне қарай төленеді. Талапқа сай сабақ беріп жүріп, өз білімін же­тіл­дірген, шығармашы­лық­пен жұмыс істеген, өзге де пай­далы істермен айналысқан оқыту­шыларға жағдай кеңінен жасалады. Мұғалімдер 2 жылда бір рет аттес­тациядан өтеді. Қазір кейбір азаматтар ағылшын тілінен беретін мамандар бар ма, деген сұрақты алдымызға жиі тар­тады. Іздегенге ондай мамандар­дың болатынын көріп жүрміз. Егер табылмаған жағдайда оқушының оқу тіліне қарай бұрынғыша пәндер оқытыла береді. Біздегі басты талап, оқушы білім үйренумен қатар, білім ала білуі керек. Алған білімін жет­кізе алуы тиіс. Оқығанын түсініп ай­та алатын болуы қажет. Бұл күн­де­лікті үрдіске айналғанда ғана оқушының алған білімі баянды бо­лады. Ке­шенді білім дегеніміз осы. Тағы бір мәселе, интеллектуал­ды мектепдердің оқу ғимараты қалай болу керек, материалдық-техникалық базасы қалай жүзеге асады – осыны да қарастырып жатырмыз. Мектеп ғимараты бар­лық жағынан тиімді, энергия көз­дері бойынша үнемді болуы қажет. Станиславский бір сөзінде, театрда киім ілгіштің өзі бос тұрмауы керек дегені бар еді. Сол сияқты, бұл мек­тептерде басы артық, анда-сан­да бір қолданатын, одан кейін есі­гінен құлпы үзілмейтін бос орын­дар болмауы тиіс деп ойлаймын. Тіпті, асханада оқушылардың та­мақ­тануының өзіндік үлгісін қа­лыптастыру жағы да назардан тыс қалып отырған жоқ. Мұның бәрі де балаға жағдай жасау, мұғалімге мүмкіндік беру, ата-ананың дітте­ген жерінен шығу үшін қарасты­рылып жатқан жұмыстар. Жоғарыда Елбасы Жолдауын­дағы үлгі болу керек деген сөзін дәйекке келтіргендегі бір мақсат, осындай үрдісті интеллектуалды білім ұяларында қалыптастыру бойынша Отанымыздағы барлық мектептерге сондай жағдайды ен­гі­зу арқылы біркелкі білім беру жүйе­сін орнықтырсақ деген ниет­тен туған еді. Мұнда да ұлтымыз­дың ақыны Абай: “Ондай болмақ қайда деп, айтпа ғылым сүйсеңіз” демейтін бе еді, – деп Күләш Шәм­шидинова сөз аяғын түйіндеді. Сүлеймен МӘМЕТ.