Қалқамандағы №1 аурухана өз бағыт-бағдарын өзгертіп, уақыт талабына бейімделуде
Сенбі, 24 қараша 2012 7:10
Күнгейдегі бас шаһардың Алматы-Ташкент күре жолына жақын орналасқан Қалқамандағы №1 қалалық клиникалық аурухананы халық арасында Қонаев ауруханасы деп те атайды. Отыз жылға жуық тарихы бар бұл емдеу орнының бүгінгі тыныс-тіршілігі, проблемалары және алдағы жоспарлары жайлы аталмыш аурухананың бас дәрігері, медицина ғылымдарының докторы Дамир ДӘУЛЕТБАЕВТЫ әңгімеге тартқан едік.
Сенбі, 24 қараша 2012 7:10
Күнгейдегі бас шаһардың Алматы-Ташкент күре жолына жақын орналасқан Қалқамандағы №1 қалалық клиникалық аурухананы халық арасында Қонаев ауруханасы деп те атайды. Отыз жылға жуық тарихы бар бұл емдеу орнының бүгінгі тыныс-тіршілігі, проблемалары және алдағы жоспарлары жайлы аталмыш аурухананың бас дәрігері, медицина ғылымдарының докторы Дамир ДӘУЛЕТБАЕВТЫ әңгімеге тартқан едік.
– Дамир Абайділдаұлы, сіздіңқаладағы ірі емдеу орныныңтізгінін ұстағаныңызға да біразуақыт өтіпті. Бұған дейін деденсаулық сақтау саласындабасшы қызметтер атқарыпжүрген біліктіұйымдастырушысыз. Істі алдыменнеден бастадыңыз?
– Кез келген басшы жаңа ұжымға, мекемеге келгенде алдымен істің бағыт-бағдарын зерттеуден бастайды ғой. Мен де солай жасадым. Тексеру жүргізсек, аурухана 270 млн. теңге қарыз екен. Оның басты себебі, ықшамдау кезінде ауруханадағы төсек-орын саны қысқарған. Мәселен, бұл емдеу орны ашылғанда оның жобалық күші 660 төсек-орынға есептелсе, бүгінде 200 орынға кеміген. Осыншама үлкен ғимаратты қалайда ұстап тұру керек қой. Оның суы, жылуы, қызметкерлердің жалақысы және бар. Соның бәрі жиналып келіп, аурухананы қарызға батырған. Қайта маған дейінгі бас дәрігер, профессор Бекмахан Құралбаев екі жылда қарыздың біразын жауып, аурухананың ерекшеліктерін есептеп жаңаша жұмыс істеуге кіріскен екен. Ол кісі негізінен сауықтыру профиліне ыңғай беріп, кардио, жүйке сауықтыру бөлімдерін ашып, оны шипажай жағдайына бейімдеп, біраз жұмыстар атқарыпты. Мен де сол әріптесім бастаған жұмысты зерттеп, байқап одан әрі жалғастыруға тырысудамын.
Ең алдымен, кезінде аурухананың жеке меншігінде болған минералды судың скважинасын қайтарып алуға әрекет жасап, прокуратураға, Денсаулық сақтау министрлігіне қатынас қағаз жаздық. Скважина 1990 жылы В.Храпуновтың кезінде жеке меншікке өтіп кеткен. Қолымызда «қайтадан ауруханаға қайтарылсын» деген соттың шешімі де бар. Бірақ олар да құжаттарын заңдастырып алған. Күресіп жатырмыз, әрі қарай не боларын уақыт көрсетеді.
Екіншіден, ауруханада кезінде ашылған хирургия бөлімшесі қысқарып, бірыңғай терапияға көшкен. Ал мекемеміз көп салалы болған соң негізінен хирургия да, терапия да, сауықтыру бөлімдері де болуы керек. Сөйтіп, біз жалпы хирургия емес, бүгінгі заманауи талапқа сай лапроскопиялық әдісті қолданатын хирургиялық бөлімше аштық. Оған Қазақстан-Ресей медицина университетін тарттық. Оқу орнының жылжымалы медициналық көліктері бар. Оған қоса эндоскопиялық хирургия бөліміне хирургия, урология, гинекология, ЛОР, травматологияны шоғырландырып, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті қоры, Қазақстан-Ресей медицина университетімен бірігіп орталық ашатын болып жатырмыз. Бүгінде осы бағытта жұмыс жүргізілуде.
– Барлық мәселені шешетін кадр ғой. Осы ретте қандай бағыт ұстаныпотырсыздар?
– Әрине, аурухана қаланың шетінде орналасқандықтан, кадр мәселесін шешу қиындау. Ал медицинада білікті, кәсіби мықты маман қашанда керек. Зерттеу барысында кейбір бөлімшелерде алдыңғылардың ізін басатын орта буынның ұрпақ жалғастығы үзіліп қалған. Өзіңіз білесіз, медицинада біліктілік тәжірибемен келеді. Жастарға толығымен сенгенге, олардың тәжірибесі жетпей қалуы мүмкін. Сондықтан жұмысты кадр мәселесінен бастауға тура келді. Үкімет дәрігерлерді оқытуға қаражат бөлдік деп жатыр. Біз сол бағдарламаны қабылдап, өз мамандарымызды шетелде оқытуды жоспарладық. Қазір дәрігерлер арасынан кімді қайда жіберу сараптан өтуде. Мен келгелі Қазақстан-Ресей медицина университетінің ұстаздары 70 дәрігерімізді жұмыс орнында оқытып, білімдерін жетілдірді.
Өзіңіз білесіз, бірнеше жыл Алматы медицина колледжін басқарып, медбике ісі мамандарын дайындауда біраз тәжірибе жинақтадым. Негізінде аурухананың жұмысын көтеретін де, көрсететін де осы орта буын медицина қызметкерлері. Тіпті, аурухананың бет-бейнесі соларға байланысты. Келе сала мейірбикелердің білім деңгейін анықтау мақсатында оларды аттестациядан өткіздік. Сонда 330 мейірбикенің 74-і жай қарапайым сауалды білмей, емтихан тапсыра алмады. Көпшілігі жеке меншік медколледждерді бітіргендіктен білімдері таяз. Заңға салсақ олардың бәрін жұмыстан шығарып жіберуге болады. Бірақ ондай әрекетке бармадық. Әрі ауруханадағы мейірбикенің 30 пайызын бірден шығарып жіберу оңай шаруа емес. Енді соларды өзімізде арнайы оқу орталығын ашып, үш ай бойы оқытудамыз. Қайта сынақтан өте алмағандарын шығаруға тура келеді. Бұған дейін олардың білімдерін тексермей қабылдаған ғой. Бізге жұмысын білмейтін он адамнан, өз ісін жақсы білетін, мамандығына адал екі адам пайдалы. Сондықтан жұмысқа қабылдар кезде дәрігер болсын, мейірбике болсын, алдымен әңгімелесуден өтеді, содан кейін барып компьютерде тест тапсырады.
Дәрігерлерді де осылай аттестациядан өткізудеміз. Олар кезекшіліктен шыққан бойда түскен науқастарға байланысты тікелей өзіме есеп береді. Бүгінде медицина сапасының түсіп кеткені, өкінішке қарай, жастарда білім жоқ, оқымайды. Біздер институтты бітірген соң да оқуды үзбейтінбіз. Мәселен, ауру түсті ме, кітапты аламыз да оқимыз. Ертесіне дәл сондай науқас түссе, соны қайтадан оқитынбыз. Міне, осылай оқи бергеннен есіңде сақталады. Ал қазіргі жас дәрігерлер сол саланың маманы болмасам да, менің білген деңгейімде білмей отыр. Сондықтан күнде тапсырма беріп, қадағалап отырамын. Егер адамның ықыласы болып оқып, жетекке көнсе, емтиханды қайта тапсырады. Ал айтқанға көнбей, жетекке жүрмесе, өз обалдары өздеріне. Менің арым олардың өздерінің де, отбасының да алдында таза.
– Қай мекемеде болсын темірдей тәртіп орнамай, іс оңға баспасы анық.
– Рас айтасыз, тәртіп бар жерде, береке, тірлік бар. Бірінші күннен тәртіпті аурухана қызметкерлерінің өзінен бастадым. Дәрігерлерге де, орта буын медицина қызметкерлеріне де мекемеде үйден тамақ әкеліп ішуге тыйым салдым. Қараңыз, біреуі әкелген көжесін жылытып жатса, біреуі жұмыс уақытысында иісін шығарып тамақ жасап жатса, не болғаны. Жабық тұрған асхананы ашып, сонда тамақтануды ұйғардым. Сөйтіп, жиналыс ашып, осы мәселені түсіндірдім. Бірақ оның ақшасын аурухананың тапқан табысынан өтеп беруге уәде бердім. Мысалы, кіші медбике 400 теңге тұратын тамаққа – 70, мейірбике 50 пайызын, яғни, 200 теңге төлейді. Дәрігердің жалақысы көптеу болғандықтан, 30 пайызын аурухана көтереді. Бұған да басында қарсы болғанмен, қазір түсіністікпен қарауда. Сондай-ақ осы тәртіптің арқасында жарыққа ақша төлеуді бір жарым есеге азайттық. Қазір әр бөлімшеге электр есептегішін орнатамыз деп жатырмыз. Жоспар бойынша әр бөлімшенің өз нормативі бар, одан асса, қалталарынан ұсталады.
– Көптеген басшылар қызметкерлерін моральдық, рухани жағынан көтермелеп, олардың жағдайларымен санасуды ойлай бермейді. Бұл жағынан қандай ойыңыз бар?
– Әркімнің өз кіші отаны болады. Осы мекемеде өміріміздің көбі өтіп жатыр. Мәселен, мен жұмысқа сағат жетіде келіп, кешкі тоғыздарда қайтамын. Қазір күніне 14-15 сағат жұмыс істеймін. Мен жүрген соң орынбасарларым да кете қоймайды. Ондағы мақсатым, ауруханадағы ахуалды жақсартып, адам жанына араша болып, күн-түн демей денсаулық күзетінде жүрген қызметкерлердің рухын көтеру. Осы ретте, құрбан айттың алдында жұмысқа келдім ғой деп, ардагерлерімізді шақырып, қайтыс болғандардың рухына құран оқыттық. Мәңгілік ешкім жоқ, ертең біз де зейнетке шығамыз. Сол кезде осы ауруханаға сіңірген еңбегімізді бағалап, құрметтеп жатса қандай ғанибет. Жасы келген адамға одан артық не керек. Сондықтан біздер қандай бір шара өткізбейік, ардагерлерімізді шақырып, төрімізге отырғызып, сый-сияпат көрсетіп, сыйлық беріп шығарып саламыз. Бұл – алдымен жастарға үлгі.
Зады, өзін жақсы көрмейтін адам жоқ шығар. Кез келген адамды өз отбасыма қалай қараймын, солай қарап бағалауға тырысамын. Мысалы, әркімнің туған күні бар. Қызмет жасаған жерімде қызметкерлердің туған күнін атап өтіп, 5 мың теңге болса да сыйақы беруді дәстүрге айналдырғанмын. 5 мың теңге көп ақша да емес шығар, бірақ оны ауруханадағы жұмыс істейтін бір мың адамға шаққанда әжептәуір қаражат. Екіншіден, өмір болған соң өлім-жітім бірге жүреді, қызметкерлердің ет-жақын туыстары қайтыс болса, міндетті түрде ауруханадан 10 мың теңге бөлінеді. Мұндай жағдай да әркімнің басынан өтеді. Әрине, 10 мың теңге ештеңеге жете қоймас, бірақ, әріптесіңе келіп, қайғысына ортақтасып жатсақ, ол адам іштей бір марқайып қалмай ма?
Әр отбасында нәресте келіп, басқа бас, жанға жан қосылып, қуаныш болып жатады. Жиналыста айттым, немере, шөберелі болғандар ренжімесін, бірақ әріптестеріміздің отбасында өмірге сәби келіп жатса, жөргегіне 10 мың теңге берейік деп. Міне, осылай қызметкерлердің қуаныш, қайғысына ортақтасып жатсақ, олар да өздерінің ауруханаға керек екенін, жұмысының бағаланып жатқанын сезеді. Ал бұл көңіл-күй олардың жұмыстарына жақсы жағынан әсер етпек. Байқауымша, қазір ұжымның жұмыс істеуге ынтасы бар.
– Дамир Абайділдаұлы, медицина колледжінде жүргенде мейірбике беделін қалай көтереміз деген мәселе көтеріп, осы мамандықтың қыр-сырын ашып көрсеткен едіңіз. Енді үлкен ұжымға басшылыққа келдіңіз. Мұнда тек мейірбике ғана емес, науқас пен дәрігердің қарым-қатынасы да үлкен мәселе. Дәрігер науқасты алдымен сөзбен емдейді деп жатады. Осы ретте қандай шараларды атқаруды ойға алып отырсыз?
– Бұл шаруаны да ретке келтіріп қалған сияқтымыз. Қазір ауруханада арыз, шағым айтушылар азайды. Өйткені, күнде емделіп шыққан науқасқа анкета толтыртып, осы жағдайдың барлығын сұрап отырамыз. Сөйтіп, науқас пен дәрігердің тікелей сөйлесуін шамалап дұрыс жолға қойғанмен, науқастың жақын туыстарымен сөйлесуге уақыт таппай жатады. Біздің Отан соғысына қатысушыларға арналған терапевтік бөлімшеге жасы келген, кейде, тіпті, не істеп не қойғандарын білмейтін науқастар да жатып емделеді. Міне, сол кісілердің балаларына: «Неге әкелеріңді қарамайсыңдар, бізге әкеліп тастайсыңдар», дегеннен гөрі, кеңес беріп, түсіндіру жұмыстарын жүргізуді талап етіп отырмын.
– Біздің анамыз өзіне ота жасаған дәрігердің тілеуін тілеп, бес уақыт намазына қосып отыратын. Қай пенде болсын өзіне жақсылық жасаған, көмектескен адамды еш уақытта ұмытпайды. Келесі сауал, оқырмандарымызға керек ақпарат та болар, аурухананың жалпы клиникалық сипаттамасына тоқталып өтсеңіз…
– Терапиялық салада бюджеттік және ақылы көпсалалы терапия бөлімі, ақылы кардиологиялық, аллергологиялық, ревматологиялық, неврологиялық бөлімдер; хирургиялық бағытта ақылы көпсалалы хирургиялық, гинекологиялық бөлімдер, сондай-ақ әйелдер босанатын перзентхана және бюджетті гинекология, емхана, параклиникалық бөлім, физио, гипербариялық оксигенция, радионуклидті зерттеу зертханасы бар. Сондай-ақ, Алматы қаласында біздің аурухана аллергиялық науқастарға тұңғыш рет тегін аллергендік жаңа емдеу әдістері, сынақтар жүргізеді, сонымен қатар жүйке, жарақат, жүрек ауруларын сауықтыру бөлімшелері қызмет көрсетеді. Клиникалық аурухана С.Асфендияров атындағы ҰМУ-дың кафедраларымен тығыз байланыста. Кафедра ғалымдары науқастарды қарап, кеңес береді. Емдеу орны жылына 20 мыңнан аса науқасқа медициналық көмек көрсетеді.
– Алдағы жоспарларыңыз?
– Биылғы жылы ауруханада құлақ, мұрын және тамақ (ЛОР) бөлімшесін ашуды ойластырып отырмыз. Оған Ресейдің әлемге атағы мәшһүр, профессор Скрипниковты шақырып, Алматыға келіп, болашақ бөлімшені көріп кетті. Амандық болса алдағы маусым айында тағы келеді. Сөйтіп, бір үлкен жұмыс бастамақпыз.
– Биыл елі үшін өлшеусіз еңбек сіңірген мемлекет және қоғам қайраткері Д.Қонаевтың туғанына 100 жыл толуын республика жұртшылығы атап өтіп, аяулы ұлдарын ардақтауда. Аурухананың ірге тасы қаланған күннен өзі бас-көз болып, қолдауын да, көмегін де аямаған адамға өздеріңізде шара өткізген шығарсыздар?
– Әлбетте. Шамамыз келгенше атап өтуге тырыстық. Кешке Қонаев атындағы халықаралық қордың басшылары мен белсенді мүшелерін, ардагерлерімізді шақырдық. Ол кісі жайлы фильм көрсетіліп, Димекеңмен қызметтес болған азаматтар естеліктер айтып, ол кісінің қарапайымдылығына, адалдығына, адамгершілігіне тоқталды. Әрине, халқы үшін адал қызмет жасаған Димекеңе қандай құрмет жасасақ та артықтық етпес. Ата дәстүр бойынша қонақтардың иығына шапан жауып, ол кісінің рухына құран бағыштап, ас бердік. Енді бұдан былай ұжым 12 қаңтарды №1 аурухананың төл мерекесі ретінде атап өтуге шешім қабылдады.
Әңгімелескен
Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан».
Суретті түсірген Еркін ЕРКЕШ.