Каспий – достық теңізі
Былтыр тамыз айында күллі әлем қазақ даласына көз тігіп, Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі анықталған келіссөздердің нәтижесін күткендігі белгілі. Ақтау қаласындағы саммитте Қазақстан, Әзербайжан, Иран, Ресей және Түрікменстан президенттері 20 жылға созылған келіссөздерге нүкте қойып, Нұрсұлтан Назарбаев «Каспий теңізінің конституциясы» деп сүйіншілеп атаған маңызды стратегиялық құжатқа қол қойылды.
Ол конвенция Каспий теңізіндегі ұлттық аймақтардың, құқықтық талаптары мен егемендіктің ара-жігін ажырату, қойнауын пайдалану, транзит және тасымалдау, суасты құбырлары мен байланыс желілерін жүргізу құқықтарын, табиғи ортасы мен биологиялық ресурстарын қорғауға байланысты мәселелерді қамтыды. Оған қоса, қазіргі заманғы қауіптер мен қатерлерге қарсы тұру, төтенше жағдайларды ескерту және жою, Каспий маңы елдерінің әскери қызметі тұрғысында қауіпсіздік мәселелеріне баса назар аударылды.
Бұл мәселелерден бөлек, Каспий теңізінің қойнауындағы ен байлық үшінші мемлекеттердің көзқұртына айналып, осы стратегиялық өлкеге ықпалын жүргізуге құмартқандар аз болған жоқ.
– Конвенцияға сәйкес, Каспий теңізінің айдыны түрлі тәртіптегі аймақтарға бөлінеді. Тараптар сыртқы шекарасы мемлекеттік шекара мәртебесіне ие 15 теңіз милінен аспайтын көлемде аумақтық суды бекітті. Аумақтық суларға әр мемлекет тек кәсіп ету құқығына ие он мильдік балық аулау аймағы шектесетін болады. Конвенция депозитарийі болып табылатын Қазақстан Республикасы бесінші ратификациялық грамотаны алған күннен бастап күшіне енеді, – деді заң жобасы бойынша баяндама жасаған Сыртқы істер министрі Бейбіт Атамқұлов.
Оның айтуынша, Каспий келіссөзі шеңберінде жоғары деңгейлі – 5, Сыртқы істер министрлігінің деңгейінде 7 кездесу, конвенцияны әзірлеу бойынша жұмыс тобының 52 отырысы, сондай-ақ әртүрлі форматтағы оннан астам ресми және бейресми басқосулар өткен.
Каспий теңізінің құқықтық мәртебесінің реттелуі көптеген жылдар бойы жағалау маңы мемлекеттерінің сыртқы саясатының стратегиялық бағыттарының арасында негізгілерінің бірі болып келгендіктен, Қазақстан Президентінің ұсыныстары мен бастамаларын тараптар жоғары бағалады.
Осы орайда Сенат Төрағасы да бұл келіссөздердің оңайға соқпағандығын атап өтті.
– Сыртқы істер министрлігі 20 жыл бойы келіссөздер өткізіп келді. Ақыры бес мемлекет оң нәтижеге қол жеткізді. Сондықтан мұны тарихи оқиға деп еш күмәнсіз айтуға болады, – деді Қ.Тоқаев.
Теңіздің құқықтық мәртебесінің анықталуы қауіпсіздік, экономика салаларымен қатар экологиялық тұрғыда да маңызды болып отыр. Өйткені әлемдік бекіре қорының басым бөлігі сақталған су айдынын қорғау стратегиялық міндет болып саналады.
«Egemen» көтерген мәселе – сенаторлар назарында
Жалпы отырыста сенаторлар Мәжіліс мақұлдаған «2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа өзгеріс енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы», «Еуразиялық экономикалық одақтың үшінші мемлекеттермен, халықаралық ұйымдармен немесе халықаралық интеграциялық бірлестіктермен халықаралық шарттары туралы келісімді ратификациялау туралы» және Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің терроризмге және экстремизмнің өзге де зорлық-зомбылық көріністеріне қарсы күресті жүзеге асыратын құзыретті органдарды материалдық-техникалық қамтамасыз етудегі ынтымақтастығы туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобаларын толығымен қабылдады. Аталған мәселелер бойынша Сыртқы істер министрі Бейбіт Атамқұлов пен Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары Нұрғали Білісбеков баяндама жасады. Осы мәселелер бойынша талқылауларға қатысқан депутаттар кез келген келіссөздер мен келісімдерде ұлттық мүдделерді барынша ескеру керектігін назарға алды.
Ал жалпы отырыстың соңына қарай орталық атқарушы органдардың басшыларына депутаттық сауал жолдаған сенаторлар қоршаған орта мен жануарлар дүниесін қорғау және браконьерлікке қарсы күресті күшейту, алыс-жақын елдердегі мұрағаттарға іргелі зерттеулер жүргізіп, тарихымыздың асыл қазыналарын қазақ жеріне әкелу, меншікке қылмыстық құқық бұзушылықтарға қарсы іс-қимыл бойынша ұйымдастырушылық, профилактикалық, түсіндіру және басқа да шараларды күшейту, оның ішінде мал ұрлығының алдын алуға басымдық беру, Түркістан облысы Ордабасы ауданында кіреберіс теміржолдарын салу және Қарағанды облысындағы Шахан кентіне салынатын орталық қазандық құрылысына қаржы бөлу мәселелерін көтерді.
Мәселен, сенатор Нұрлан Қылышбаев «Egemen Qazaqstan» газетінде бірнеше мәрте жазылған мүлік және мал ұрлығы мен оның алдын алуға байланысты жасаған депутаттық сауалына бұқаралық ақпарат құралдарында көптеген жарияланымдар және әлеуметтік желілерде бөтен мүлікті ұрлаудың жиілеп кеткен фактілері туралы талқылау себеп болғандығын атап өтті.
– Қылмыстық жолмен алынған мүлікті сатып алуды және сатуды жүзеге асыратын топ құрамында қылмыс жасаған адамдарға қатысты бөтеннің мүлкін қайталап ұрлау жағдайлары үшін жазаны қатаңдату жөнінде шаралар бойынша ұсыныстар енгізу қажет деп есептейміз. Мал басын есепке алуды және бірдейлендіруді күшейту (таңбалау, сырғалау, чиптеу) ветеринарлық анықтамалар мен паспорттарды беруді қатаң бақылауға алып, қажетті шаралар қабылдау қажет. Тиісті органдар күдіктілерге қатысты неғұрлым қатаң бұлтартпау шараларын қолдану қажет. Көп жағдайда күдіктілерге қатысты «ешқайда кетпеу туралы қолхат» немесе «кепіл» қолданылады. Осы себептен ұрлық жасауда негізделген күдіктілердің 5 мыңнан астам адам бостандықта қалуда. Қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінен босатылған адамдарды әлеуметтік бейімдеу және оңалту жөніндегі пробация қызметінің жұмысын күшейту қажет, – деді Н.Қылышбаев өзінің Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевқа жолдаған сауалында.
Серік ӘБДІБЕК,
«Egemen Qazaqstan»