01 Ақпан, 2019

Титан өндірісіндегі тың жаңалық жаңа бағытқа жол ашады

1281 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ғалымдар үйінде тұсауы кесілген тың жаңалықты мамандар отандық ғылымдағы соны жетістік деп бағалап отыр. «Титанның қышқыл су ерітінділеріндегі постэлектролиздік химиялық еру құбылысы» ғылыми жаңалығы осы уақытқа дейін беймәлім болып келген. 

Титан өндірісіндегі тың жаңалық жаңа бағытқа жол ашады

Осы ерекше құбылысты анықтаудағы ғалымдар ізденісі өткен ғасырдың 80-ші жылдарынан басталған-ды. ҰҒА академигі Әбдуәли Баешов, профессор Ажар Баешова, доцент Ғани Ізтілеуов сияқты ғалымдардың зор ізденісіне ғылыми жетекшілік еткен ҰҒА президенті, академик Мұрат Жұрынов осы оты­рысқа қатысушыларды титан­ның құрамына қатысты мәлі­мет­термен таныстырып, ғылыми жаңа­лықтың барысынан хабардар етті. Осы жаңалық үшін ав­торларға Мәскеу қаласы Халық­аралық ғылыми жаңалықтар мен өнер­табыстар авторларының қоғам­дық академиясы төралқа­сының шешімімен арнайы дип­лом табысталған.

Ғылым ордасындағы жаңа­лықпен бөлісуге келген Кенже­ғали Сағадиев, Көпжасар Нәрі­баев, Серік Қирабаев, Өмірзақ Айт­байұлы, т.б. елімізге белгілі ғалымдар игі ізденіске сәт-сапар тіледі.

Ғалымдардың пайымынша, ғылыми жаңалықтың еліміздің экономикасы үшін теориялық әрі тәжірибелік тұрғыда маңызы зор. Титанның өндіріске қажетті тұздарын, тотықтары мен басқа да қосындыларын өте тиімді оңай тәсілдермен пайдаланып, жарамсыз металл ұнтақтарынан алуға болады. 
Бүгінде әлемде сынық және үгінді күйіндегі титанның мол қоры жинақталған әрі олар өңделмеген. Ал дүние жүзі бо­йынша титанның ең ірі өндірісі «Өскемен титан-магний комбинатында» шоғырланған.

Химия ғылымдарының док­торы, профессор, жаңалық автор­ларының бірі Әбдуәли Бае­шовтің айтуынша, халықаралық дең­гейде жоғары бағаға ие болып отырған ғылыми жаңалық­тың мәнісі мынада: титан – мықты әрі тұрақты металл. Өз тобындағы басқа элементтерге қарағанда өте жоғары темпера­турада және ғарышта да бал­қымайды. Тотықпайды, тоттан­байды. Теңіз астында жиыр­ма жылдан астам уақыт жат­қанымен еш бүлінбейді, өзгеріске ұшырамайды. Көп­те­ген қышқылды титан ыдыс­тарда сақтауға болады. Алай­да, уақыт өте осы титаннан жа­салған бұйымдар тозады, ал қал­дық­тарды қорытып, одан да қажет­ті қымбат қоспалар алуға болад­ы. Мысалы, титанның үш валентті қосылысының 100 мл құны – 129 мың теңге. Тың жа­ңалықтың арқасында қосы­лыстарын 100 есеге дейін арзан шығаруға мүмкіндік туып отыр. Бүгінде химиялық өндірісте үлкен қондырғылар, реакторлар, зымыран, кеме, тіптен әскери ұшақтар да жасала бастады. Титанның таза қосылысын титанның өзінен алуға болады. 

Титан оксидін бояу жасау, дәрі өндірісінде қолданудың өзіндік ерекшеліктері бар. Себебі ол – экологиялық қауіпсіз. Ал гидрооксиді – сорбент, оны лас­танған суларды тазартып, бұ­лақ суындай мөлдір етуге бо­лады. Үш валентті қосылыс­тары катализатор және тотықсыз­дан­дырғыш ретінде қолданылады. Қос тұзы тері илеу өндірісінде таптыр­майтын өнім. Кейбір тері өн­ді­рісінде улы хром пайдаланы­латын болса, титан қосылыс­тарын пайдалану – өте қауіпсіз. Отандық ғалымдардың осындай тың жаңалығы химия мен титан технологиясы саласында жаңа бағытқа жол ашатыны сөзсіз.

Эльвира СЕРІКҚЫЗЫ, 

«Еgemen Qazaqstan»

АЛМАТЫ