Қазақстан • 02 Ақпан, 2019

«Барыс» «Йокеритті» тас-талқан етті

380 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Құрлықтық хоккей лигасының кезекті турында «Барыс» клубы «Йокеритті» 8-2 есебімен тізе бүктірді.

«Барыс» «Йокеритті» тас-талқан етті

Матчтағы алғашқы шайбаны «Йокерит» ойыншылары соқты. Кездесудің 8 минутында Сакари Маннинен мергендігімен танылған. Алайда көп ұзамай «Барыс» хоккейшілері есепті теңестірді. Қарымта шабуылда Әлихан Әсетов қарсылас қақпашысын қапы қалдырды. 

Ойынның екінші кезеңінде Брэндон Боченски астаналықтарды алға шығарған. Алайда Питер Регин таразы басын теңестірді. Бірақ екінші тайм аяқталар тұста Андре Петерссон есепті 3-2-ге жеткізді. 

Үшінші кезең елордалықтардың бенефисіне айналды. «Барыс» хоккейшілері қарсылас қақпасына жауапсыз 5 шайба соқты. Әуелі Роман Старченко мергендік танытса, кейіннен Андре Петерссон, Никита Михайлис, Егор Петухов, Мэттью Фрэттин қанжығасын майлады.

Осылайша, «Барыс» ойыншылары ҚХЛ-дың бесінші сатысына көтерілді. Ал Шығыс конференциясы бойынша астаналықтар екінші орынға жайғасты. 

«Барыс» пен «Йокерит» бұған дейін 8 мәрте кездескен болатын. Соның бесеуінде елордалықтар жеңіске бастар жолды жазбай тапса, үш ойында «Йокериттің» асығы алшысынан түсті.