Қазақстан • 04 Ақпан, 2019

Шымкентте төртінші мәрте үшем дүние есігін ашты

750 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Еліміздегі әрбір төртінші нәресте Шымкентте туылады. Осы сандық көрсеткішті дәлелдей түскендей күні кеше үшінші мегаполисте тағы да үшем дүние есігін ашты. 38 жастағы ана Фазила Досметованың сәбилерінің үшеуі де ұл бала. Алтын құрсақты ананың енді алты бірдей перзенті бар.

Шымкентте төртінші мәрте үшем дүние есігін ашты

Нәрестелер мерзімінен бұрын алты айлық кезінде туылған. Салмақтары 1500 және 1600 грамм. Жаңа өмір есігін ашқан сәбилердің алғашқыда жағдайлары ауыр болғандықтан, жан сақтау бөліміне жатқызылған. Бұл туралы қалалық перинаталдық орталықтың неонатолог дәрігері Мақсат Акпар айтып берді.

Мақсат Акпар, Шымкент қалалық перинаталдық орталықтың неонатолог дәрігері.

- Шалабайлардың өмірін аман алып қалу үшін қалалық перинаталды орталықтың медицина мамандары барын салып, аман алып қалды. Анасы мен сәбилері қазір өздерін жақсы сезінеді. Бір ай ішінде үшемдердің салмағы 2500 грамға жеткен.

Естеріңізге салар болсақ, былтыр қараша айында қаламыздағы перзентханалардың бірінде 35 жастағы ана Динара Нәлібаева Осман, Омар есімді екі ұл мен Зейнеп атты бір қызды дүниеге әкелген еді. Үшем қарашаның 24-не 33 апталық кезінде ота тәсілімен туылған. Динара Нәлібаеваның бұған дейін тағы екі қыз бір ұлы болған. Осылайша жас ана алты баланың анасы атанған еді.

2018 жылдың басынан бері Шымқалада төртінші мәрте үшем жарық дүние есігін ашты.

Бір қызығы, Шымшаһарда дүниеге келген нәрестелердің дені – ұл балалар. Қалалық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі таратқан хабарламаға сүйенсек, 2019 жаңа жылға қараған түні  шаһардағы перзентханада 27 ұл бала дүниеге келіпті.

Нұршат ТӨКЕН,

«Egemen Qazaqstan»

Шымкент