Әлем • 04 Ақпан, 2019

Маңызды құжаттың күші тоқтады

416 реткөрсетілді

2 ақпаннан бастап АҚШ пен Ресей 1987 жылы қол қойылған Орта және шағын қашықтықтағы зымырандарды жою туралы шарттан шықты. Бұл құжаттың күші жойылуы мүмкін екенін АҚШ президенті Дональд Трамп былтыр күзде ескертті. АҚШ тарапының пікірінше Ресей жоғарыда айтылған құжаттың талаптарын орындамайды.

Нақтырақ айтсақ, Ресей 9M729 (НАТО классификациясында SSC-8) зымыранын қолданып келеді, оның ұшу қашықтығы шарт­та көрсетілген шектеулерден асып кетеді деген айып тақты. Ал Ор­та және шағын қашықтықтағы зымырандарды жою туралы келі­сім АҚШ пен Ресейге 500-1000 және 1000-5500 шақырымға ұша­тын зымырандарды қолдануға, өн­діруге тыйым салады. Оған 1987 жылы Михаил Горбачев пен Рональд Рейган қол қойған еді.

Ресей тарапы аталған зымыран­ның бар екенін, оның «Искандер-К» кешені үшін жасалғанын, бірақ 500 шақырымға дейін ұшатынын мәлімдеді. Тіпті 2017 жылы Ка­пус­­тин-Яр полигонында өткен сынақта зымыран 480 шақырымға жеткенін хабарлады. Яғни, зымыран талаптарға сай екенін дәлел­деуге тырысты. Бірақ АҚШ құр сөз­ге сене қоймады. 

Ресей де Американың келісім талаптарын бұзып жатқанын бұған дейін айтқан болатын. АҚШ құпия түрде шарт тыйым салатын баллистикалық зымыран түрлерін сынақтан өткізді деп айыптаған еді. Бұл екі елдің текетіресінде деректер шешілмеген мәселе болып тұр. Қос тарап та қарсы жақты айыптайды, ал бірақ нақты айғақ келтірмейді, тек барлау қызметінің берген мәліметіне жүгінеді. Екі жақ та келісім талаптарын орындап жатқанын айтады, алайда өз ұстанымын дәлелдей алмайды. Себебі әскери мәліметтер құпия. Оған қоса АҚШ пен Ресей де өзіне тағылған айыптарда деректер аз деп, оларды мойындамайды. 

АҚШ бұған дейін де КСРО-мен жасалған маңызды құжаттан шығып үлгерген. Джордж Буш 2001 жылы зымыранға қарсы қорғаныс шартының талаптарын орындаудан бас тартты. Нәтижесінде АҚШ Польшаға ірі кешендерін әкеліп, жайғастырды. Ал Ресей жауап ретінде Искандер зымыран кешендерін Еуропаның қақ ортасындағы территориясы Калининград облысында орнатты.

Ресей мен АҚШ жоғарыда сөз болған шарттың күшін бірдей тоқтатқан соң келесі маңызды құ­жаттың тағдыры күмәнді болып қалды. Ол 2010 жылы Дмитрий Медведев пен Барак Обама қол қойған Шабуылдаушы қаруларды қысқарту туралы шарт. Ол құжат екі елдің ядролық зарядтарын 1550 данаға дейін қысқартып, әлемдік қауіпсіздікке үлесін қосқан еді. Бірақ шарт 2021 жылға дейін жасалған. Енді 2 жылдан соң ол құжат мерзімінің одан әрі ұзартылуы соңғы оқиға­дан соң қиындайтыны анық. Тіпті тоқтауы да мүмкін.

Нұрмұхамед БАЙҒАРА, 

«Egemen Qazaqstan» 

Баннер
Соңғы жаңалықтар

Карнегиде ән салады

Руханият • Бүгін, 10:21

«Хат қоржын» (27.06.2019)

Қоғам • Бүгін, 10:18

Арыс, біз біргеміз!

Аймақтар • Бүгін, 09:53

Апатта босанған ана

Аймақтар • Бүгін, 09:36

Газ құбыры құрылысы ойдағыдай

Қазақстан • Бүгін, 09:33

Салық жүйесі жетілдіріледі

Экономика • Бүгін, 09:28

Зардап шеккендермен кездесті

Аймақтар • Бүгін, 09:27

Кемеңгерлік келбеті

Қазақстан • Бүгін, 09:23

Агросектордың әлеуеті қандай?

Қазақстан • Бүгін, 09:15

Апаттың алдын алу мүмкін бе еді?

Аймақтар • Бүгін, 09:13

«Егеменнің» еңбегі еленген күн

Қазақстан • Бүгін, 09:03

Әрі ақын, әрі жазушы

Руханият • Бүгін, 00:18

Ұқсас жаңалықтар