«Қызыл дәліздің» көмегі
Елордадағы №2 қалалық аурухана – жоғары мамандандырылған медициналық көмек көрсететін 360 орындық көпбейінді стационар. Яғни түрлі профильді мамандарды шоғырландырған жедел диагностикалау мен пациенттерге жоғары деңгейде медициналық көмек көрсетуде бар жабдығы мен жайы сай клиниканың бірі. №2 қалалық аурухананың бас дәрігері Иван Ли «Астана – адалдық алаңы» жобасы аясында журналистерге әдеттегіден өзгеше «Қабылдау бөлмелерін» таныстырды.
Қабылдау бөлмелері бірнеше дәлізге жіктеліпті. Ең жеделі – «Жедел жәрдем» көмегі арқылы аса шұғыл түрде жеткізілетін ауыр халдегі науқастар үшін арнайы жабдықталған, бірнеше қызыл перделі боксқа бөлінген «Қызыл дәліз». Бүгінде медицинаға енгізілген цифрландырудың нәтижесінде «Жедел жәрдем» дәрігерлері пациенттің жағдайын ауруханаға жетпей тұрып хабарлау мүмкіндігіне ие болған. Ауырған жанның ЖСН арқылы оның бойында қандай созылмалы сырқаты барлығы, қандай дәріге аллергия беретіні, қысқасы ағзасындағы ауруларының дерегі компьютерде сақталады. Ал аурухана диспетчерлері көліктің қай маңда келе жатқанын көріп, қандай мамандардың қажеттігін нақтылап, пациент «Қабылдау бөліміне» жетпестен бұрын, дәрігерлерді сақадай сай дайындап қояды. Өйткені мұндай сәтте секундтардың өзінің атқаратын рөлі бар. Ал «Қызыл дәлізді қабылдау бөлімі» жабдықталуы жөнінен әлемдік озық клиникалардан еш кем емес. Жүрек және қан тамырлары, өкпе жүйелері жұмысын атқара алмай жатқанда оны алмастыратын арнайы аппараттармен, тіпті қажет болса ота үстелі болып кететін жылжымалы төсек, ультрадыбыстық зерттеу, жүрек соғысын жазу сынды толып жатқан басқа да керекті қондырғылармен жабдықталған бокстардағы цифрлы әлем дертті жанға түрлі көмек көрсетеді.
«Сары дәліз» қызылға қарағанда жеңілдеу болғанымен, пациенттің жанына батып, жедел стационарлық көмек көрсетуді талап ететін ауруларды қабылдайды. Бұл жерде де келген ауру айнаға түсу, қан тапсыру, әлдеқалай қажетті анықтаулардан өту барысында аурухананы шарламайды. Барлығы «Жедел жәрдем» қалдырғаннан кейінгі төсектің үстінде жасалады.
Сондай-ақ «Жасыл дәліз» жоспарлы түрде емделетіндерді қабылдайтын бөлім. Мұнда келуші электронды дүңгіршектен кезек түбіртегін алып, таблодан өзіне тиесілі санның жануын күтеді, әрі қарай қажетті стационарлық бөлімге жатқызылады.
QR код – тұтынушыға көмек
Жуырда Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінде елордалық ауруханалардың қызмет көрсету деңгейін көтеру бойынша өткізген брифингте кейбір медициналық мекемелердің палаталары мен қабылдау бөлімшелерінде емделушілерді қабылдау процедурасының нақты ережесінің жоқтығы, кезекте 1 және 2 сағаттан артық күту фактілері кездесетіні, стационарлық емдеуде палаталардың жөндеу жұмыстарын жүргізуді, сондай-ақ терезелерін ауыстыруды қажет ететіні айтылған. Жоба кеңсесінің жетекшісі Жазира Жылқышиева Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасымен бірлесіп, тұрғындарға түсінікті әрі қолжетімді түрде цифрлы, қағаз және аудио-визуалды форматта алгоритм жасақтау қолға алынатындығын атап өткен болатын.
Сондай-ақ аталған жиында Астана қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Камалжан Надыров жоба шеңберінде жүзеге асырылған жаңашылдық үлгілері туралы баяндаған. Оның айтуынша, биыл ақпан айынан бастап емханалардың бас дәрігерлерінің халыққа атқарылған жұмыстар туралы ай сайын есеп беруі жүргізіледі. Осылайша, емханалардың бас дәрігерлері емханаға тіркелген тұрғындармен тығыз қарым-қатынас орнатып, мәселені «қажетті жерде және жедел көмек көрсету» қағидаты бойынша шешеді және әрбір емдеу мекемесінде арнайы QR код орналастырылды. Онда қолында гаджеті, смартфоны бар әр адам сканерден өткізу арқылы сауалнамаға өтіп медициналық ұйымның жұмысын, «Смарт-Астана» мобильді қосымшасы арқылы өзіне көрсетілген көмек пен аурухананың қызмет сапасына қатысты пікірін жане өз бағасын береді.
QR кодтардың енді бір пайдалы жері жалған еңбекке жарамсыздық туралы анықтама берудің жолын кесуі. Камалжан Надыровтың айтуынша, бұдан былай медициналық ұйымдарда еңбекке жарамсыздық парағының заңдылығын тексеру үшін «Смарт-Астана» мобильді қосымшасында ақпараттық қызметке қоса бланктегі QR кодтың болуы оның жалған еместігінің дәлелі болмақ. «Осылайша, жұмыс беруші берілген медициналық құжаттың шынайылығын дербес тексере алады», деді К.Надыров.
Цифрлы жүйе уақытқа үнем
Цифрлы жүйенің уақытқа қанша үнем екеніне Астана қаласының Наркология және психотерапия орталығы мен қалалық №4, 8 емханаларға барғанда көзіміз жетті.
Еліміздегі наркологиялық бейіндегі ұйымдардың үздігі саналатын орталықтың жоғары білікті мамандары, дәрігерлер, психотерапевтер, психологтар маскүнемдік, нашақорлық пен токсикоманияға, ойынқұмарлыққа шалдыққан науқастарға тиімді мамандандырылған көмек көрсетуде цифрлы жүйені кеңінен пайдаланады. Қан құрамында қаншалықты зиянды заттың бар екенін анықтап, оны нақты танып, атын атап беруге көмектесетін арнайы кітапханасы бар зертхана қондырғысы заманауи цифрлы технологияға негізделген. Кітапхана жүйе ішіндегі бағдарлама екенін айта кеткен жөн.
Емханалардағы цифрландыру көмегіне сүйенген жаңалықтар дәрігерге де, пациенттерге де қолайлы. Алдымен тіркеу бөлімінің алдындағы сарылған кезекті жою, дәрігерге жазылуда арнайы қосымшаларды пайдалану, оның үстіне емхананың кіреберісіне қойылған таблоға ЖСН арқылы еш қиындықсыз қажетті маманға жазылу осыдан бірнеше жыл бұрын айтылғанда ертек тәрізді естілетін. Ал қазір бәрі іске асырылуда.
№4 емханада QR-код пен жабдықталған медициналық білезігі бар пациентке жолықтық. Қант диабеті және артериялық гипертензиямен ауыратын пациент білезік таққалы дәрігермен арадағы байланыстың жақсарғанын жеткізді. Дәрігерлер QR-код арқылы сырқат жан туралы ақпарат алып, оның жағдайына қарай еміне өзгерістер енгізуге мүмкіндік алса, науқастың туыстары егер пациентке бір жағдай туса оның жағдайы туралы лезде хабарлама алады екен. Бұл, әсіресе науқас тілден айрылып қалған кезде өте маңызды. «Статистика бойынша қабылдау бөліміне күн сайын 500 науқас ес-түссіз түседі. Осындай уақытта қолында білезігі бар науқас жайында дәрігерлер барынша толық ақпарат алады. Бұл адам өмірінің сақталуы және дәрігердің тез және нақты көмек көрсетуіне жол ашылуы дер едік. Қолында білезігі бар әр науқастың «жеке кабинеті» бар және онда пациент өзінің фотосын, өзге байланыс ақпараттарын өзгерте алады», дейді емхананың бас дәрігері Серік Шаймерденов.
Қысқасы, цифрлы жүйе пациентке көмекке келді, әрі барлық медициналық қызметтің ашық көрсетілуіне жол ашып отыр.
Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ,
«Egemen Qazaqstan»