Талғат Теменовтің кейіпкері Гүлназ көптеген көрерменнің жадында. «Махаббат стансасы» фильмінің ішкі табиғатын ұстап тұрған әдемі сезім шынайы суреттелген. Жүрекке жететін туынды. Ал экранға араға жылдар салып жарыққа шыққан Ернар Нұрғалиевтің «Тағдыр стансасы» фильмінің айтары басқа.
Гүлназ – кілтті кейіпкер. Екі фильмге де ортақ – үндестік. Шығармашылық байланыс. Ішкі дүниесіндегі сырын кейіпкер Гүлназдың тілімен жеткізу. Оның үні – меніңше, Баян Мақсатқызының өмірінде маңызды рөл атқарған. Шығармашылық алғашқы қадамы. Актерлік еңбегі.
Шығармашылық үдеріс – күрделі. Онда ешнәрсеге кепілдік жоқ. Өнердің адамдары – тәуекелшіл келеді. Олар рухтың күшіне сенеді. Алапат сезімдерді басынан өткереді. Осы күй Баянды өзінің өнер жолындағы ұстазы, өзіндік орны бар Талғат Теменовтің авторлық туындысындағы өзі сомдаған кейіпкер Гүлназдың бейнесіне қайта оралуға, оның тілінде қоғаммен қайта сырласуға ықпал еткен.
«Тағдыр стансасындағы» Гүлназдың үні керісінше, күрделі. Бұл фильмнің табиғаты мен айтарын түсіну үшін сезімтал да, өрелі түйсік керек. Бұл да әйел табиғатының тілін түсінгендей күрделі. Ашып айтпаса да, сезімімді түйсініп ал дейтін жұмбақ әлем. Фильм айыптауды қажет етпейді. Керісінше, махаббатсыз да бірін-бірі алдап күнелтудің жолын үйренген қоғамның сезімдерінің бетпердесін астыртын түрде шешеді.
Бүгінгі қоғамға шынайы махаббат тақырыбына арналған фильмдер жетіспейді. Бұл жүрекпен түсінісуден гөрі, жеккөрініштің анайы тілінде көп артық сөзге құмар қоғамның диагнозы. Түсінісу – жүрекке, айыптау – көп жағдайда, азғындыққа жол ашады.
Махаббат – масштабты. Ол тек екі жастың арасындағы сезіммен өлшенбейді. Белгілі бір идеяға деген махаббат та болуы әбден мүмкін. Бұл дүниеде махаббатпен жасалған дүние – құнды. «Тағдыр стансасы» Гүлназдың бейнесіне ерекше сүйіспеншілікпен жасалған туынды.
Жастық шақ, балалық махаббат, тазалық, үлкен өмір, таңдау, тағдыр, өкініш, мойындау. Осының бәрі фильмде ерекше сезіммен беріледі. Махаббатпен отбасы құрудың маңызы түсіндіріледі. Үлкен қателіктердің түпкі негізінде таңдаудың шешуші рөлге ие екендігінің мысалын көрсетеді. Таңдау – адамның тағдырына әсер етеді. Фильмде адамның таңдауының бейсаналық деңгейдегі рөлінің маңызы көрсетіледі. Қаладым, таңдадым дегенің кейде – жүрегіңнің әмірімен бір болмауы мүмкін.
Фильм мағынасының астарында жасырынып жатқан басты құпия – Гүлназдың таңдауы. Оның тағдырына ықпалы. Шешімі. Мәжбүрлілігінің себебі. Тағдырына таққан айыбы. Амалының жоқтығы. Шарасыздығы.
Өмірдегі шешімдерінің салдары – балаларының өмірде бірге жолығуымен түсіндіріледі. Өткенге өкініш – үмітке қайта жалғасады. Балаларының бір-біріне деген махаббатын сақтауға ықпал жасау – бұл фильмде ата-аналарының басты ортақ шешімі болып табылады.
Фильмнің жарыққа шығуына Талғат Теменовтің кейіпкері Гүлназдың ықпалы зор. Әйел затының болмысын аша алған автордың шеберлігі. Оның табиғатына тән нәзіктігін бейнелей алған суреткерлігі.
Бүгінгі кинода осындай ерекше туындылардың идеясын қайта жаңғырту үрдісі қалыптасқан. Бұл – қалыпты үдеріс. Түпнұсқалық кейіпкермен қайта қауышуға деген құштарлық. Тақырыпқа деген сағыныш. Мүмкін идеялық дағдарыс?! Қандай жағдай да бұл тәсіл өнердегі тұлғаларға ойын жеткізуге жасалған шығармашылық мүмкіндік. Идеяның құндылығы. Тақырыптың өзектілігі.
«Махаббат стансасы» – алғашқы махабатты сақтауға дәрменсіз болған шарасыздықты бейнелесе, «Тағдыр стансасы» – өз тағдырларының құрбанына айналған ата-ананың балаларының бір-біріне деген сезімін сақтауға жасалған кемел шешімін ашып көрсетуімен құнды.
Бір-біріне қадам жасау. Кешіру. Махаббатқа құрметпен қарау. Түсіну. Осының бәрі «Тағдыр стансасы» фильмінде ашылған.
Гүлзат КӨБЕК,
кинотанушы, өнертану PhD докторы