05 Ақпан, 2019

Полицейлерге әкімнің ғана жоғын жоқтау жүктелген бе?

799 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымовтың «велосипеді» ұрланды. Ілгеріде. Іздеу салып, дабыл қаққан жоқ. Әкім арызданбаған да болар, бірақ тиісті орындарға құлаққағыс еткен шығар. Бұл жағы бізге беймәлім. Анығы әкімнің велосипедінің табылғаны. Оны Шымкент қаласы әл-Фараби аудандық полиция бөлімінің сол кездегі бастығы Сейітжомарт Сейітханнан естігенбіз. Жұртқа жария етілмеген бұл оқиғаны еске алуымызға ұрланған тағы бір велосипед себеп болып отыр. Өкініштісі, сол әкімнің «көлігін» тапқан полиция қызметкерлері қарапайым тұрғынның ұрланған заттарын іздеуге мүлде құлықсыздық танытуда.

Полицейлерге әкімнің ғана жоғын жоқтау жүктелген бе?

Болған оқиғаны басынан баян­дай­ық. Соңғы үш жылда үйімізге үш рет ұры түсіп, жиған-терген біраз дүниеміздің орнын сипап қалдық. Әрине адал еңбекпен, маңдай термен келген дүниенің қолды болғанына ішің ашиды. Табылар деген үміт те алғашқыда тыным таптырмайды. Мұндайда полициядан көмек сұрайтыныңыз анық. Сенгенбіз біз де, алғашқыда. Ал қазір ұрылардан бұрын солар­ды есіртіп, тым еркінсітіп жіберген поли­цейлерге деген өкпе қара қазан­дай, сенім азайған. Ал­ғаш­қы тонауға 2016 жылы ұшы­радық. Ұрылар сыртқы есік­тің құлпын бұз­ып кіріпті. Ал­тын бұйымдарды, азын-аулақ ақшаны алып кеткен. Бөлмелерді асық­пай ақтарып, еркін қимыл­да­ғандарына қарағанда кәнігі ұрылар сияқты. Сол жолы полиция шақырғанымызбен, олар­ды оқиға орнына келтіре алмадық. Соныменен бәрін «садақаға» атап, «бар жаманат сонымен кетсінге» ырымдап, қазақы сабырлықпен жылы жауып қоя салғанбыз. Келер жылы ұрылар дәлізде тұрған қызымның «велосипедін» ұрлап кетті. Сол жерде тұрған 3-4 «темір тұл­пар­дың» ішінен қымбатын алып кеткеніне қарағанда, шамасы, ұры­лар алатын заттарының баға­сын ажырата алатын сауатты болған-ау дедік. Біз тұратын «Сұңқар» тұрғын үй кешенінің маңайында дүкен, мейрамхана сияқты коммерциялық нысан көп. Қазір бақылау камералары дегеніңіз кез келген дүкенде бар емес пе? Бірақ жекеменшік нысандардың иелері бейнежазбаны бере салмайды. Ұрылар осы камералардың назарына ілігіп қалған шығар деген ойымызды учаскелік инспекторға айттық. Ол бұл ойды құп көргенімен, бәрібір бейнежазбаны алмады. Қо­лы­нан келмеді емес, соны қарау­ға, іздеуге құлық танытпады. Қыл­мысты ашуда, оның алдын алу­да учаскелік инспекторларға жү­ктелген міндет үлкен. Инспек­тор­­лар­дың белсенділігін кү­шей­­ту үшін кейінгі жылдары жалақылары көбейді, құзыры күшей­ді, мемлекет қолдан келген жағдайдың бәрін жасап жатыр. Бірақ соның қайтарымы бар ма? Полицейлерден қайран болмаған соң Шымкент қаласы әл-Фараби аудандық полиция бөлі­мінің сол кездегі бастығы Сейіт­жомарт Сейітханның қабыл­дау­ында болып, мән-жайды баяндадым. Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымовтың ұр­­лан­ған велосипедін тауып бергендерін айтқан бастық қол­дары­нан ұрыны ұстау келетінін білдір­гендей болды. «Біз әкім Әбдірахымов емеспіз ғой, таба аласыздар ма?» – деген сауа­лы­ма полиция бастығынан «Таба­мыз», – деген сенімді жауапты естідім. Өкінішке қарай, олай болмай шықты. Осын­дай­да қазақтың «жаман – қорық­қа­нын сыйлайды», «жақсы – сый­лағанының құлы, жаман қорық­қанының құлы» деген мақал­да­ры еске түседі. Полиция қыз­мет­кер­ле­рін қорыққанының құлы болды дегіміз жоқ, бірақ ұрылардан зәбір көрушілерді алалағандары түрлі ойға жетелейді.

Үшінші рет пәтерімізге ұрлық жуырда жасалды. Бұл жолы ұры­лар пәтер есігін кілтпен ашқан. Кілтпен ашты ма, әлде арнайы құрылғылардың көмегіне жүгінді ме, белгісіз, әйтеуір, құлып бұзыл­ма­ған. Алтын бұйымдардан бөлек, ұлымның ноутбугін алып ке­тіпті. Қолды болған дү­ние­­лер­дің ішінде су жаңа аяқ киімдер мен ескі костюм-шалбар да бар. Екі жас жігіт осы заттардың бәрін менің спорттық сумкама салып әкеткен. Олай дейтінім, үй маңындағы бақылау камераларындағы бейнежазбадан бәрі анық көрініп тұр. Учаскелік инспектор Дінмұхамед Бекболатұлын қанша шақыр­ғаны­мыз­бен, оқиға орнына келтіре алмадық. Алдыңғы ұрлықтан сабақ алғанбыз, үйдің шыға бері­сіне, ауласына қойыл­ған ка­ме­ралардағы бейне­жазбаны кө­ші­ріп, учас­келік инс­пекторға «флеш­каға» да, ар­найы дискіге де жаз­ып бердік. Артық болмас деп ұя­лы телефонына да жүктеп жіберген болатынмын. Бірақ одан ешқандай нәтиже жоқ. Тіпті теле­фон тұтқасын көтермей, жауап­тан жалтарып та жүр. Ал оқиға орнына келген полицейлер бөлмені әрі-бері қарап, саусақ іздерін алып, істі Мархабат деген тергеушінің жүргізетінін айтты да кетіп қалды. Алайда, әжептәуір үміт артқан тергеуші, ешнәрсе тындырмады. Тіпті бейнежазбаның да қылмысты ашуға септігі тимейтінін алға тартты. Қылмысты ашу үшін полицейлерге ұрының өзін ұстап беру керек немесе мекенжа­йын көрсету ғана қалған сияқты. Әйтпесе тергеушілердің орындарынан қозғалуы өте қиын екеніне көз жеткіздік. Аудандық полиция басшысы Сейітхан Сейітжомарттың (бүгін­де ол басқа қызметте – Ғ.Е.) қабыл­дауы­на тағы кіріп шықтым. «Табамыз, жұмыс істеп жатырмыз», деген кезекті уәдесімен шығарып салды. Учаскелік инс­пектор да, тергеуші де, полиция басшысы да осылай деп уәде береді. Бірақ не тергеушілерден, не учаскелік инспектордан хабар жоқ. Осындай бір қылмыстың болғанын, ол бойынша арыз­дан­ушының барын ұмытып та кеткен сияқты. Жергілікті полицейлердің осылайша өз міндетіне жауап­сыздықпен қарауы Ішкі істер министрі Қ.Қасымовты алқалы жиындарда жерге қаратып та жүр. 

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев поли­цей­­­лер­­ге деген көзқарас өз­гер­уі, олардың қыз­меті ең алдымен халыққа көмек­те­суге бағытталуы керек екенін айтқан да болатын. Ішкі істер органдарының жұмысы қоғам күт­кен сенімді толық ақтай алмай отырғанын ескертті де. Өз басымнан өткен жоғарыдағы оқиғалар да, полиция жұмысына шағымданып журналистердің көмегіне жүгінушілердің көптігі де погонды азаматтардың ісін осылай бағалауға себеп болып отыр. Шымкент қаласы жалпы тір­келген қылмыстардың саны бойынша республикада ал­ғаш­қы алтылыққа кірсе, мүлікті заң­сыз иеленумен байланыс­ты қылмыстар, атап айтқанда, қарақ­шы­лық, ұрлық, алаяқтық бойынша да алдыңғы орындарда екен.

Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,

«Egemen Qazaqstan»

ШЫМКЕНТ