Осы орайда қазақтың тарихын образдар, ұлттық характер, адам тағдыры арқылы ажарлап, ұлт руханиятының құндылығын жүрекке жеткізе жазудың шеберлігін танытқан Мұхтар Әуезовтің «Қараш-Қараш оқиғасы» (1927, 1936, 1960) атты повесінде бейнеленген тарихи тұлғалар әкелі-балалы Рысқұл мен Тұрарды тану мен таныту төңірегінде ой өрбітсек артық болмас деп ойлаймыз. Өйткені аталған екі тұлға да тарих пен сөз өнерінде де, Әуезовтің ғана емес, қазақтың Құнанбайы мен Абайындай өшпес із қалдырған атақты да ардақты азаматтары.
Ұлылық – өмірге ұлы ұрпақтар келтіретін халыққа тән қасиет екендігін де осы тарихи тұлғалар тағдыры ұмыттырмасы тағы анық.
Мұхтар Әуезов – жазушы жауапкершілігін жеке адамның емес, бүкіл халық тағдыры, жаны, психологиясы, табиғаты, ой-арманы, мың қатпарлы ішкі құпия сырлары мен түрлі сезімдік көңіл күйлері, психологиялық, көркемдік-эстетикалық, эмоциялық құбылыстары, т.б. деп қабылдаған қаламгер. Сондықтан да болар М.Әуезов шығармашылығының басты ерекшелігінің өзі кейіпкерлерінің түп тұлғалары (прототиптері) бар екендігі. Келешектегі көркем шығармасына өзек болар оқиғаны зерттеушілік зердеге салмай, суреткерлік сүзгіден өткізбей, оқиға өткен өңір мен кейіпкердің өскен ортасы мен тұрған жерін егжей-тегжейлі танып, көңіліне түймей қолына қалам алмаған қаламгердің бұл қасиетін бүкіл мұхтартанушы ғалымдардың (З.Ахметов, К.Сыздықов, М.Мырзахметұлы, Р.Нұрғали, Т.Әкім, Т.Жұртбай, т.б.) зерттеулеріндегі пікірлер мен жазушы мұрағатындағы жолжазбалар, «Абай жолынан» бастап «Өскен өркенге» дейінгі шығармаларын жазу барысында жинаған қойын дәптерлері, күнделіктер тобы дәлелдесе керек. Әсіресе, жазушының Оңтүстік өңірге сапары жөніндегі толық мәліметті көрнекті ғалым, абайтанушы, мұхтартанушы М.Мырзахметұлының «Әуезов және Абай» (Алматы: «Қазақстан», 1996, 272-б.) зерттеуінен де қарауға болады.
Көрнекті суреткердің әр туындысының жазылу тарихы мен шығармашылық өмірбаянының өзегін құрайтын творчестволық тәсіл «Қараш-Қараш оқиғасы» повесіндегі кейіпкерлер тағдыры мен табиғатын бейнелеуде де ерекше көрінеді. Айталық, сондағы бас кейіпкер Бақтығұл – өмірдегі Рысқұл, көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, дипломат, көсемсөзші Тұрар Рысқұловтың (1894-1938) әкесі. Бақтығұл-Рысқұлдың (1859 жылы туған, қайтыс болған жылы белгісіз) повестегі бейнесі мен тарихтағы тұлғасы бүтін бір көркемдік тұтастықты құрап, кейіпкердің табиғи болмысы, мінез-құлқы, іс-әрекеттері, оның өмір сүрген ортасы, ондағы жер-су аттары, табиғат көріністері шынайылығымен талай жұртты тәнті еткені белгілі.
Сана-түйсігі ояу, саналы азаматтың арманы еркіндік екені әмбеге аян.
Бүгінгі біздің мақсатымыз бұл шығарманы талдау емес, ұлы суреткер Мұхтар Әуезов тағдырындағы әрі Әуезов таныған, мойындаған, туындысы арқылы әлемге танытқан тарихи тұлғалар – Тұрар Рысқұлов пен оның әкесі, «Қараш-Қараш оқиғасы» повесіндегі басты кейіпкер – Бақтығұлдың прототипі – Рысқұл тағдырының тағылымын тағы бір жадымызда жаңғыртып, жас ұрпаққа берер үлгісіне үңілу. Өйткені ұлы қаламгердің қолынан шыққан әрбір сөз, әрбір бейне қазақ тарихы, қазақ әдебиетімен бірге өмір сүріп, ұрпағымыздың өз ұлтына деген, оны құраған тарихи тұлғаларға деген құрметі мен мақтанышын туғызары хақ. Елбасы айтқан «...Ұлы даланың ұлы есімдерін» құрайтын қазақтың даңқты ұлдарының бірі Тұрар Рысқұлов ұлы суреткердің замандасы, рухтасы ғана емес, оның әлем әдебиетіне ең көп аударылған даңқты туындысына тақырып тауып беруімен де ел есінде.
Енді Қазақстан мен Орталық Азия республикаларының шаруашылығы мен мәдениетін дамытуға үлкен үлес қосқан тарихи тұлға Тұрар Рысқұлов пен Мұхтар Әуезовтің таныстығы, достығы қайда, қашан басталды деген сауалға жауапты көрнекті тарихшы ғалым Кеңес Нұрпейісовтің «Мұхтар Әуезов энциклопедиясы» (Алматы: «Атамұра» баспасы, 2011) деген еңбегінен аламыз. Қазақты орны толмас қайғы-қасіретке ұшыратқан сталиншіл-голощекиншіл «Кіші Октябрь» саясатына қарсы шығып, ашаршылыққа ұшыраған халқына ара түскен көрнекті қоғам қайраткері Тұрар Рысқұловтың Алашорда жетекшілерімен идеялас, рухтас болып бірге еңбек еткені тарихтан белгілі. Т.Рысқұлов өзі билік басында отырған кезінде Мұхтар Әуезовтің Ташкентте ғылыми, педагогикалық және шығармашылық жұмыспен шұғылдануына көп қамқорлық көрсеткен.
Ал Рысқұлдың өжет бейнесі Мұхтарды қатты қызықтырып, оның өмірбаянын өзек етер шығарма жазуды жоспарлайды. Жазушының өтініші бойынша Тұрар 1923 жылы Жетісу облыстық революциялық трибунасының төрағасына хат жазып, әкесі Р.Жылқайдаровтың сот ісі туралы мұрағат деректерін іздестіріп, алдыртады.
Көрнекті ғалым, академик Рымғали Нұрғали жазушының Оңтүстікке сапарының тарихы ілгеріде-ақ басталғаны, оның Ташкентте жүргенде тарихи тұлға Тұрар Рысқұловпен бірге жүріп, сырлас серік болғаны, оның арты Т.Рысқұловтың өмірі, әкесінің тағдыры туралы көп томдық шығарма жазу идеясына ұласқаны, соның нәтижесінде «Қараш-Қараш оқиғасы» атты тамаша туындының өмірге келу тарихы туралы айта келіп: «...«Қараш-Қараш оқиғасы» ойдан алынбаған. Бұл жағынан М.Әуезов оқшау жазушы. Ол жер, кейіпкер атын өзгертпейді. Әдебиетшілер повеске арқау болған Т.Рысқұловтың әкесінің басынан өткен оқиға екенін дұрыс айтады. Географиялық атаулар сәл өзгерген, адам аттарында өзгеріс бар. Мұнда күрескер бар. Мұндағы атылған оқ – Ғазизалардың кегі. Бақтығұл санасындағы психологиялық құбылыстарды, сапалық эволюцияны көреміз», деп жазушының шығармашылық зертханасынан сыр шертеді (Р.Нұрғали. «М.Әуезов және Алаш. Әдебиеттегі ұлттық рух». Көмекші оқу құралы. Алматы: «Санат», 1997).
Жалпы, әдеби шығарма тарихын түгендеу, автордың идеялық-шығармашылық мақсаттарын анықтау, яғни шығармашылық үдерісті қадағалау, т.б. сынды ғылыми-теориялық мәселелер әдебиеттанушылар мен мұхтартанушы ғалымдардың еңбектерінде әр кездері әртүрлі деңгейде жазылып жүр және әлі де зерттеліп келеді. Бұл – мәтінтанудағы маңызды мәселелер. Ширек ғасыр бойы шек қойылған бұл шығарма 1960 жылы қазақ тілінде, ал 1961 жылы «Дружба народов» журналының №7 санында А.Пантиелевтің аудармасымен «Выстрел на перевале» деген атпен орыс тілінде жарық көрді. Содан кейін ғана жолы ашылған туынды аз ғана уақыттың ішінде түрлі жинақтарда бірнеше рет жарық көріп, көптеген шет тілдеріне аударылып кеңінен танылды.
Көкейінде қордаланған мол білімі, көзі көріп, куә болған, үзбей ізденіп, жазып жүрген тарихи фактілері мен қазына-қоры бай мұрасы бар Мұхтар Әуезовтің соңғы жылдары жарық көрген шығармаларының 50 томдық толық жинағынан (Алматы: «Ғылым», 1997-2011ж.ж.) өзге де мұражайындағы араб, латын, орыс графикасымен, түрлі сиямен, қарындашпен жазылған қолжазбалары әлі де қоңды. Осы қолжазба, жолжазбалар мен алғашқы жылдары ақ қағазға өз қолтаңбасымен түскен түпнұсқаларындағы аптығы басылмаған асығыс-ой ағымдары арнасынан асып-төгіліп жатқан мұхиттай тереңдікті танытады. Ойда әбден пісіріліп, толғағы жеткен тақырыптарын кейін тәжірибесі молайып, тұрмысы түзелген мезетте машинисткаға, стенографисткаға айтып жаздыруды дағдыға айналдырса да айтылмай қалған сырлары, жазылмай қалған қаншама құнды ойлары, жоспарда болған, бірақ қағазға түспеген қаншама трилогиялар мен 7 кітаптан да асып жығылатын шығармалар шоғыры елес беретіндей. Жоғарыда келтірілген қысқа-қысқа әдеби фактілер Мұхтар Әуезовтің ойында болғанымен, орындалып үлгермеген талай туындыларының тумай жатып тұншықтырылғанын да танытады. Алайда, сол 60 жылдық өмірінің өзін найзаның ұшында өткізсе де ұлт мұраты жолында адал қызмет етудің өшпес үлгі-өнегесін көрсетіп, «Қараш-Қараш оқиғасы» сынды өлмейтін көркем мұраларды ұрпаққа мирас етіп кетті.
Осы орайда, Елбасының мақаласында айтылған міндеттер мен жоспарларды ұлы тұлғалардың туындылары төңірегінен таратып, іске асыра білсек, ұлттық құндылықтарымыздың құнары артып, қатары көбейері сөзсіз. «...Еліміздің тарихи кезеңдерін кеңінен қамти отырып, «Ұлы дала тұлғалары» атты ғылыми-көпшілік серияларды шығарып, тарату жұмыстарын жүйелендіру және жандандыру қажет», деген Елбасы талабына сәйкес, олардың халық санасындағы бейнелерін мәңгілік қалдыру үшін әдеби-мемориалдық ескерткіштерді көбейтіп, төл тарихымызды тың мәліметтермен толықтырып, ғылыми, мәдени, әдеби айналымға ендіру – күн тәртібіндегі маңызды мәселе. Әсіресе, М.Әуезов тағдырындағы тарихи тұлғалардың тағылымына тәуелсіз ой-сана тұрғысынан қайта қарап, олардың ұлт руханиятындағы қадір-қасиетін бағалау бүгінгі ұрпақтың борышы болса керек. Осы ретте М.Әуезовтің «Қараш-Қараш оқиғасындағы» тарихи кейіпкер, көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері Бақтығұл-Рысқұл әлем әдебиетіне ең танымал әдеби кейіпкер ғана емес, ұлт тарихынан да алар орны бар тұлға екендігін еске ұстағанымыз абзал.
Мәселен, 1903 жылы белгілі географ ғалым Дмитриевтің «Рысқұл алқабы» деп атау беріп, картаға түсірген Талғардағы ең биік тау-асулар ұлы жазушының кейіпкері Бақтығұл-Рысқұл бағындырған биіктік екендігін жұртшылықтың көбі біле де бермейді. 1923 жылы Ташкентте шыққан орыстың атақты географ ғалымы Николай Дмитриевтің «Талғар-Іле Алатаудың ең биік шыңы» деген ірі ғылыми зерттеуінде Рысқұл туралы былай деп жазады: «...1903 жылы 28 июльде мен Талғардың күнгей жағындағы мұзартқа шықтым... Менің бағыма қарай жол көрсетуші болып Шығыс Талғар болысының қазағы Рысқұл Жылқайдаров жолықты... Рысқұл мені бұрын ешбір картаға түсірілмеген қиямет қиын жолдармен алып жүріп, Талғардың ту сыртынан шығарып, Есік өзенінің басталатын көзінен әрі алып барды. Соның арқасында менің 1903 жылғы саяхатым елеулі ғылыми нәтижелерге жетті. Бұл табыстарым үшін мен өзімнің жол бастаушым Рысқұлға қарыздармын. Оның мені небір қиын құздардан, жып-жылтыр мұздардан жол тауып, асқан қажырлылықпен, айла-ептілікпен алып жүргенін көрсеңіз. Талғар шыңдарын бірінші зерттеуші ғалым ретінде мен мұзарт етегіндегі Есік өзенінің сағасы басталатын алқапты «Рысқұл алқабы» деп атап, оның есімін мәңгі есте қалдыруға өзімнің құқымды пайдалана отырып, шешім қабылдадым. Өйткені ғылым алдындағы оның еңбегі зор».
Тұрар Рысқұлов туралы трилогия жазуға мүмкіндігі болмаса да әкесі – Рысқұл-Бақтығұлдың мәңгілік бейнесін сомдаған ұлы суреткердің орындалмаған арманы Алты алаштың ардақтысы атанған Тұрардың биылғы 125 жылдық мерейлі мерекесі қарсаңында мақаладағы: «...біз, біріншіден, атақты тарихи тұлғаларымыз бен олардың жетістіктерінің құрметіне ашық аспан астында ескерткіш-мүсіндер қойылатын «Ұлы даланың ұлы есімдері» атты оқу-ағарту энциклопедиялық саябағын ашуымыз керек», деген сөзі негізінде жүзеге асар уақыт та алыс емес секілді. Оңтүстік өңіріне барған сапарында Түлкібас ауданының (бүгінгі Түркібасы) тамаша табиғатына тәнті болып, «Қазақтың Швейцариясы» деген М.Әуезовтің сөзі әлемдік туризмге сұранып тұрған ғажайып аймақта атақты «Қараш-Қараш оқиғасы» повесіндегі әдеби бейнелердің ашық аспан астындағы ескерткіш-мүсіндері орын алса, «Ұлы даланың ұлы есімдері» тарих төрінен көрініп, еліне рухани дем берер ерлерді еске алу мен ел тарихының құнарлы қатпарларын қайта қалпына келтірудің де рухани қажеттілігін таныта түсері ақиқат. Өйткені «Ұлылық – өмірге ұлы ұрпақтарын келтірген халыққа тән қасиет» деген дала даналығын естен шығармағанымыз абзал.
Гүлзия ПІРӘЛІ,
М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты «Әуезов үйі» ҒМО-ның бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы, профессор