Заман талабына сай Елбасы атап өткендей, құжаттарды барша жұртшылыққа қолжетімді ету үшін цифрлы форматқа көшіру процесі жылдамырақ жүргізіледі деген үміт бар. Архив құжаттарын насихаттау, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жария ету, өскелең ұрпақтың отансүйгіштік қасиетін қалыптастыру бойынша іргелі жұмыстар атқарылып жатыр. Шет мемлекеттер архивтері мен ғылыми орталықтарына іс-сапарлар ұйымдастырылып, ол жердегі ел тарихына қатысты құжаттар анықталып, мамандарымыздың шетелдік әріптестерімен тәжірибе алмасу мүмкіндігіне қол жеткізеді деген сеніміміз мол.
Мемлекеттің тұрақтылығы мен қауіпсіздігінің кепілі ретінде архивтер тарихи уақыттың, тарих жадындағы сабақтастықтың, әлеуметтік процестердің эволюциясын белгілеудің маңызды буыны болып табылады.
Қазақстан Республикасы Ұлттық архивінің басты мақсаттарының бірі – халықаралық әріптестікті ұлғайту. Оның бір дәлелі – Халықаралық архивтер кеңесінің Еуразиялық аймақтық бөлімшесіне (ЕВРАЗИКА МСА) мүшелігі.
Ұлттық архивтің оқу залында тарихшылар, ғалымдар мен студенттерге және өлкетанушыларға зерттеу мақсатында пайдалану үшін құжаттарға қолжетімділік қамтамасыз етілген. Мұнда қазақстандық зерттеушілер санының көбеюімен қатар, жақын және алыс шетелдердің ғылыми мекемелерінің өкілдері де жұмыс істейді. Ұлттық архив, сонымен қатар тағы бір маңызды функцияны іске асыруда. Қазақстан Республикасы және шетел мемлекеттері азаматтарынан, мемлекеттік және қоғамдық ұйымдардан, жеке және заңды тұлғалардан келіп түсетін сұраныстарды орындау бойынша үлкен жұмыс атқаруда.
2007 жылы «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында АҚШ, Мысыр, Өзбекстан, Түркия, Қытай, Венгрия, Франция және Ресей архивтерінен Қазақ хандығының тарихына қатысты көптеген құнды құжаттар әкелінді. Осы құжаттарды шағатай, парсы, қытай, ағылшын, француз және басқа да тілдер болғандықтан оларды қазақ және орыс тіліне аудару қажет. Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы аясында тарихшы ғалымдармен бірлесіп көптеген құжаттарды аудару бойынша көлемді жұмыстар бастауды жоспарлап отырмыз. Бағдарлама бойынша әзірленетін жобаларға қатысып, отандық архив қорларын толықтыруға атсалысуды өзіміздің болашақ ұрпақ алдында азаматтық борышымыз деп санаймыз. Бүгінгі таңда Қазақстан тарихына деген қызығушылық күн арта ұлғайып келеді.
Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында Қазақстан Республикасының Ұлттық архивінде «Архивті цифрландыру: дамудың жаңа траекториясы» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Конференция шеңберінде архивтер қызметін цифрландыру, «Ұлттық архив қоры және архив туралы» Қазақстан Республикасы Заңына енгізілген өзгерістер мен толықтырулар, архивтік құжаттарды сақтаудың тұжырымдамалық негіздері, оларды есепке алу, қалыптастыру және жеке қор, сондай-ақ электронды құжаттар қоймасын шешу жолдары мен мәселелері талқыланды.
Тағы бір жақсы жаңалық – Ұлттық архивтің жаңа ғимаратын салу мәселесі оңтайлы шешілуде, құрылысқа арналған жер телімі берілді. Болашақта бұл заманауи архив институты сала қызметіне жаңашылдық пен үлкен жетістіктер әкеледі деп үміттенеміз. Жалпы, халықтың құжаттық тарихына жастардың, шығармашылық және ғылыми интеллигенцияның қызығушылығын арттыру маңызды. Осы орайда Ұлттық архивті қоғамдық ақпаратпен алмасу орталығына айналдыру қажеттігі туындайды. Болашақта бұл орталық жұртшылықты халықаралық интеллектуалды-ақпараттық кеңістікте интеграцияланып, еліміздің Ұлттық архив институты атануы тиіс.
Бүгінгі ұрпақ тәуелсіз Қазақстан тарихының қалыптасуының куәгері болып табылады. Біздің ойымызша, Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақаласы ұлттық тарихымызды тереңнен тануға жол ашады. Бұл орайда отандық архивтерге үлкен міндет жүктеліп отыр.
Ата-бабаларымыздың ең озық технологиялық инновациялармен ажырамас байланысын растайтын тарихи жәдігерлер, қолжазбалар, архивтік құжаттар, кітаптар, белгілі бір ғылыми фактілер жаhандық тарихтағы Ұлы даланың орнын айқындайды. Біз мұны мүмкіндігінше жарқырата көрсете білуіміз керек.
Жангелді МАХАШОВ,
Қазақстан Республикасы Ұлттық архивінің директоры