Қазақстан • 05 Ақпан, 2019

Достық әуендері

450 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Ұлттық музейде Өзбекстан Республикасының Қазақстан Республикасындағы елшілігінің қолдауымен Өзбекстан Бейнелеу өнері музейі ұйымдастырған «Өзбекстанның заманауи кескіндемесі» көрмесі және «Заманауи Өзбекстан» фотокөрмесі салтанатты түрде ашылды.

Достық әуендері

Бұл көрмеде Өзбекстанның заманауи бейнелеу өнері өзін­дік көркемділігімен ерек­ше­леніп, қылқалам шебер­лерінің туындылары қазақ ала­ңында жаңа қырынан ұсы­нылды. Көрмеге Фай­зулла Ахмадалиев, Хур­шид Зияханов, Нодир Шоаб­дура­химов, Алишер Аликулов, Валерия Енина, Виктория Трошина, Дилором Мамедова, Бахтиёр Обидов, Абдухаким Каримов, Дилмурод Юлда­шев, Умар Ражабов сияқты танымал суретшілер мен жас авторлардың соңғы бес жыл ішінде түсірген 38 суреті қойылған. 

Фотоөнер – көпжанрлы, өмір­ді әр қырынан танытатын, өзіндік сипаты мен шығармашылық қол­таң­басы қалыптасқан сала. «Заманауи Өзбекстан» фото­көрмесі А.Жұмаев, В.Гон­чаренко, Х.Шо­рахмедов, В.Шлос­берг, В.Вяткин, В.Соколов сынды шеберлердің 100 фото­суретінен тұрады. Көрмеден өзбек бейнелеу өнерінің соң­ғы он жылдағы заманауи сипатымен қатар, ұлттық тарихтың отарлау кезеңінен кейінгі ұлттық бейнелеу өнері мектебінің қалыптасуына дейінгі әртүрлі дискурстарын, келешек ұрпақ үшін өзекті саналатын маңызды көзқарастар мен міндеттердің  көрінісін оймен бағамдап, сүйсініп тамашалауға мүмкіндік бар.  

Өзбекстан Республика­сының Қазақстандағы Төтен­ше және өкілетті елшісінің кеңес­шісі Тимур Рахимов: Қазақстанда Өзбекстан жылын өткізу кезінде 200-ден астам түрлі шара ұйымдастырылып, кеңінен насихатталған өзбек елінің тарихы, мәдениеті қазақстандықтар тарапынан үлкен қолдау тапты.Осындай мәдени шаралар арқылы екі ел арасындағы байланыс қарқынды түрде дамитынына сенемін. Бүгінгі көрме де көпшіліктің көңілінен шы­ғады деп үміттенеміз», деп разылығын жеткізді. 

Бағашар ТҰРСЫНБАЙҰЛЫ,

«Egemen Qazaqstan»