04 Ақпан, 2019

Ақтөбе әкімдігі шетелде тұратын қала азаматтарына арналған халықаралық конкурс өткізеді

682 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ақтөбе қаласының әкімдігі шаһардың 150 жылдық мерейтойына орай жоспарланған мерекелік іс-шаралар мен арнайы жобалар туралы ақпараттандыруды жалғастыруда. Жоспарға сәйкес, жыл бойы мәдени және әлеуметтік сипаттағы 300-ден астам іс-шара өткізілмек. Мерейтойлық акциялар мен жобалар күн сайын жүзеге асырылатын болады.

Ақтөбе әкімдігі шетелде тұратын қала азаматтарына арналған халықаралық конкурс өткізеді

Сондай маңызды оқиғалардың бірі ретінде Ақтөбе қаласында туған және қазіргі уақытта шет елдерде тұрып жатқан азаматтарды бағалы сыйлықтар күтіп тұрғанын айтуға болады. Олар үшін қала әкімдігі Ақтөбедегі өміріне байланысты үздік хаттар мен жазбалар байқауын ұйымдастырады.

Бұл шығармашылық бәсеке 2019 жылдың қыркүйегіне дейін жалғасады, сол кезде мерейтоға арналған негізгі шаралар өтеді деп күтілуде. Қала әкімдігі шетелден келген барлық отандасымызды мүмкіндігінше өз туған жеріне келуге және мерейтойға белсене атсалысуға шақырады.

"Қазіргі уақытта біз бүкіл әлем бойынша жерлестерімізді іздестірудеміз. Егер сіз өзіңіздің туған қалаңызбен байланыстыратын оқиғаларды, туған қалаңыздан жырақтағаннан кейінгі өміріңіздің қалай өрбіп жатқанын, қандай жетістіктерге жетіп, биіктерді бағындырғаныңызды айтуға дайын болсаңыз, бізге әлеуметтік желілер арқылы жазыңыз, Ақтөбе қаласы әкімдігінің [email protected] электрондық поштасына хат жолдаңыз немесе 8-7132-41-64-02 телефоны бойынша хабарласыңыз.

Қаладағы өміріңізге байланысты ең қызықты оқиғалардың жарияланымы үшін бағалы сыйлықтар мен кәдесыйлар әзірленуде.  Жазыңыз, қоңырау шалыңыз, келіңіз, өзіңіз туралы айтыңыз! Хаттармен бірге фотосуреттер болуы міндетті. Біз қуана-қуана кері байланысқа шығамыз және біз үшін жерлестерімізбен кездесіп, олардың өмірлерінің бүгінгі күні қалай өтіп жатқаны туралы білу – өте маңызды", деп атап өтті Ақтөбе қаласының Әкімі Испанов Ильяс Сапарбекұлы.

Айта кетейік, қазіргі таңда Ақтөбенің 150 жылдығына арналған монумент тұрғызу жұмыстары басталып кетті. Сонымен қатар қала тарихы туралы деректі фильм түсіруге әзірлік шаралары жүргізілуде, бірқатар жаңа әлеуметтік нысандар мен өндірістер ашу жоспарланған. Сондай-ақ, қала басшылығы халықаралық, республикалық және өңірлік маңызы бар көптеген конкурстар, фестивальдар мен концерттер өткізбек. Мерейтой барысында қазақстандықтар әлемге танымал әнші Димаш Құдайбергеннің де өнерін тамашалайтын болады.