Оның сөзіне сүйенсек, еңбек қатынастарын реттеудің барлық бағыттары бойынша қатерлерді анықтау жұмысы жүргізіліп жатыр.
«Өңірлерде прокуратура, мемлекеттік кірістер және әділет органдарының қатысуымен арнайы штабтар жұмыс істейді. Қабылданған шаралардың нәтижесінде 2018 жылы 32 мың жұмыскердің алдында 3,7 млрд. теңге сомасында жалақы берешегі төленді», деді С.Жақыпова.
Вице-министр келтірген мәліметке сүйенсек, 2019 жылғы 23 қаңтарға дейін 139 кәсіпорында 6,3 мың жұмыскердің алдындағы берешек 1,8 млрд. теңгені құраған.
«2018 жылы мемлекеттік еңбек инспекторлары 8 774 тексеру жүргізді, оның барысында 11 976 бұзушылық анықталды. Жұмыс берушілерге 5 ұйғарым берілді және 402,5 млн. теңге сомасына 2 492 айыппұл салынды», деді С.Жақыпова.
Негізгі бұзушылықтар қатарында жалақыны уақытында төлемеу (20%), қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз етпеу (20%), жұмысқа заңсыз тарту және жұмыстан заңсыз босату (14%) бар.
Ал шетелдің қатысуы бар кәсіпорындардағы жағдай бақылауға алынып, оларға қатысты 38,9 млн. теңгеге 124 айыппұл салынды.
«Мемлекеттік инспекторлар еңбекті қорғау талаптарын бұзу фактілері бойынша құқық қорғау органдарына 1 400 материал жібері. Бұл бойынша 98 қылмыстық іс қозғалды», деді вице-министр.
Жұмыскерлердің еңбек жағдайын профилактикалық бақылау нәтижесінде 2018 жылы өндірістік жарақаттану деңгейі 6,6% төмендеген.
Сонымен қатар вице-министр қамсыздандыру, әлеуметтік және медициналық сақтандыру жүйелеріне тарту үшін азаматтардың статусын нақтылау және формализациялау жөніндегі жол карталарын іске асыру мәселелеріне тоқталды.
«2019 жылғы 21 қаңтардағы жағдай бойынша мемлекеттік дерекқорларда статусы болмаған 2,7 млн. адамның ішінен 1,8 млн. адамның статусы нақтыланды. Формализациялау жұмысын белсенді түрде жүргізу үшін өңірлерге қалған нысаналы топтар бойынша толық жоспарлар жіберілді. Жыл соңына дейін 915,6 мың азаматтың статусын нақтылау жұмысын аяқтау жоспарланған», деді С.Жақыпова.
Сондай-ақ 2019 жылдан бастап жаңа құқықтық режим – Бірыңғай жиынтық төлем енгізілгенін жеткізді. Мұндай қаадм бейресми жұмыспен қамтылған азаматтарға және фрилансерлерге кәсіпкерлік қызметін жеңілдетілген тәртіппен тіркеуге және әлеуметтік кепілдіктерге қол жеткізуге мүмкіндік береді. Деректерге сүйенсек, 2019 жылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша 4 мыңнан астам азамат бірыңғай жиынтық төлем жүргізген.