Үкімет • 05 Ақпан, 2019

«Жас маман» жобасына қатысатын студенттер санын жылына 50 мың адамға дейін жеткіземіз - Білім және ғылым министрі

690 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

3 жыл ішінде «Жас маман» жобасына қатысатын студенттер санын жылына 50 мың адамға дейін жеткізу жоспарланып отыр. Бұл туралы Үкімет отырысында Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев айтты. 

«Жас маман» жобасына қатысатын студенттер санын жылына 50 мың адамға дейін жеткіземіз - Білім және ғылым министрі

Қазіргі кезде жобаға қатысатын студенттерге келесі әлеуметтік қызмет түрлері қаралған:

1. Инклюзивті білім беру, мүгедек балаларға көмек көрсету.

2. Репетиторлық – қазақ тілі, ағылшын тілі, орыс тілі, компьютерлік сауаттылық және тағы басқа.

3. Девиантты мінез-құлықты кәмелет жасқа толмаған балалармен жұмыс.

4. Аула және спорт клубтарын ұйымдастыру.

5. Қарт адамдармен әлеуметтік жұмыс.

«Біз осы жұмыстарға ортақ онлайн платформа құруды жоспарлап отырмыз. Оған қатысатын студенттер мен студенттерді тартатын ұйымдар тіркелетін болады.

Студенттерге 2 және 5 академиялық кредитке арналған, 1 семестрде 20 және 50 сағат 2 түрлі ваучер ұсынылатын болады, сонымен қатар, әрбір сағатқа бір мың теңге ақша төленіп, сол кредиттерді университет, колледж сынақ ретінде қабылдайды» деді министр.

Әлеуметтік студенттік жұмыстар балалар үйінде, арнайы мектептерде, Жастарға қызмет көрсету орталықтарында, Оқушылар сарайында, Қарттар үйінде, емханаларда, жоғары оқу орындарында, мектептерде, колледждерде жүзеге асатын болады.

Жоба операторы – министрлікке қарасты «Қаржы орталығы» АҚ.

«Біз білім беру саласындағы жаңалықтар бойынша, оның ішінде жоғарыда аталған 2 жоба бойынша халық арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз. Қазірдің өзінде педагогтермен және ата-аналармен тікелей байланыс жасау үшін танымал мессенджер арқылы коммуникация жүйесі құрылды. Бүгінгі таңда бұл ресурспен 3 млн-нан астам адам қамтылды» деді Ерлан Сағадиев.

Сонымен қатар, министр жүзден астам ток-шоу, бейнероликтер және пиар іс-шаралар ұйымдастырылып жатқанын, осы бағыт бойынша жұмыстар жалғаса беретінін жеткізді.