Аймақтар • 05 Ақпан, 2019

Шымкенттік кәсіпкерлер қазынаға 300 миллион теңге қарыз

239 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Шымкент қалалық мемлекеттік кірістер департаменті таратқан мәлімет бойынша қалада шағын және орта кәсіпкерлікпен шұғылданатын  кәсіпкерлердің мемлекетке берер 300 миллион теңге берешегі бар. Бюджетке қарызы барлардың басым бөлігі азық-түлік, киім және құрылыс материалдарын сатумен айналысады.

Шымкенттік кәсіпкерлер қазынаға 300 миллион теңге қарыз

«Кәсіпкерлер салық есептілігін толтыруды меңгермеуі салдарынан қарыз болып отыр. Кейбіреулері құжаттарды дер кезінде тапсырудан кешіккен. Мемлекеттік кірістер департаменті тарапынан олардың құжат дайындауына көмектесетін мамандар бар», дейді аталған департаменттің бас маманы Бауыржан Омартаев.

Алайда ішнара кәсіпкерлер өз шығындарының үлесі көп екендігін айтып, салық төлемдерінің қаржысын азайтуды алға тартады. Көтерме және бөлшек сауда дүкендерін ашқандары жалға алған орыннан тыс табыстың тағы бір бөлшегін салыққа беруге ынталы емес.

Ал, жер қойнауын пайдаланушы кәсіпкерлер өз салаларына байланысты салықтың заңнамалық бөлігін қайта қарауды және тарифтерді төмендетуді сұрайды. Қатаң тиымдар заңсыз жұмысшылар санының артуына алып келеді. Жер қойнауын пайдаланушылардың арасында адал еңбек етіп жүргендерді бұл банкроттыққа ұшыратады деп есептейді.

Шымкенттік кәсіпкер Абуталип Ерімбетовтың пікірінше  жер қойнауын пайдаланушылар үшін  жаңа салық ставкасы бойынша 96 теңге алынады екен. Мәселен қиыршық құмның құны 300 теңге болса, 33 пайыз салықтың тек бір түріне жұмсалады, ал, кіріс, әлеуметтік және тағы да басқа салықтарды қосқанда бұл төлем қалтаға салмақ салады дейді.

Нұршат ТӨКЕН,

«Egemen Qazaqstan»

Шымкент