Қазақстан • 05 Ақпан, 2019

Зардап шеккен отбасына көмек көрсетіледі

452 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Өткен жексенбіден дүйсенбіге қараған түнде Астана қаласының Сарыарқа ауданына қарасты Көктал тұрғын алабында орналасқан жер үйден өрт шығып, соның салдарынан бес бірдей бала қайтыс болды. Олар 2006, 2009, 2014, 2016 және 2018 жылдары туылған бүлдіршіндер еді. Ең кішісі бар-жоғы үш-ақ айға толған екен. Сол түні балалардың әке-шешесі жұмыста болған көрінеді.

Зардап шеккен отбасына көмек көрсетіледі

Кез келген адамның жүрегін дір еткізер оқиғаның ел аман, жұрт тынышта орын алғаны көпшілікті алаңдатпай қоймады. Сұм ажал айтпай келеді десек те, бейкүнә балалардың өлімі күпті ойларды да туғызды. Тек елордада ғана емес, мұндай көрініс еліміздің кез келген ай­мағында орын алып жататыны рас. Оның бәрі әр адамды «неліктен» деген жауабы табылмас ойларға жетелейді. Алайда бес бірдей бүлдіршіннің кенеттен отқа орануы кездейсоқтық емес секілді. Өртке қарсы күрес мекемесі тиісті қызметінің өз жұмысына салғырт қарауы ма дейміз. Қайғылы оқиғаға кім жауапты дегенде, 100 мың адамға шаққанда өрттен қайтыс болғандар туралы әлемдік 2016 жылғы статистикаға көз жүгірт­сек, біздің еліміз 68-орында ғана екен. Демек, төтенше жағдайлар жұмысында тоқырау бар. Мұ­ны Астана қаласының әкімі Бақыт Сұлтанов та жасырмады. Әкім: «Бұл сіздердің тікелей жұмыстарыңыз, әрқашан мен айтып отыруым керек пе? Баяғыда тексеріс жүргізу керек еді, мін­детті түрде қайғылы оқиғаны күте­сіздер ме?! Бұл - Төтенше жағ­дайлар департаментінің қателігі. Сіздер жеке секторда тұратын әр адамды тануыңыз керек» деді.

Осыған орай, Бақыт Сұлтанов шұғыл жиын өткізіп, бес бала қайтыс болған өрттің шығу жайын жан-жақты анықтауды талап етті. «Осы жағдайға душар болған отбасына қайғыра көңіл айтамын. Қала басшылығы оқиға орнында болды, қаза тапқан балалардың ата-анасымен психологтар және әлеуметтік қызмет мамандары жұмыс істеуде. Зар­дап шеккен отбасына қалалық әлеуметтік қорғау басқармасы тарапынан материалдық көмек көрсетілді. «Сарыарқа» ауда­ны әкіміне жерлеу рәсімін ұйым­дастыруды және отбасына уақытша баспана беруді, жанған үйді тез арада қалпына келтіру үшін қаражат бөлуді тапсырамын» деді қала әкімі. Ал Төтенше жағдайлар департаменті бастығының міндетін атқарушы Марғұлан Аманбаев осыған дейін Көктал-1 тұрғын ала­­­­бында өрт және басқа да тө­тенше жағдайлардың алдын алу үшін профилактикалық жұ­мыстар жүргізілгенін айтты. «Сол кезде Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері бұл үйге барған болатын, олқы­лықтарды жою үшін ескертпе берілген» деді ол. Алайда кеше түнгі сағат 02:34-те Астана қалалық ТЖД «101» пультіне түскен хабарда «Шыңғыстау көшесі, 5 мекенжайда орналасқан шаруашылық құрылысы өртеніп жатқаны айтылған көрінеді. Ал Астана қаласы әкім­дігінің бас­пасөз қызметі жеке үй аума­ғындағы шағын үй өртен­генін жеткізді.

Әрине, апаттың, оқыс оқи­ғалардың алдын алатын про­филактикалық жұмыстар талап­қа сай жүргізіліп тұрса, мұндай қайғылы оқиғалар болмас па еді дейміз. Қала әкімі Бақыт Сұлтанов аудан әкімдері мен төтенше жағдайлар департаменті және полицияға бірлесе отырып, жеке сектордағы әр үйге барып, өрт қауіпсіздігін сақтау жөнінде тексеріс, түсіндіру жұмыстарын жүргізуді талап етті. Сондай-ақ құзыретті органдардан болған жайдың барлық мән-жайын толық анықтау тапсырылды. Бұл қатаң ескертпені құзыретті органдар басшылары келешекте жадынан еш шығармаса екен дейміз.

Александр ТАСБОЛАТ,

«Egemen Qazaqstan»