Аймақтар • 05 Ақпан, 2019

Жамбыл облысының экономикасында өсім бар

593 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Өткен жылғы өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық дамуында айтарлықтай оң өзгерістер бар. Оған дәлел ретінде жалпы өңірлік өнімнің нақты көлем индексі 106,6 пайызға жеткендігін келтіруге болады. Айта кету керек, бұл көрсеткіш 2017 жылы 103, 7 пайызды құраған.

Жамбыл облысының экономикасында өсім бар

Өңір басшысы Асқар Мырзахметовке есеп берген облыс әкімдігінің экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Гүлдана Жауынбекова саладағы оң көрсеткіштерді баяндап, қажетті шаралардың дер кезінде қабылданып, іске асырылуының нәтижесінде экономиканың негізгі салаларында өсімге қол жеткізілгенін тілге тиек етті. Оның айтуынша, облыстағы қысқа мерзімді экономикалық индикатор 104, 6 пайызды, өнеркәсіптегі нақты көлем индексі 102,6 пайызды, Ауыл, орман және балық шаруашылығы мен жалпы ауыл шаруашылығы өнімдері 106,1 пайызға жеткен.

Жиын барысында облыстың бұл оң көрсеткіштері еліміздің өзге өңірлері арасындағы жоғары нәтижелердің қатарында екені айтылды. Мысалы, бөлшек сауда айналымында облысымыз 279,3 миллиард теңгемен Республика өңірлерінің арасында 3-орынға тұрақтаса, сол сияқты, пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі жағынан да алдыңғы қатардамыз. Нақтылай тоқталсақ, өткен жылдың қорытындысы бойынша облыста барлығы 482,3 шаршы метр тұрғын үй берілген. Сондай-ақ, индустриялдық инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасы аясында 10 миллиард теңгеге 6 жоба іске асырылып, 481 жаңа жұмыс орны ашылған.

Ел экономикасының негізгі локомотивтерінің бірі – ауыл шаруашылығы саласы десек, өңірде агроөнеркәсіп кешенін дамыту бағдарламасы аясында егістік алқабы ұлғайып, қой етінің экспорты артып, 55 кооператив ашылған. Асқар Исабекұлы ауыл әлеуетінің өсуі облыс экономикасына тікелей әсер ететінін ескеріп, елдімекендерді дамыту керектігін баса айтты. Ол үшін ауылдық округ әкімдіктерінің жұмысын ширатуды тапсырып, әр ауылдың экономикалық-әлеуметтік төлқұжатын жасау жұмыстарын тезірек орындауды жүктеді.