Әлем • 05 Ақпан, 2019

Әйелдер ерлерге қарағанда неге ұзақ өмір сүреді?

3222 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, 2016 жылғы орташа өмір сүру ұзақтығы – 72 жас. Атап айтсақ, орташа жас мөлшері әйел адамдарда - 74-ті көрсетсе, ер адамдарда  – 69 жас. Әйелдердің ерлерден ұзақ өмір сүруінің сыры неде?

Әйелдер ерлерге қарағанда неге ұзақ өмір сүреді?

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының 2018 жылғы деректеріне сүйенсек, Күншығыс елінде ер адамдардың орташа өмір сүру ұзақтығы 81 болса, әйел адамдарда – 87 жас. Ал 2017 жылы Жапонияда 90-нан асқан адамдардың саны 2 миллионға жеткен. Олардың шамамен 90%-ы – әйелдер. Ғалымдар жапондықтардың ұзақ өмір сүру құпиясын дұрыс тамақтану себебінен деп түсіндіреді. Бірақ қай жылғы статистиканы қарасақ та әйелдердің саны ерлерден басым. Ал еліміздегі 2017 жылғы статистикалық деректерге сүйенсек, орташа жас мөлшері 73-ті көрсетсе, әйел адамдардың орташа өмір сүру ұзақтығы - 76, ер адамдарда – 68 жас.

Неге әйел адамдар ерлерге қарағанда ұзақ өмір сүреді? Сонымен, деректерді сөйлетейік.

UCL университетінің профессоры Давид Джемс бұл адамдардың жынысын анықтайтын (әйел адамдарда – ХХ, ерлерде – ХУ) хромосомаға байланысты болуы мүмкін дейді.  Ал олардағы ген адамдардың өмір сүру ұзақтығына ықпал етеді екен.  Әйелдерде ерлерге қарағанда саны артық хромосома үлкенірек, соған сай гені де көп. Ал ерлерде Х пен У болатындықтан ген саны аз. Тіршілік үшін маңызды гендер де осыған байланысты. Сондықтан бұл ерлер үшін айтарлықтай мәселе тудырады. Себебі оларда әйелдерде бар «қосымша» Х хромосома жоқ.

«Жүктілік мерзімі созылуына байланысты жарық дүние есігін ашпай жатып ер балалардың 20-30%-ы көз жұмады. Ер балалардың туылу барысында майып болып қалу ықтималдығы да жоғары» дейді Эксетер университетінің профессоры Лорна Харрис.

Жасөспірім шақта ер балалар мен қыздардың ағзасында күрделі гормоналдық өзгеріс болады. Ер адамдардағы тестостерон гормоны  сүйек пен бұлшық ет жасушаларының дамуына ықпал етіп, ер адамдарды әйелдерге қарағанда үлкен әрі мықтырақ етеді. Сондай-ақ бұл гормон ер адамның мінезіне де әсер ететін көрінеді. Ерлердің салыстырмалы түрде ұзақ өмір сүрмеуінің бірден-бір себебі де осы гормонмен тығыз байланысты. Зерттеушілер өтпелі кезеңде артатын тестостерон мөлшері ер адамдарды әр түрлі қауіп-қатерге итермелейтінін алға тартады. Төбелес, мотоцикл немесе көлікті жоғары жылдамдықта айдау, жаңа дүниелер татып көру сынды қызығушылықтардың да себебін осылай түсіндіреді.

Өз еліміздегі статистикалық деректерге сүйенсек, 2017 жылы 65-тен асқан ер адамдардың саны – 455 335, әйел адамдардың саны – 824 535, яғни ерлерден, шамамен, 2 есе көп. Бірақ, ұзақ өмір сүру мықты денсаулықтың көрсеткіші емес. Алабама университетінің ғалымдары Стивен Остад пен Кэтлин Фишер батыста әйелдердің ерлерге қарағанда дәрігерге көп баратындығын айтады.

Алайда, бар мәселе ер адамдардың гормонында ғана емес. Әйел адамдардағы эстроген гормоны ағзадан қажетсіз заттарды шығаруға атсалысады. 2005 жылы Испания ғалымдары жүргізген зерттеу бойынша, эстроген гормоны өмір сүру жасының ұзақтығына ықпал ететін гендердің белсенділігін арттыратыны анықталған. Эстроген сондай-ақ ағзадағы холестерин мөлшерін реттеуге де көмектеседі, ал ол өз кезегінде жүрек ауруларына шалдығу ықтималдығын төмендетеді екен.

Социологтар 2032 жылға қарай ерлер мен әйелдер жасында айырмашылық болмайтынын айтады. Бұл – алдағы он жылдықта адамзатты айтарлықтай өзгеріс күтіп тұр деген сөз.

Салтанат ШЫНӘДІЛ