Футбол • 05 Ақпан, 2019

Футзалдан Қазақстан құрамасының қарсыластары белгілі болды

511 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

2020 жылы футзалдан Литвада өтетін әлем чемпионатының іріктеу турнирінде Қазақстан құрамасы кімдермен күш сынасатыны толықтай анықталды.

Футзалдан Қазақстан құрамасының қарсыластары белгілі болды

Осыған дейін жерлестеріміздің Румыниямен бір топқа түскені белгілі болған еді. Бүгін қатарымыз Голландия және Албания құрамаларымен толығып отыр. Бұл топтағы бәсекелер үстіміздегі жылдың 22-27 қазан аралығында Румынияда өтеді.

Іріктеу турниріндегі қарсыластарымыз жайында айтар болсақ, Голландия футзалшылары 1989 жылы өткен әлем чемпионатында күміс медальді иеленген болатын. 1999 жылы олар Еуропа біріншілігінде төртінші орынға табан тіреді.

Румыния құрамасы әлем чемпионатына бірде-бір рет қатыспаған. Есесіне 2012 және 2014 жылдардағы Еуропа біріншілігінде ширек финалға дейін жетті.

Албания елі өкілдерінің көрсеткіштері одан да төмен. Сол себепті де олардан қауіп келеді деп ойламаймыз.

Ал Қазақстан құрамасы әлем чемпионатына екі мәрте қатысты. 2000 жылы топтық турнирде сүрінсе, 2016 жылы 1/8 финалда ойнады. 1999 жылы Азия біріншілігінде қола алса, 2000 жылы күміспен күптелді. 2016 жылы Еуропа чемпионатында қола медальді мойнына ілсе, 2018 жылы төртінші орынға тұрақтады.   

 Ғалым СҮЛЕЙМЕН,

«Egemen Qazaqstan»