Ғылыми болжамдарға қарағанда, Қырғызстандағы мұздықтардың көлемі 2025 жылы 30-40%-ға азайып кетуі мүмкін. Ол, өз кезегінде, Орталық Азиядағы өзендер суының 25-35%-ға азаюына алып келеді. Солай кете берсе 2100 жылы Қырғызстанның географиялық картасында мұздықтар жойылуы әбден мүмкін.
Жалпы, мұздықтарды сақтап қалу проблемасы мұздығы бар өлкелердің бәріне тән. Альпі тауларының швейцариялық қапталында Роун мұздығын сақтап қалу үшін Экология министрлігі оны арнайы палаталармен жаптыртып, тоғыз жылдан бері көземелге алып отыр. Бұл оның еріп кетуін 70%-ға азайтқан. Сөйткен мұздық жыл сайын 4 метрге шегініп келеді. Гляциологтар мұздықтардың аз-аздап еріп, күндердің бір күнінде жойылып кететінінен қауіптенеді.
Қырғызстанда Ұлттық ғылым академиясымен бірлесіп жұмыс жүргізетін Мұздықтарға мониторинг жасаушы орталықтың Тянь-Шань бөктерінде ғылыми стансасы бар. Қызметкерлер тұратын үй де осы. Теңіз деңгейінен 3200 метр биіктікте тұр. Ол жерде он жылдан бері екі отбасыдан тұрған қызметкерлер мұздықтарды зерттеумен айналысады. Суық жерде тұру қиын болғандықтан, ай сайын ауысыммен істейді. Жақын ауылдан стансаға дейін 10 шақырым. Қыстың боранды күндерінде ат та баса алмай қалады. Ондай кезде тоңып қалмау үшін бетті де жауып алып жаяу жүруге тура келеді. Мұндай уақытта «үлкен жермен» байланыс үзіледі. Гляциолог-мамандар мұз бен қардың сынамасын арнайы аспап арқылы күн сайын тексеріп, жазып, жинап, Ұлттық ғылым академиясына тапсырады.
Осы гляциологиялық стансаның жетекшісі Бақыт Ерменбаев жаз айларында 4800 метр биікте жатқан Қара-Батпақ мұздығында зерттеу жұмыстарын жүргізген-ді. Бұл мұздық жыл сайын 8-9 метрге шегініп отырып, көлемі 1960 жылдан бері жарты шақырымға азайған екен. Орнында бес-алты жыл бұрын көлемі 200 текше метрдей көлшік пайда болып, мұздық шегінген аймақта табиғи шыршалар өсе бастаған. Оның айтуынша, қыста қар аз жауып, жазда күн жылынғанда мұздықтардың көлемі азая түседі.
«Адамдар көп тұрған аумақтардағы жерасты топырақтары әртүрлі қалдықтар сіңіп, уланып барады. Таудан, мұздықтардан ағып келген сулар – нағыз таза су. Мұздықтарды сақтауда бөлінудің еш керегі жоқ. Бірігіп жол іздейік», деп Г.Мерцбахер атындағы Мұздықтарды сақтаудың «Мөңгү» қоғамдық-экологиялық қорының президенті Урустам Қабылбековтың Қырғызстанда ұран салғанына он жыл толды.
Бірақ үкіметтік емес ұйымның қолы қысқа болып, қор айтарлықтай өнімді жұмыс істей алмай отыр. Осы қор бес жыл бұрын мұздықтарға дүние елдерінің көңілін аудару үшін Қырғызстанда «Мұздықтардың әлемдік аллеясын» ашу бастамасын көтерген. Бастаманың бір тарауында Қырғызстанның биіктігі 5621 метр болған Түркістан қырқасындағы мұздыққа Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбардың, Сары-Жаз өзенінің бойындағы мұздыққа (5576 м.) Иса пайғамбардың, Алай қырқасындағы мұздыққа (5539 м) Мұса пайғамбардың, Сары-Жаздың бойындағы тағы бір 5361 м биіктіктегі мұздыққа Будданың есімдерін беруді ұсынған еді.
Су Қырғызстан үшін стратегиялық артықшылыққа ие екені мәлім. Оның негізгі қайнар көзі – көк тіреген тау шыңдарындағы жана беткейлеріндегі мұздықтар. Қырғызстанның солтүстігінде Қазақстанмен шектесетін, батысы Түркістан облысына барып тірелетін Алатауды қоспағанда, Тянь-Шань (қырғызша аты – Теңир-Тоо) тауларында 6 мыңдай мұздық бар. Жалпы алғанда, барлығының саны 6771. Жалпы көлемі – 8 мың 47 шаршы шақырым. Яғни ел территориясының 4,2 пайызын құрайды.
Мұздықтар – Қырғызстанның қыс мезгіліндегі су қоймасы. Тауларда шамамен 650 миллиард текше метр су қоры бар. Күн жылығанда мұздықтар мен тау беткейіндегі қарлар еріп, таудан аққан бұлақтар мен өзендерді сумен толықтырады. Бұл көктем, жаз айларында жазықтағы сулардың 30, 35 пайызға дейін көбеюіне алып келеді. Бұлар егіс алқаптарын суаруға пайдаланылады, Қырғызстанның ең ірі су қоймасы – Тоқтағұл су-электр стансасы арқылы Өзбекстанға және Қазақстанға, Талас су қоймасы арқылы Қазақстанға суды қалыпты жіберіп тұруға мүмкіндік түзіледі. Сондай-ақ өлкенің батысындағы Нарын облысындағы таулардан бастау алып, Боом таулық жарып өткен Чүй (қазақшасы – Шу) өзені Қырғызстанның Чүй облысы мен Қазақстанның Жамбыл облысының шекара сызығы арқылы Қазақстанға өтеді.
Мұздықтардың жыл сайын еріп тұруы заңды құбылыс. Бірақ кейінгі қырық жылда жер шарында жылдан жылға үдей түскен климаттың жаһандық жылынуы мұздықтардың көбірек еруіне әсер етуде. Мұның үстіне осы жылдардағы адамның араласуымен болып жатқан технологиялық үрдістер мұздықтардың еруіне өзінің қомақты үлесін қосып келеді.
Осыдан біраз жыл бұрын оқымысты-мамандар және сарапшылар Арал теңізінің тұздары Тянь-Шань тауларына дейін жетіп, мұздықтардың еруіне ықпалын тигізіп жатқанын айтып, бұқаралық ақпарат құралдарында дабыл қаққан. Тіпті, Кеңес дәуірі уағында Одақ басшылары Өзбекстанда мақта егуді көбейту үшін Тянь-Шань тауларына ұшақпен көмір шашуға тапсырма берген деген қауесет те бар. Көмір мұздықтардың көбірек еріп, таудан аққан судың молаюына әкеліпті. Көмір демекші, көмір тозаңы және көмір қышқыл газ – мұздықтардың дұшпандарының бірі. Қырғызстанның бірнеше жерінде көмір жер астынан емес, үстінен қазылып алынады. Олардың ірісі – Қара-Кече көмір кені. Бұл – Тянь-Шаньның төменгі сілемінде.
Есімізде, сексенінші жылдары Фрунзе қаласында (Бішкек 1991 жылға дейін осылай аталған) он мыңдаған адам қызмет ететін зауыт-фабрикалар дүрілдеп жұмыс істеді. Өнімдерге сұраныс көп кезде өнеркәсіп орындары үш ауысымда бірнеше ай тәулік бойы істеп тұрды. Сол кезде қыстыгүні жерді қар басқанда ауаның ластанғаны анық байқалатын. Аппақ қардың беті күйе жағып қойғандай қап-қара болып қалатын. Жаңа жауған қардың артынан бірнеше күннен кейін қар беті қайтадан қарайып шыға келеді.
Қазір Бішкекте бес жүз адамнан көп жұмыс істейтін кәсіпорын жоқ. Өткен жылдың қазан, қараша және желтоқсан айларында Бішкекті қара түтін қаптады да тұрды. Бұл, негізінен, көшеде қаптап жүрген, түтіні будақтаған ескі автокөліктерден. Орта есеппен, Бішкектегі екі үйдің бірінде осындай көлік бар. Сондай-ақ бір кезде қаланың шетіне салынған жылу-электр стансасы және жер үйлердегі қала халқы көмірді пайдаланады. Бұлардың түтіні көлік түтініне қосылып, көк тұманды қоюлатып отыр. Осы түтіннің бәрі Оңтүстіктегі және Батыстағы тау мұздықтарына қонақтары мәлім.
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев көп жылдан бері өңір мемлекеттерінің басшылары бас қосқан алқалы жиындарда Орталық Азияның халықаралық су-энергетикалық консорциумын құру жөнінде идеяны әрдайым айтып келеді. Былтыр жазда өткен Аралды қорғау халықаралық қорының құрылтайшы мемлекеттері басшыларының мәжілісінде осы мәселені тағы да көтерді. Қырғызстандағы, сондай-ақ Орталық Азия өлкелеріндегі мұздықтарды сақтап қалуға мұндай консорциумның тікелей қатысы бар. «Кемедегінің жаны бір» демекші, әлем кеңістігінде тынымсыз жүзіп бара жатқан Жер атты кемедегі адамзаттың мүддесі де ортақ.
Назарбек БАЙЖІГІТОВ,
арнайы «Egemen Qazaqstan» үшін,
Бішкектен (Қырғызстан)