Қазақстан • 06 Ақпан, 2019

Мәжіліс депутаттары Маңғыстауда мемлекеттік қызметшілермен кездесті

668 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Маңғыстау облысының «Атамекен» кәсіпкерлер палатасында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаменті мен «Нұр Отан» партиясы Маңғыстау облыстық филиалының ұйымдастыруымен Парламент Мәжілісінің депутаттары Зәуреш Аманжолова, Смағұл Бахытбек, Геннадий Шиповских, Шавкат Өтемісов, Шаймардан Нұрымов және Уәлихан Қайназаров Әдеп жөніндегі кеңес мүшелері, әдеп жөніндегі уәкілдер, арнайы мониторинг тобы өкілдері және мемлекеттік қызметшілермен кездесті.

Мәжіліс депутаттары Маңғыстауда мемлекеттік қызметшілермен кездесті

Аумақтық департамент басшысы Н.Жанназарова Елбасының жолдауы аясындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша Агенттіктің аумақтық департаменті тарапынан атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Әсіресе, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы Ұлттық баяндама жобасына, тұрғындармен кері байланыс механизмдерін жетілдіру, мемлекеттік қызметшілердің әдеп ережелерін сақтауының маңыздылығы және мемлекеттік көрсетілетін қызметтер сапасы мен сыбайлас жемқорлық профилактикасы бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.

Агенттікпен қызу қолға алынған маңызды жобалардың бірі, өңірімізде былтырдан бері жүзеге асырылып келе жатқан «Protecting business and investments» жобасының 2018 жылдың нәтижелері, шетелдік және отандық компанияларың сыбайлас жемқорлыққа қарсы сүйемелдеудің барысы және кәсіпкерлерден келіп түскен өтініштер мен оң шешімін тапқан мәселелер туралы жобалық кеңсенің жауапты маманы, Департаменттің Сыбайлас жемқорлық профилактикасы басқармасының бас маманы Ербол Жұмабай баяндады.

Мәжіліс депутаты Зәуреш Аманжолова депутаттар тобының Маңғыстау өңіріне іс-сапарының мақсаты мен міндеттерін түсіндіріп өтті. Депутат халықпен кездесуде, Агенттіктен және оның аумақтық департаменттері тарапынан, Әдеп жөніндегі кеңес мүшелерінен заң жобасы аясында ұсыныс-пікірлер күтетіндерін айтты.

Жиында сөз алған 1991-1993 жылдарда ҚР Жоғарғы кеңесі төрағасының орынбасары болған, ҚР Парламенті Мәжілісінің экс-депутаты (1997-2004 жылдары), мемлекеттік қызмет ардагері, Әдеп жөніндегі кеңесінің мүшесі Қайролла Ережепов қолданыстағы мемлекеттік сатып алу туралы заңнамаға тұрғындардан түскен ұсыныстарды назардан тыс қалдырмай басшылыққа алу қажеттігі туралы пікірін білдірді.

Мәжіліс депутаты Уәлихан Қайназаров қазіргі қолданыстағы мемлекеттік сатып алулар туралы заңнамадағы өзгерістерге тоқталып, ол заңды қабылдау барысындағы атқарылған жұмыстар туралы тоқталып өтті.

Сондай-ақ жиналғандар мемлекет басшысына енгізілетін Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы ұлттық баяндама жобасының Қазақстандағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының өзекті стратегиялық мақсаттары мен міндеттері, еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына ықпалы және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы заңнаманы жетілдіруі туралы негізгі бағыттарымен танысып, ой талқысына салды. Халық қалаулылары болса өз кезегінде маңғыстаулықтарды Елбасы Жолдауындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағытындағы басымдықтарды жүзеге асыруға қоғамның барлық әлеуметтік топтарымен бірлесіп жұмыс істеуге шақырды.

Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,

«Egemen Qazaqstan»

Маңғыстау облысы