Көңіл қойып қарағанның өзінде мұның көше бұзақыларының ісі әлде өз алдына жеке өнер екенін ажырата алмай қапелімде әрі-сәрі күй кешіп қалатыны бар. Алматы көшелерінде мағынасы мен сапасы әртүрлі мұндай суреттер мен жазулардың көптігі сондай, «стрит-арт» немесе «граффити» деп аталатын бұл кескіндердің мазмұны күннен-күнге жетіліп, тақырып аясы да ауқымды тартып келеді. Ілгеріде әкімдіктегілер көрікті көшенің сиқын қашырғандарды қуалап, айыппұл салып, суретін өшіріп әлек болатын еді, қазір керісінше, ғимараттардың қабырғасы арнайы тапсырыспен әрленеді. Шынында да, арасында көз тоқтатып қарауға тұрарлық суреттер де кездеседі. Мұнымен айналысатындар көрмеге, музейге баруға уақыты жоқ адамдарға өнер туындысын көшеде де тамашалауға болатынын дәлелдеп, көрсеткісі келетіндей.
Дәл орталықтағы, Н.Назарбаев даңғылы мен Құрманғазы көшелерінің қиылысындағы үйдің тұтас бір қабырғасына салынған ер адамның «стрит» бейнесінің өшпей тұрғанына бірталай жылдың жүзі болды. О баста қоғамға, қандай да бір әлеуметтік теңсіздіктерге байланысты қарсылық құралы ретінде пайда болған батыс жастарының әуестігі өнер дәрежесіне дейін өсіп, Алматы көшесінің көркіне айнала бастағаны, осы жолы рас, таңырқатты. «Алманың атасы» деп аталатын белгісіз азаматтың дәл осы жерден алматылықтарға қарап тұруына «ArbatFest»-тің нәтижесі бойынша қала әкімдігі заңды түрде рұқсат беріп отыр. Ендігі жерде түн қараңғысын жамылып, қабырғаға бояу шашып шимайлаудың қажеті жоқ, көшеде туған өнердің көше қалтарысында қалмай, дербес шығармашылыққа дейін өскенін дәлелдейді бұл. Суреттің авторлары – Ресей шеберлері. Ерекше әдіспен салынған сурет бәлкім, әдемі болар, бірақ стритшілер өнерін дәл осылай дамытуды мақсат тұтар болса, онда тұрғын үйлердің қабырғасына сұранып тұрған өзіміздің де тау тұлғаларымыз бен қазақы өрнектеріміз жетерлік-ау. Стритшілер суретін қымбатқа бағалап салғанымен, ол жеңіл қабылданатын өнердің арзан түрі болып есептеледі. Адам танымайтын аты жоқ белгісіздер қаптап, Алматыны арзан сурет басып, алабажақ қалаға айналмаса екен деген қауіптен туған бір ой – осы.
Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,
«Egemen Qazaqstan
АЛМАТЫ