Аталған тәжірибенің зияткерлік мектептерде осымен үшінші жыл өткізіліп отырғанын айта кеткен жөн. Бағдарлама алғаш рет 2017 жылы Қарағандыда басталып, оң нәтиже көрсеткен. Жоба негізінен студенттердің жаратылыстану пәндері бойынша білімін тереңдетуге, теориялық білімді практика жүзінде қолдана білу дағдыларын дамытуға, салыстырмалы ойлау қабілетін арттыруға арналған. Биыл елімізде MIT студенттерін Астана, Алматы, Шымкент, Қарағанды және Семей қалаларының мектептері қарсы алды.
Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебі директорының сыртқы байланыстар жөніндегі орынбасары Мәди Измайловтың айтуынша, шетелдік студенттер Қазақстанның мәдениеті мен дәстүрін жақынырақ білуі үшін жергілікті отбасыларда тұруды өздеріне мақсат тұтқан. Ежелден қонақжайлығымен танылған отандастарымыз меймандарды құшақ жая қарсы алды.
«Ағымдағы жылдың алғашқы айында Семейдегі физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебіне АҚШ-тың ғана емес, әлемдегі үздік білім ордасының бірі – Массачусетс технология институтынан іс-тәжірибеден өтуге келген Джим Майли Мари Ю Лианг пен Годфри-Игве Стейси Чидера 3 апталық сапарында 11 сынып оқушыларына химия, физика пәндерінен сабақ берді. Бірі – биоинженерия, бірі – көлік құрастыру мамандықтары бойынша білім алып жатқан оларға Қазақстан бейтаныс ел. Алғашқы сапарының өзінде ел мен жер тарихынан, жергілікті халықтың тұрмыс-тіршілігі, өмір сүру дағдысы, салт-дәстүрі жайлы ақпараттарға қаныққан олар қаламыздағы облыстық өлкетану мұражайы мен Невзоровтар отбасы атындағы өнер мұражайларын аралап көрді. Жексенбі күндері қала маңындағы шаңғы базасына барып, алғаш рет шаңғы тебулерінің өзі студенттерге ерекше әсер сыйлады», дейді М.Измайлов.
Массачусетс студенттері сондай-ақ Астананың әсем архитектурасы, Алматы мен Қарағандының көз тартар табиғаты, көне Түркістан қаласының тарихы мен зияткерлік мектеп оқушыларының алғырлығынан алған әсерлерін шынайы жеткізген. Өз ойымен бөліскен Эндрю Сорэнсон бұл өзінің алғашқы алыс сапары екенін айтады. «Мен осы өлкемен танысып, беймәлім Қазақстанды ашып жатырмын. Қазақстан – көпұлтты, тарихы терең, халқы қонақжай, кішіпейіл, ерекше ел», дейді Арқада атқа мініп, шаңғымен сырғанаған қызықты сәттерін еске алып.
Ал Эшли Уонгқа Астана мен қазақтың ұлттық тағамдары қатты ұнаған. «Астанада күн суық болса да, сәулетінің сұлулығы тұла бойыңды жылытып жібереді, зияткерлік мектеп оқушылары үш тілде еркін сөйлеп, америкалық балалармен салыстырғанда жоғары сыныптарда күрделі бағдарламаны еркін игерулері мені таңғалдырды. Балалар көп білгісі келеді», дейді Эшли.
Алматыдағы химия-биология бағытындағы мектепте физикадан дәріс берген Ханна Диль Алматының әсем табиғатына, әсіресе Іле Алатауына ғашық екенін жеткізіп, Байқоңырды көруді армандағанын, сол арманына жеткенін жасырмады.
Қазір әлем жаһандануға бет бұрды. Ақпараттық-технологияның дәуірінде білім саласы да жаңа үдерісті бастан кешуде. Зияткерлік мектептерде қолданысқа енген шетелдік студенттердің елімізде іс-тәжірибеден өтуі болашақ жас мамандарға ғана емес, шәкірттерімізге де пайдалы болып отыр.
Бұл ретте Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 11 сынып оқушысы Темірлан Әмірғазин өткен жылдан бері мектебінде шетелдік студенттердің іс-тәжірибеден өтуі дәстүрге айналғандығын айтады. «Әрине, әр елдің, халықтың өзіндік ұстанымдары, қағидалары бар. Байқағанымыз – америкалықтар адамды тез баурап алатын, жылы жүзді ел екен. Келе сала тіл табысып, бір заманның өкілі болған соң ортақ қызығушылықта еркін пікір алмасып кеттік. Сабақ беру мәнері де өзгеше. Қызықты деректер, түрлі пікірталастар сабақтың жоғары деңгейде өтуіне әсер етті. Майли мен Стейси сабақтан тыс уақытта бізге болашақта қажет болар-ау деген дүниелерден ақпарат беріп, білгендерімен бөлісті. Мектеп жатақханасы тәрбиеленушілерімен түрлі ойындар өткізіп, білім деңгейін көтеруге септесті», дейді Темірлан.
Мирас АСАН,
«Egemen Qazaqstan»