Интеллектуалдық қабілеті жоғары балаларды 12-13 жылдық лицей, гимназия және арнаулы мамандандырылған оқу орындары арқылы даярлау әлемдік білім беру тәжірибесінде бұрыннан бар үрдіс. Ал Қазақстан Президенті «Дарынды балаларға арналған мектептерді мемлекеттік қолдау және дамыту» туралы Жарлығына 1996 жылы қол қойды. Қабілетті балаларға сапалы білім беруді мақсат еткен гимназиялардың бірі – Орал педагогикалық институт жанынан ашылған «Педагогикалық лицей». Бұл 2000-2001 оқу жылынан бастап «Облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп» болып өзгертілді.
Лицейдің өзге гимназиялардан айырмашылығы – білімдік-әдістемелік деңгейі институттың ғылыми-материалдық базасында ұйымдастырылуында. Бұл оқу үрдісі дарынды балаларға білім берудің талабына сәйкес ұйымдастырылуына қолайлы жағдай жасады. Сол кездегі институт ректоры Тұяқбай Рысбеков оқушылардың білім алуына, тұрмыстық жағдайына ыңғайлы болуы үшін институттың бір ғимаратын лицейге босатып берді. Сондай-ақ жоғары оқу орнының ғылыми-әдістемелік, материалдық базасын студенттермен бірдей пайдалануына мүмкіндік жасады. Лицейдің үздік көрсеткіштерге жетуіне М.Өтемісов атындағы БҚМУ-дың ғалымдары, әдіскерлері, оқытушылары ерекше үлес қосты.
Дарын – өте күрделі құбылыс. Ол туралы ғылыми теориялық түсініктер де әртүрлі. Біз тәжірибеміз бойынша дарынды – балаға білім алуда ғылымның түрлі саласында жоғары жетістікке жетуіне көмектесетін қабілет бағытында алдық. Осы негізге сүйеніп, баланың ақыл-ой жағынан дамуына барынша тиімді жағдай жасай отырып, оларды интеллектуал мамандықтарға даярлауда жалпы білім сапасын көтеруге, нақты бейінді кәсіби бағдарлы білім беруге ерекше мән бердік.
Дарынды балалар мектебінде бірыңғай білім-тәрбие жүйесі әлемдік және отандық озық тәжірибелерге сүйене отырып жүзеге асуда. Осы кезге дейін лицей түлектері университеттерге тек грант негізінде қабылданып келді. «Болашақ» бағдарламасы бойынша 100-ден астам түлек әлемдік деңгейде білім алып, ғылым кеңістігіне еркін енуде. Біз бірыңғай бейінді білім беру ісінде жекелеген пәндерді тереңдетіп оқытатын англо-саксондық жүйені және әр оқушының шығармашылық қабілетін дамыту бағытындағы финляндиялық жүйені пайдаланамыз. Бұл бағыттар әлемде ғана емес, біздің жағдайымызда да ерекше тиімділігін көрсетті. Оқыту үдерісін әр оқушының қабілет мүмкіндігіне қарай жүргізе отырып, бірыңғай бейінді білім беру моделін жүзеге асыруға қолайлы болды. Ол шағын топтар арқылы әр оқушыны даралап таңдаған бағдарына қарай тереңдетіп бейінді білім беруге мүмкіндік берді. Екіншіден, Франция, Германия, Қытай елдеріндегі таңдау және міндетті пәндердегі сабақты 80-90 минут ұзақтықта өткізу қолға алынды. Үшіншіден, білім стандартын оқушылардың жүйелі, тұрақты меңгеруін қамтамасыз ететін жапондық білімді бақылаудың мониторингтік әдістеріне ерекше мән берілді. Бұл оқушылардың білім алу, мұғалімдердің білім беру үдерісінің деңгейін күнделікті, тоқсандық, жылдық бақылау арқылы жоғары тиімділігін көрсеткен инновациялық тәсілдің бірі болды.
Дарынды балалар мектебінің ең басты жетістігі − «Болашақ» бағдарламасы бойынша 150-ден астам лицей түлегінің білім алуы. Олардың үлкен шоғыры, бағдарлама алғаш қолға алынған кезде-ақ Ұлыбританияда (Гүлім Нұрабаева, Гүлжан Ашығалиева, Альфия Ермұқашева, Арайлым Нұрабай, Марлен Мендібаев), Америкада (Үміт Қажығалиева, Алтынгүл Тұралиева, Әсел Есенгелдиева), Малайзияда (Анаргүл Иманғалиева, Арман Мырзаболатов, Лунара Батырханова, Жанар Даулетова), Қытайда (Азамат Бисенов, Айжан Қуанышқалиева, Лаура Өтемісова), Түркияда (Жандос Шолақов, Талғат Шумиев) білім алды. Олардың қатарында, сол университеттерде оқып жүріп әртүрлі халықаралық деңгейдегі конкурстардың жүлдегерлері болған Д.Иманғалиев, Ә.Салимова, Б.Мұратов, Ә.Ақанова, А.Бекесова, А.Кушаев, Д.Молдашева сияқты түлектеріміз бар. Солардың бірі – Дархан Иманғалиев 2007 жылы мектепті «Алтын белгімен» бітіріп, ҚБТУ-дың «Ақпараттық технология» факультетіне түсті. Президент стипендиясының иегері атанып, университетті үздік дипломмен тәмамдады. Кейін «Болашақ» бағдарламасы бойынша Ұлыбританияның Манчестер университетінде оқып жүріп, «Codejam» бағдарламасы бойынша Испания, Қытай, Италия, Ұлыбритания, Жапония студенттері қатысқан халықаралық жарыста жеңімпаз атанды.
Бұдан еліміздің бір өңірінің өзінен-ақ өркениетті елдердің жастарымен интеллектуалдық қабілеті мен білімі деңгейлес жастар бар екенін көре аламыз. Сонымен қатар М.В.Ломоносов атындағы ММУ жанындағы А.Н.Колмогоров физика-математика мектебін аяқтаған 20-ға жуық оқушымыз Ресейдің Ломоносов, Губкин, Бауман атындағы университеттерінде білім алды. Сондай-ақ еліміздегі Назарбаев университетінде, Қазақ-Британ техникалық университетінде, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде, Сәтбаев атындағы Қазақ Ұлттық техникалық университетінде және Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінде білім алып, үздік тәмамдауда.
Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында «...аса білімді адам ғана, табысты болудың басты факторына айналады» деген болатын. Елімізде рухани жаңғыруға қатысты мәдени шаралар жүзеге асырылғанымен, білім саласы бойынша нақты жобалар қолға алынбай келеді. Интелектуалдық мамандықтарға дайындайтын жаңа типті инновациялық мектептер ғылыми орталықтармен, университеттермен тікелей жұмыс істеуі қажет. Нәтижесінде дарынды жастар ғылымға, әлемдік деңгейдегі іргелі университеттерде білім алуға жастайынан бейімделеді. Мысалы Ресейдің Мәскеу, Санкт-Петербург, Новосібір секілді ірі қалаларындағы университеттер жанында өздеріне талапкер дайындайтын бірнеше интелектуалдық мектеп бар. Айталық бір ғана М.В.Ломоносов атындағы ММУ жанында А.Н.Колмогоров мектебі бүкіл бір университеттің ғылыми-әдістемелік базасын өзіне оңтайлы пайдаланып отыр.
Еліміздегі университеттер шетел оқу орындарымен байланыс орнатқанын алға тартады. Бірақ өз оқу орындарына сапалы талапкер дайындайтын жаңа типті мектептермен байланысы жоқ. Әсіресе педагогикалық мамандыққа түсетін талапкердің білім сапасының жоғары болуы – көкейкесті мәселе. Қазір арнаулы мектептерде ғана емес, жалпы білім беретін мектептердің өзінде сауатты мұғалім азайып барады. Жыл санап бұл мәселе күрделене түсуде. Егер университеттердің базасында педагогикалық бағдардағы бейінді, жаңа типті инновациялық мектептер жұмыс істесе, мұғалімдік мамандыққа сапалы кадр даярлау жүйелі жолға қойылар еді.
Қолда бар әлемдік және отандық инновациялық тәжірибелерді қолдану арқылы білімді де тәрбиелі ұрпақ қалыптастыруымыз керек. Елбасы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында да білім мәселесінде бірнеше мәселеге жеке-жеке тоқталды. Әсіресе Елбасының «Назарбаев зияткерлік мектептерінің оқыту жүйесі мен әдістемесі мемлекеттік мектептер үшін бірыңғай стандарт болуға тиіс. Бұл мектеп білімін реформалаудың қорытынды кезеңі болады» деген тапсырмасы бағанадан бері айтып отырған интеллектуалдық қабілеті жоғары балаларды даярлаудың озық үлгісі елімізде қолға алынғанын көрсетеді.
Нәсіпқали ДӘУЛЕТОВ,
педагогика ғылымдарының кандидаты, «Құрмет» орденінің иегері
Батыс Қазақстан облысы