Қазақ тарихының алғашқы сүрлеуін салушылардың бірі һәм Алаш ардагері Мұхаметжан Тынышпаевтың дерегінде бұл шайқас 1721-1723 жылдардағы сұрапыл апат «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» оқиғасынан кейін, нақты 1730 жылы болғаны жайлы айтылып, майдан даласы Балқаш көлінің оңтүстік-шығыс жағында 120 шақырым жерде, ол жер ел арасында «Итішпес» деген атпен мәлім деп жазады.
Жоғарыдағы Алаш оқымыстысының пайымы негізінде шайқас орнын нақтылаған кейінгі зерттеушілер оны – Балқаш көлі, Отар даласы, Шу өзені аралығындағы адырлы алқап деп отыр. Өйткені бұл жерде қазақ-қалмақ қорымдары өте көп және нысан КСРО Бас штабының 1942 жылғы құпия картасында «маңызды нүкте» ретінде көрсетілген.
1997 жылы еліміздің Мемлекеттік хатшысы Ә.Кекілбаев және академик-тарихшы М.Қозыбаевтың бастамасымен соғыс болған алқапқа зерттеу жүргізген «Аңырақай» экспедициясы майдан аумағының ұзындығы – 30-35, ені – 20 шақырым деген тоқтам жасап, шайқасқа екі тараптан 70 мыңға жуық адам қатысқаны жайлы анықтама берген.
Бар қазақтың басы қосылған осы бір шешуші шайқасқа Әбілқайыр хан қолбасшылық жасап, ардагерлер Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Шақшақ Жәнібек, Шапырашты Наурызбай және әйгілі жыраулар Ақтамберді, Үмбетейлер қатысқандықтан бұл орын қазір жалпыұлттық маңызға ие құнды нысан ретінде тіркеліп отыр.
Жаңа ғасырдың алғашқы жылы «Аңырақай» шайқасына 270 жыл толуына орай Алматы облысы әкімдігі жергілікті зиялы қауым өкілдерінің қатысуы мен майдан өткен орынға арнайы тасбелгі орнатып (суретте), кейінгі ұрпаққа естелік қалдырды.
Дайындаған Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,
«Egemen Qazaqstan»