Қазақстан • 06 Ақпан, 2019

Қайғыны бөліссе - азаяды

724 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Астананың Сарыарқа ауданына қарасты Көктал-1 шағын ауданындағы жер үйде болған өрттен қаза тапқан бес бүлдіршін мұсылмандық жолмен жер қойнына тапсырылды. Бес бірдей бейкүнә сәбиді бақиға шығарып салу барша қазақстандыққа, қазақ қоғамына оңай тиген жоқ.

Қайғыны бөліссе - азаяды

Жұртшылық бір-бірін жұбата жүріп көз жұмған сәбилер үшін Алладан дұға тілеп, олардың ата-анасына, ағайын-туыстарына көңіл айтып, сабырлы болуға ша­қы­руда, қолдарынан келген кө­мегін ұсынып, өздерінің шы­найы ниеттерін білдіруде. Қара­лы отбасына Мемлекет басшысы Н.Назарбаев көңіл айтты. Сон­дай-ақ Үкімет мүшелері, депутат­тар мен орталық мемлекеттік орган­дар­дың, саяси партиялардың, аза­мат­тық қоғамның өкілдерінен бастап қарапайым жұртшылыққа дейін көңіл айтуда. 

Парламент Сенатының төрағасы Қ.Тоқаев өзінің Туиттердегі парақ­ша­сында: «Астанадағы өрттің сал­дарынан бес баланың қаза бол­ғаны туралы қаралы хабар қабыр­ғамды қайыстырды. Бұл на­ғыз қасірет. Қаза болғандардың туыс­тарына қайғырып көңіл айтамын» дей келе, бұл оқиға тиісті мем­лекеттік ор­ган­дарға және жалпы қоғамы­мыз­ғ­а сабақ болуы тиістігін атап көрсетті. 

Ал «Нұр Отан» партиясы Төр­аға­сының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев: «Расымен, бес бірдей бүлдіршіннің қапыда қаза болуы тұтас халықтың қабыр­ға­сын қайыстырып жіберді. Өкі­ніш­тен өзегіміз өртенеді. Бірақ амал жоқ. Енді осындай қасі­рет­тің қайталанбауы үшін әрекет етуі­міз керек, – деп жазды Фейсбук әлеу­­меттік желісінде. – Бұл жайт қоғам­дағы кейбір өзекті мәсе­лелер­дің кезек күттірмей шешуді қажет ететінін көрсетіп берді. Шын мәнінде, көп балалы отбасыларға жүйелі қолдау көрсету, жұмыс істейтін аналарға лайықты жағдай жасау және балалар құқығын қорғау мәселесінде әлі де болса жетіл­діретін тұстардың бар екені сөзсіз. Сондықтан да халықтың жәрдемақы, баспана мәселесіне қатысты айтып, жазып жатқан сөздері орынды. Осыған орай «Нұр Отан» партиясы бұл бағыттарда нақты ұсыныстар дайындауда. Алдағы уақытта сол бойынша Үкіметпен бірлесіп жұмыс істеп, жағдайдың жақсаруына өзіміздің үлесімізді қосамыз деп сенемін. Сонымен бірге партия жанынан Балалар құқығын қорғау жөніндегі кеңес құру туралы шешім қабылданғанын жеткізгім келеді. Осы бағытта да бүкіл қоғам болып жұмылып, өскелең ұрпақ­тың жарқын болашағы жолында бірлесіп жұмыс істейік».

Әрине, «тас түскен жеріне ауыр». Сондықтан көз жұмған сәбилердің ата-анасының қандай күй кешкенін сөзбен айтып жеткізу қиын. Оны бәріміз түсінеміз.

Қабырғаны қайыстырып, жас өскіндерді жалмап кеткен бұл оқиға Астанада болғандықтан, қала әкімі Бақыт Сұлтанов Үкімет отырысында бақытсыздыққа душар болған отбасына жан-жақты қолдау мен көмек жасалатынын мәлімдеді. 

– Бүгінде Астана қаласы әкімдігі тарапынан тиісті барлық жәрдем берілуде. Арнайы комиссия құрылды. Қазір ата-аналарымен де жұмыс істеп жатырмыз. Одан әрі қандай жәрдем көрсетілетіндігі келесі шараларда шешімін табады. Жан-жақты көмек көрсетіледі, – деді қала әкімі. Оның айтуынша, осы іспеттес жағдайлардың алдын алу үшін аудан әкімдеріне, төтенше жағдайлар департаментінің, полиция департаментінің басшыларына бірлесіп түнгі рейд жүргізу жұмыстары тапсырылды. Ал күндізгі барлық от жағып отырған жер үй­лер мен нысандардағы тұрғындарға өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау түсіндіріліп, тексеру жүргізу жұмыс­тары жалғасады. 

Айта кетейік, Астана қаласы Көктал-1 шағын ауданы Шыңғыстау көше­сінде болған өрттен қаза тапқан бүлдіршіндердің үлкені 13-те, ал ең кішісі үш айлық болған. Қаза болған балалардың әкесі Техникалық қызмет көрсету стансасында істейді екен. Түнде жұмыс берушісі оны шұғыл істермен жұмыс орнына шақыр­тып алған. Ал полиэтилен кәсіп­орын­дары­ның бірінде істейтін анасы түнгі ауысымда болыпты. Өртенген үй ба­лалардың анасының үлкен апасы­на тиесілі көрінеді. Өрттің шығу себеп­тері анықталуда.

«Қайғыны бөліссе азаяды» деген халқымыз осы күндері бір кісідей ынтымақ танытып, қара жамылған отбасына рухани қолдаудан бөлек, материалдық көмек ұйымдастыруға да жұмыла кірісіп жатқанын атап өту керек. Мысалы, ҚМДБ төраға­сы­ның бірінші орынбасары, наиб мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Астана­дағы «Әзірет Сұлтан» мешітінің ұйымдастыруымен жиналып жатқан қаражатқа баспана алып берілетінін айтты. Бұдан бөлек, түрлі деңгейлі мекемелерден, мешіттерден, жекелеген азаматтардан бес бүлдіршіннің ата-анасының есеп-шотына қаржы салып жатқан, бір күндік еңбекақы­сын аударуға асыққан азаматтардың қара­сы қалың. Осы ретте «Egemen Qazaqstan» газетінің ұжымы да қара жамыл­ған отбасының қайғысына ортақ­тасып, көңіл айтады және бір күн­дік жалақыларын есеп-шотына аударады. Жаратушы иеміз күнәсіз бал­­дырғандардың алдарынан жарыл­қасын, ата-анасына сабыр берсін.

Жолдыбай БАЗАР,

«Egemen Qazaqstan»