Ал Елбасының сөзі бойымызға жігер беріп, патриоттық сезімімізді ұштады. Біздің Қазақстанның болашағын қалайтын азаматтар екендігімізді тағы бір мәрте терең сезінуімізге жол ашты. Елбасы биылғы жылды – Жастар жылы деп жариялауы тегіннен-тегін емес. Бұл бізге берілген үлкен мүмкіндік. Біз тәуелсіз елдің ұрпағы Елбасының салиқалы саясатын жүзеге асыру арқылы жастардың қолынан не келетінін дүниежүзіне танытуымыз керек. Олардың қолынан қандай іс келетінін сөзбен емес, іспен дәлелдеуіміз қажет.
Елбасы бүгінгі жастарға қарата айтқан сөзінде де еліміздің көрікті жерлерінің бәрін аралағанын, әсіресе Алматы облысында мақтан тұтарлық жеріміздің көп екендігін атап өтті. Бізде Шарын шатқалы, Алтынемел сынды өзгелерге мақтанышпен көрсететін табиғи байлығымыз жетерлік. Соны қолжетімді етіп, туризмді дамыта білсек, еліміздің абыройы бұдан бетер арта түседі деп ойлаймын. Сондай-ақ Елбасы жастарды сапалы білім алып, ғылымды дамытуға, өркениет көшінен қалмай уақыт талабына сай адымдауға шақырды. Жас ғалымдарды қолдау мақсатында бөлінетін грант көлемін екі есе арттыруды тапсырды. Бұл бізге үлкен серпін берді.
Дамир ДИГАЙ,
І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университеті ғылыми жаңалықтарды
коммерцияландыру
орталығының директоры
ТАЛДЫҚОРҒАН