Президент • 06 Ақпан, 2019

Нұрсұлтан Назарбаев Елшілерден сенім грамотасын қабылдады

705 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін Ақордада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бірқатар шетел Елшісінен сенім грамотасын қабылдады. Бұл туралы ҚазАқпарат ХАА хабарлады. 

Нұрсұлтан Назарбаев Елшілерден сенім грамотасын қабылдады

Атап айтқанда, Мемлекет басшысына Вьетнам Социалистік Республикасының Елшісі Нгуен Тхи Хонг Оань, Хорватия Республикасының Елшісі Рефик Шабанович, Жапония Елшісі Тацухико Касаи, Чех Республикасының Елшісі Рудольф Гикл, Тәжікстан Республикасының Елшісі Хайрулло Ибодзода сенім грамотасын табыстады.

«Бүгін сенім грамоталарын тапсыруға арналған салтанатты рәсімге қош келдіңіздер. Баршаңызды Қазақстандағы дипломатиялық қызметтеріңіздің басталуымен шын жүрегіммен құттықтаймын. Сіздердің қызметтеріңіз Қазақстандағы маңызды реформалардың жүзеге асырылу кезеңімен тұспа-тұс келіп отыр. Біздің 2050 жылға дейінгі бағдарламамызды орындау үшін жаппай жұмыс істеп жатырмыз. Біз Тәуелсіз ел болдық. Енді біздің мақсатымыз - әлемдегі озық дамыған 30 елдің қатарына қосылу» деді Елшілерге сөз арнаған Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы Қазақстанның келешегі заманауи технологияны жете меңгерген өскелең ұрпақтың қолында екендігін баса айтты. «Біз сауатты, бүгінгі заманға сай ұрпақ тәрбиеледік. Осындай жас буын өкілдерін қолдау мақсатымен биылғы жыл Қазақстанда Жастар жылы деп жарияланды. Бұл бастаманың аясында оларды сапалы біліммен, жұмыспен, баспанамен қамтамасыз ету шаралары қолға алынды. Сонымен қатар жастардың бәсекеге қабілетті азамат болып қалыптасуына жол ашамыз» деді Елбасы.

ҚР Президенті халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартып, кәсіпкерлікті дамыту үшін бірқатар мемлекеттік бағдарламалар қабылданғанын атап өтті. Соның нәтижесінде Doing Business-тің рейтингінде Қазақстан 190 елдің ішінде 28 орынға ие болды.

«Ел экономикасын одан ары дамыту үшін шетел инвестициясын тарту маңызды міндет саналады. Тәуелсіздік жылдарының ішінде біздің жүргізген саясатымыздың арқасында елімізге жүздеген млрд доллар тікелей инвестиция келді. Ол біздің экономикамызды көтеруге өзінің септігін тигізді. Сыртқы істер министрлігінің құзіреті қазіргі уақытта кеңейіп, оған шетелдік инвестиция тарту, жаңа экспорттық бағыттарды айқындау мәселелері жүктелді. Сіздерді Қазақстандағы әріптестеріңізбен бірлесіп, аталған бағыттарда өзара іс-қимылды жандандыруға шақырамын» деді Нұрсұлтан Назарбаев.