06 Ақпан, 2019

Индустрияландыру саласында 20 мың тұрақты жұмыс орны ашылмақ

722 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

 

Өткен жылы Қазақстанның өнеркәсіп өндірісінің көлемі 4,1 пайызға өсті. Оның ішінде тау-кен секторы 4,6 пайызға және өңдеуші өнеркәсіпт 4 пайызға өсім көрсеткен. Бұл туралы бүгін Үкіметтің баспасөз орталығында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Жеңіс Қасымбек баяндады. Оның айтуынша, негізгі драйверлер-машина жасау (өсім 14,1%), химия өнеркәсібі (8,1%), мұнай өңдеу (8,1%), жеңіл өнеркәсіп (4,4%) және мұнай мен газ өндіру (4,8%) салалары.

Индустрияландыру саласында 20 мың тұрақты жұмыс орны ашылмақ

−2018-ші жылдың қорытындысы бойынша өңдеуші өнеркәсіпте жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың саны 14,7 мыңға жетті. Жалпы алғанда өнеркәсіп бойынша еңбек өнімділігі 3,5%-ке, негізгі капиталдағы инвестициялар –27%-ке (2018 жылдың 12 айында – 6,6 трлн. теңге) өсті. Индустрияландыру бағдарламасын іске асыру кезеңінде жалпы құны 7,9 трлн теңге болатын 1 250-ден астам жоба іске қосылып, 120 мың тұрақты жұмыс орны құрылды. Сонымен қатар өткен жылы құны 1,3 трлн теңге болатын 100 жоба іске қосылып, 13 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны құрылды. Ал биыл жалпы сомасы 1,1 трлн теңге болатын 120-ға жуық жобаны іске қосу жоспарланып отыр. Бұл жобалар бойынша 20 мың тұрақты жұмыс орны құрылады, - деді Жеңіс Қасымбек.

Министрдің айтуынша, былтыр Қазақстан территориясы арқылы көліктің барлық түрімен тасымалданған жүк транзитінің жалпы көлемі 6 пайызға өсіп, 19,2 млн тоннаны құрады. Экономика дамуындағы негізгі салалар алдағы жылы да жоспарға сай қарқынмен дамиды деп күтілуде.  

Еркежан АЙТҚАЗЫ,

«Егемен Қазақстан»