Қазақстан • 06 Ақпан, 2019

«Qazaq Epos» ағарту жобасы «Тұлпар мініп, ту алған!» республикалық байқауының ережесі

6509 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
«Qazaq Epos» ағарту жобасы «Тұлпар мініп, ту алған!» республикалық байқауының ережесі

1. Жалпы ереже

1.1. «Qazaq Epos» ағарту жобасы «Тұлпар мініп, ту алған!» байқауы (бұдан әрі — Байқау) Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» мақалаларында жүктелген міндеттерді жүзеге асыру мақсатында ұйымдастырылады.

1.2. Байқау республика көлемінде өткізіледі.

1.3. Байқауға оқыту тіліне қарамастан, мемлекеттік және мемлекеттік емес жалпы орта білім беретін мектептердің, лицейлердің, гимназиялардың және жалпы білім беретін ұйымдардың 6-10 сыныптарының оқушылары қатыса алады. Әр мектептен кем дегенде 10 оқушы (6-шы сыныптан 2 оқушы, 7-ші сыныптан 2 оқушы, 8-ші сыныптан 2 оқушы, 9-шы сыныптан 2 оқушы, 10-шы сыныптан 2 оқушы) және оқушыларды дайындайтын 5 мұғалім қатысады (Әр мұғалім 2 оқушыдан артық дайындай алмайды). 

1.4. Байқау – қазақ халқының батырлық эпостарын жатқа айту бойынша өтеді. Байқау аясында қатысушыларға «Қобыланды батыр» жырын жатқа айту, жырда кездесетін көнерген сөздердің мән-мағынасын түсіндіру, қазақ әдебиеті пәнінің оқу бағдарламасы негізінде әзірленген сұрақтарға жауап беру тапсырылады.

1.5. Осы ереже байқау шаралары аяқталғанға дейін қолданыс күшін жоймайды.

1.6. Қосымша ақпараттар мен «Қобыланды батыр» жырының электронды нұсқасы www.qazaqepos.com ресми сайтында жарияланады.

2.  Байқаудың мақсаты мен міндеттері:

- балалар арасында кітап оқуды және қазақ халқының батырлық эпостарын насихаттау;

- өскелең ұрпақтың шығармашылық және зияткерлік қабілетін дамытуға жағдай жасау;

- балаларды халық поэзиясына, қазақ халқының рухани асыл мұрасына деген сүйіспеншілікке және патриотизмге тәрбиелеу, елдік пен ерлік рухын, намысқой, қайсарлық қасиеттерге баулу;

- балалардың әдебиетке, көркем әдебиетке деген сүйіспеншілігін ояту;

- дарынды балаларды анықтап, оларға қолдау көрсету;

- өнерлі жастарды халық арасында таныту;

- қазақ тілі және әдебиеті пәні мұғалімдерінің беделін көтеру.

3. Ұйымдастыру комитетінің қызметі

3.1. Байқауды Ақпарат және коммуникациялар, Білім және ғылым министрліктері, Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен Облыстық әкімдіктердің және «Хабар» агенттігінің қолдауымен «Qazaq Epos» қоғамдық қоры жүзеге асырады. Ұйымдастыру  комитетінің құрамына жергілікті атқарушы орган және «Qazaq Epos» қоғамдық қорының өкілдері кіреді.

3.2. Ұйымдастыру комитеті өкілеттілігі:

- Байқаудың өткізілу шарттары мен ережесін бекітеді;

- Қазақстан Республикасының қоғам және мемлекет қайраткерлері мен ғалым-әдебиетшілерден тұратын байқаудың қазылар алқасын бекітеді; 

- Қазылар алқасының жұмысын үйлестіреді;

- Қатысушыларға аудандық, облыстық кезеңдерде ұсынылатын сұрақтарды әзірлейді.

4. Байқауды өткізу кезеңдері, тәртібі мен шарттары:

4.1. Байқау 2 іріктеу, 1 ақтық кезеңнен тұрады:

- аудандық кезең (2019 жылдың 22-28 сәуір аралығында);

- облыстық кезең (2019 жылдың 29 сәуір – 23 мамыр аралығында);

- республикалық ақтық кезең (2019 жылдың 1-5 шілде аралығы. Өткізілу орны — Астана қаласы. Телевизиялық жоба).

4.2. Аудандық І-іріктеу кезең. Жергілікті білім басқармасының өкілдері Ұйымдастыру комитетіне 2019 жылдың 20 ақпанына дейін қатысушылардың тізімін береді.

Тізімде келесі ақпарат көрсетілу керек.

Қатысушы мектеп оқушысы:

- қатысушының толық аты-жөні (қатысушының фотосы);

- елді мекен (облыс/қала/аудан/ауыл);

- мектебі, оқитын сыныбы;

- оқушыны дайындаған мұғалімнің аты-жөні;

- байланыс телефоны, e-mail.

Қатысушы мектеп оқушыларды дайындайтын мұға­лімдер:

- мұғалімнің толық аты-жөні (мұғалімнің фотосы);

- елді мекен (облыс/қала/аудан/ауыл);

- мектебі;

- дайындаған оқушыларының аты-жөні;

- байланыс телефоны, e-mail.

Жоғарыда көрсетілген ақпарат qazaqepos@gmail.com электронды поштасына жіберілуі қажет.

4.2.1. Аудандық байқауға қатысушылар Марабай жырау нұсқасындағы «Қобыланды батыр» жырын жатқа айту бойынша жарысады. 

Аудандық байқау 3 кезең бойынша өрбиді:

1) жыр айтудан сайыс;

2) сұрақ-жауап (жыр ішіндегі жекелеген оқиғалар мен жер-су атауларына қатысты сұрақтар);

3) жырдың ішіндегі көнерген, тарихи сөздердің мағынасын ашу, түсіндіру.

Аудандық байқауға қатысушылар Марабай жырау нұсқасындағы «Қобыланды батыр» жырын жатқа айту бойынша жарысады.

4.2.2. Аудандық кезеңде жүлделі үш орынға ие болған 3 оқушыға облыстық Байқауға қатысуға жолдама беріледі.

4.3. Облыстық және Астана, Алматы, Шымкент қалалары бойынша ІІ-іріктеу кезеңі. 

4.3.1. Облыстық және Астана, Алматы, Шымкент қалаларындағы байқауға қатысушылар Марабай жырау нұсқасындағы «Қобыланды батыр» жырын жатқа айту бойынша жарысады.

Облыстық және Астана, Алматы, Шымкент қалала­рындағы байқау 3 кезеңнен тұрады:

1) Сахнаға шығу реті жеребе арқылы алдын ала  анықталып, сахнаға екі қатысушыдан шығарылады. Қазы­лар алқасы жас жыршыны кез келген сәтте тоқтат­қанда, келесі қатысушы жырды әрі қарай жалғастыра жөнелуге дайын болуы керек немесе қазылар алқасы жыр ішіндегі оқиғалар желісі бойынша жалғастыруды ұсынуға құқылы (талап еткен жағдайда сол жерден жалғастыруы тиіс);

2) Қатысушыларға сұрақ билет түрінде беріледі, әр билетте екі сұрақтан болады (6-10 сыныптың қазақ әдебиеті оқулығы бойынша әзірленеді).

3) Жырдағы тұрақты сөз тіркестерін, қанатты сөздерді, теңеулерді анықтап, мағынасын ашу (сұрақтар қазылар алқасы тарапынан қойылады).

Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен облыстарда жеңімпаз атанған оқушылар республикалық ақтық кезеңге қатысуға жолдама алады.

4.3.2. Байқаудың ережесі және сұрақтар алдын ала «Egemen Qazaqstan» газетінде жарияланады. Алайда билетте сұрақтардың берілу формасы өзгергенімен маз­мұны сақталады.

5. Бағалау критерийлері:

5.1. Қатысушылардың өнері 10 балдық жүйемен бағаланады.

5.2. Қатысушының шығарманы оқу мәнеріне және артистік шеберлігіне назар аударылады, яғни батырлар жырын нақышына келтіріп, төгілтіп жырлауы ескеріледі. Жырды айту барысында қатысушы мүдірсе, не ұмытып қалса байқаудан шығарылады, ал жеңгені келесі кезеңге өтеді. 

5.3. Қазылар алқасы оқушының білімін тексеру үшін қосымша сұрақтар қойып, дауыс беру арқылы жеңімпаздарды анықтайды.

6. Қазылар алқасы туралы:

6.1. Байқауға қатысушылардың өнерін бағалау үшін қазылар алқасы құрылады.

6.2. Қазылар алқасының шешімі түбегейлі болып табылады және қайта қаралмайды.

6.3. Қазылар алқасы қатысушылардың әрбір мүдіргенін қалт жібермей, белгілеп отыруы тиіс.

6.4. Қазылар алқасының шешімі хаттама түрінде рәсімделеді және оған барлық мүшелері қол қояды. Дауыс­тар саны тең түскен жағдайда қазылар алқасының төрағасы шешуші дауысқа ие болады.

7. Марапаттау

7.1. Аудандық кезеңде 1, 2, 3 орын алған жеңімпаздар байқаудың облыстық кезеңіне өтеді. Ал жеңімпаз оқушы­лардың мұғалімдері Білім және ғылым министрінің арнайы дипломымен марапатталады.

Аудандық кезеңнің жеңімпаз оқушылары ақшалай сыйақымен марапатталады.

І орын – 150 000 (жүз елу мың) теңге;

ІІ орын – 100 (жүз мың) теңге;

ІІІ орын – 50 (елу мың) теңге;

7.2. Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен облыс­тарда 1-орын иеленген жеңімпаздар  (17 оқушы) респуб­ликалық байқауға жолдама алады.

7.3. Республикалық ақтық байқаудың ережесі, талаптары мен шарттары алғашқы 2 іріктеу кезеңі аяқталған соң жарияланатын болады. Облыстық байқаудың жеңім­паздары келесідей ақшалай сыйақымен марапатталатын болады:

Оқушылар үшін:

І орын (біреу) – 1 000 000 (бір миллион) теңге;

ІІ орын (біреу) – 600 000 (алты жүз мың) теңге;

ІІІ орын (біреу) – 300 000 (үш жүз мың) теңге.

Ұстаздар  үшін:

І орын (біреу) – 2 000 000 (екі миллион) теңге;

ІІ орын (біреу) – 1 200 000 (бір миллион екі жүз мың) теңге;

ІІІ орын (біреу) – 600 000 (алты жүз мың) теңге.

Байқау ережесіне өзгерістер енгізілсе қосымша хабарланады.

Ұйымдастыру комитетінің мекенжайы:

010000, Астана қаласы, Қ.Сәтбаев көш., 8. 4-қабат, 400-кабинет 

Тел.: 8 701 782 62 22, e-mail: qazaqepos@gmail.com