06 Ақпан, 2019

Тұран мемлекеттік өңірлік табиғи паркін ашу жоспарлануда

570 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

 

Қоршаған ортаға қауіп төндіру секілді заңбұзушылықтарға баратындардың әрекеттері тыйылмай тұр. Түркістан өңірінде өткен жылы орман күзеті қызметкерлерімен жүргізілген 895 рейдтің нәтижесінде 251 заң бұзушылық фактісі тіркелген. Оның 33-і аң аулау ережесін бұзу, 48-і заңсыз ағаш кесу болса, 170-і басқа да заң бұзушылықтар.

Тұран мемлекеттік өңірлік табиғи паркін ашу жоспарлануда

Түркістан облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Ілияс Құрамысовтың мәлімдеуінше, заң бұзушылықтар бойынша 4,2 млн теңге әкімшілік айыппұл салынған. Оның 4 млн теңгесі, келтірілген 14 млн теңге залалдың 12 млн теңгесі өндіріліпті. Жануарлар дүниесін күзету бағытында Сырдария өзенінің бойындағы тұқымбақта жартылай еркіндікке жіберілген Бұқар бұғыларының саны былтыр 9 басқа артып, 155-ке жеткен. Олардың 84-і ішкі қоршауда, 71-і еркіндікте жүр. Сондай-ақ өткен жылы Бүкіләлемдік табиғат қорымен (WWF) өңірлік парктен 5 бас бұғы Іле-Балқаш мемлекеттік табиғи резерватына жерсіндірілген.

Басқарманың ұсынысымен Отырар орман шаруашылығының 66 мың гектар аумағында орналасқан Қаратау орманшылығына табиғи-ғылыми негіздеме жасалған. Аталған аумақта ерекше табиғатымызды келешек ұрпаққа жеткізу және сирек кездесетін аң-құстарды қорғау, күзету мақсатында Тұран мемлекеттік өңірлік табиғи паркін ашу жоспарлануда. Бұл аумақты мекен ететін Қаратау арқары, тас сусары, үнді жайрасы секілді жануарлар да көздің қарашығындай қорғауды қажет етеді.

Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,

«Egemen Qazaqstan»

Түркістан облысы