Сол жолы ресейлік телебағдарлама Адинаның қабілетін тексеру үшін әйгілі «Волшебник Изумрудного города» кітабынан үзінді алып, кейбір сөйлемдерін өзгертіп, өзіндік сынақтарға барғаны есте. Адина мұндай қитұрқы төрт сұрақтың үшеуіне дұрыс жауап берді.
Айтқандай, Адинаны «Таңғажайып адамдар» шоуы шақырар алдында ұйымдастырушылар бір қулыққа барады. Редактор экраннан бір мәтінді көрсете бергенде, байланыс үзіліп қалады. Сосын мәскеуліктер қайта хабарласып, мәтінді қайта көрсетпек болғанда, Адина өзінің оқып үлгергенін айтады. Осы жалғыз жауап елден ерек жеткіншекті әйгілі бағдарламаға бастап апарады.
Әрине, осыдан кейін отандық сайттар бұл қыз туралы жарыса жазды. Алдымен Адина Манатбекова болып танылған дарынды қыз тегін өзгертіп, қазір Нұрланбаева болып жүр. Мұның себебін түсіндіруге аса құлық таныта қоймады.
Сонымен, бір кезде кітап оқуға қызықпайтын кәдімгі Адинаны жылдам оқудан Қазақстан чемпионы дәрежесіне дейін жеткізген анасы – Ардақ.
– 2016 жылы маусымда анам мені Жылдам оқу үйірмесіне жазып қойғанын айтқанда, қарсы болғаным жоқ. Өйткені анама менің кітап оқуға құлықсыздығым ұнамайтын. Кітап оқысам болды, ұйқым келе бастайды. Үйірмеге осы жалқаулығымды жеңу үшін бардым, – дейді сөздері пайымды қыз.
Адинаға ата-аналардың баласын табысқа, білімге жетелеудің классикалық үлгісі деп те қарауға болады.
Ол 3 жасынан бастап анасы «Focus» биге жетелеп апарған бала. Ал 4 жасында фортепианода ойнай бастайды. Өйткені фортепиано да кез келген музыка құралы сияқты үлкен өнерге жетелейтін және бүкіл өміріне арқау болатын жол. Одан кейін 5 жасында шахмат ойнап, ойлау, пайымдау, шешім қабылдау өнеріне машықтанады. Әрине, 6 жасында мектепке барған бүлдіршін өз ортасында суда жүзген балықтай болады.
Осыдан кейін 8 жасында мемлекеттік «Гүлдер» би ансамбліне бірінші сынақтан сүрінбей қабылданады.
Жоғарыдағы үйірменің нәтижесінде жылдам оқудан Қазақстан чемпионы дәрежесіне жеткен жеткіншек 2017-2018 оқу жылында «Қазақстанның 100 дарынды оқушысы» кітабына енді. Адина 2016 жылы минутына 94 мың сөз оқитын болса, қазір минутына 132 мың сөз оқи алады. Ең бастысы, мазмұнын түсініп, есте сақтай алатын қабілетке ие.
Шындығында, дарынды оқушы 1 сағатта тілі жеңіл 500 беттік кітапты оқи алатын қабілеті бар. Өз еркіне салғанда психология, медицина жайлы кітаптарды көбірек оқиды. Мүмкін бұл болашақта дәрігер боламын деген армандарының бастауы болар.
– Жылдам оқу әдісін әртүрлі тәсілдермен меңгеруге болады. Соның бірі - алақанды қойып оқу. Ал маған сканер әдісі ұнайды. Шульте кестесі өте тиімді. Кітапты ирек із, құрбақа секірісі, көлденең жолмен оқуды үйрендім. Жылдам оқуды шындап үйренгісі келген адам үйірмеге бармай-ақ, интернеттен Шульте кестесі арқылы да меңгере алады, – дейді Адина Нұрланбаева.
Қысқасы, редакцияға әжесімен бірге келген әдемі қыз еңбекпен келген ерен талантымен бізді де таңдандырып барып, сабағына жүгіріп кетті. Жылдам оқу дегенде ол мәтінге жолма-жол көз жүгіртпейді, мазмұнын «сканерлеп» қабылдайтын қабілетке ие.
Айнаш ЕСАЛИ,
«Egemen Qazaqstan»
АЛМАТЫ